Балық та баққанға бітеді

Балық шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын уақыт жетті

0 12

Бүгінде балық аулауды сүйікті ісіне балап, демалыс ретінде қабылдайтындар жетіп артылады. Ал оны өсіріп, көбейтушілер өте аз. Тіпті қазіргі уақытта кәсіби балықшыны табу қиын десек те артық емес. Себебі балықшылықты маман ретінде оқытуға деген сұраныс артып отырғанын кәсіби мамандардың өзінен естідік.

Бұл мәселе жуырда облыс әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен өткен жиында жан-жақты қаралған еді.
– Облысымызда балық өсіруге мүмкіндік бар, бірақ неге сұранысты қамти алмай отырмыз? Тіпті осы іске қажетті жұмысшы мамандар да мардымды оқытылып жатқан жоқ. Облысымызда тек 1 колледжде ғана 15 адам оқыған, – деген еді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сол жиында.
Өңір басшысы айтқан он бес-ақ талапкерді оқытқан жалғыз білім мекемесі – Құлан агротехникалық жоғары колледжі. Онда да ол «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен
3 айлық курс ретінде ғана оқытылған.
Құлан агротехникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Райхан Ташыбаева:
– Мемлекеттік бағдарламамен мемлекеттік тапсырыс негізінде 15 талапкерді 3 ай «Балық шаруашылығы» мамандығына оқыттық. Оған облысымыздың барлық аудандарының жастары қатыстырылды. Атап айтсам, білім алуға ниеттілер Т.Рысқұлов, Талас, Жуалы аудандарынан келді. Негізінен жұмыс берушілердің сұранысымен оқытылды десем де болады. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар өздеріне балықшы мамандығы қажет болғандықтан оқытуға жіберді. Мысалы Жуалы ауданындағы осы іспен шұғылданатын азамат балықты күтіп-баптап өсіріп, көбейтіп, одан денсаулыққа пайдалы әрі тіл үйірер түрлі тағамдарды жасай білетін нағыз маман қажет екенін өзі айтты. «Егер 40-50 адам оқытсаңыздар да біз жұмысқа алар едік» деді. Білім алушыларымызды іс-тәжірибеден Құлан, Жуалы, Тараздағы су айдындарында өткіздік. Үшжақты келісімшартпен оқытылған студенттерге шәкіртақы төленіп, тамақпен де қамтылды. «Балық шаруашылығы» мамандығын оқумен қатар, оларға «Балықшы» деген құзыреттілік берілді. Қазір де біздің колледжге тағы да басқа бірқатар ауданнан осы мамандықты оқытуға сұраныс түсіп жатыр, – деді.
Райхан Төлепбергенқызының айтуынша, колледж ұстаздары елді мекендерді аралап, тұрғындар арасында қандай мамандыққа қызығушылық барын зерттегенінде дәл осы кәсіпті үйренуге ниеттілер көптеп кездесіпті. Қазір сол зерттеулердің қорытындысымен 59 талапкерден балық шаруашылығының қыр-сырын меңгеруге сұраныс түскен.
Биыл аталмыш колледжден ашылғалы отырған мамандық туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов:
– Облыста Құлан агротехникалық жоғары колледжінің базасы ауыл шаруашылық саласында жабдықталған. Сондықтан осы оқу орнынан биыл сұраныста болып тұрған «Балық шаруашылығы», «Ара өсіру және жібек шаруашылығы», «Аңшылық және аң өсіру шаруашылығы» мамандықтары жаңадан ашылды. Аталған мамандықтардың жұмыс, оқу жоспарлары құрылып, әлеуметтік серіктестермен бірқатар қажетті келісімдер жасалды. Атап айтсақ, өндірістік тәжірибесін өткізуге «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша «Шәушен» шаруа қожалығымен келісілді. Қажетінше материалдық-техникалық базасы, яғни оқу кабинеттері, оқу әдебиеттері, дидактикалық құралдар, өзге де құрал-жабдықтар жасақталды. Білім беру қызметімен айналысуға рұқсат ететін лицензияға қосымшалары алынды. Еңбек нарығының қажеттілігі негізінде жаңадан ашылған мамандықтарға мамандар дайындау жоспарлануда. «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша 12 орын ашылмақшы, – деді.
Яғни колледж қызметкерлері жүргізген зерттеу көрсеткендей, 59 адамнан түскен сұраныс түгелдей орындалмайтын сыңайлы.

Су айдындары төңірегінде сұрақ көп

Бүгінде облысымыздың аумағында 142 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі бар екен. Солардың ішінде балық шаруашылығымен айналысуға болатын 58 су айдыны қазір бос тұр.
Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, аталмыш шаруашылықтың даму жоспарына сәйкес 2020 жылы күзде басқарманың және инспекцияның қадағалауымен су айдындарында табиғат пайдаланушылар балықтандыру жұмыстарын жүргізген. Сол жұмыс барысында өткен жылы облыс аумағында орналасқан Балқаш көлінің учаскелеріне 149 мың дана, ал жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына 325 мың дана шабақ жіберіліпті.
– Жамбыл облысының балық шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасындағы жоспарларды іске асыру барысында балық өсіру тәлімбақтарының қуаттылығын арттыру қолға алынды. Қазіргі таңда облысымыздың аумағында шабақ өсіретін негізгі «Сандель» шаруа қожалығы және жеке кәсіпкер «А.Чергенов» балық өсіру тәлімбақтары жұмыс жасап тұр.
Алайда облысымызда басты проблеманың бірі судың тұрақсыздығы болып отыр. Былтырғы жылы өңірдің жергілікті маңызы бар 121 балық шаруашылығы су айдынының су тұрақтылығы зерделеніп, соның тек 17-сінде ғана су тұрақты болып шықты. Ал қалған 104 су айдынында егін шаруашылығы қажеттіліктеріне байланысты су деңгейінің төмендеуі байқалды. Бұл өз кезегінде балықтардың қырылу қаупін жоғарылататыны белгілі. Өзендердің бойынан жасанды тоғандар жасауға Қазақстан Республикасының Су кодексіне су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттың болмауы қол байлау болып отыр. Оның үстіне тауарлы балық өсіруге арналған мемлекеттік қолдаулар мен субсидия көлемінің аз болуы балық шаруашылығының оңтайлы шешілуіне кері әсерін тигізуде. Атап айтқанда, биылдың өзінде жем алуға 9 миллион ғана субсидия қарастырылған. Ал 2021 жылға жергілікті бюджеттен қосымша 43 миллион теңге көлемінде субсидияға өтінім берілді. Өңірлік бағдарламада бекітілгендей, 2022 жылға 128 миллион теңге субсидия белгіленген. Алдағы жылдарға 22 жаңа жоба өз жұмысын бастаса, бұл субсидия көлемі өте төмен екені белгілі.
Осы орайда айта кететін мәселе – Мойынқұм ауданы аумағында орналасқан Республикалық маңызы бар Балқаш көлінде тізбеге енгізілген 18 учаскенің 13 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген
5 учаскесі бос. Аталған учаскелердің екеуінде «Компания Мыңарал» ЖШС-на қарасты «Мыңарал» балық өңдеу зауыты орналасқан. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1500 тоннаны құрайды. Онда 2019 жылы 327 тонна балық өнімдері өндірілді. Зауытта көксерке филесі, балық фаршы, мұздатылған балық өнімдерінің түрлері өңделеді. Өнім сырт облыстарға бағытталған. Бірақ қазіргі таңда зауыт шикізаттың жетіспеушілігінен 20 пайыз жүктемемен ғана жұмыс істеп тұр. Мәселені шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бос тұрған 5 учаскені бекіту конкурсын ұйымдастыру жөнінде 4 рет сұраныс хат жолданған болатын. Алайда балық шаруашылығы учаскелерін бекіту платформасын әзірлеу жұмыстары аяқталмауына байланысты бекітілмей отыр, – деген ол істі ілгерілетуге кедергі болып тұрған басты мәселелерді тарқата айтып берді.
Өткен жылы аймақта осы шаруашылықты дамытуға негізделген өңірлік бағдарлама әзірленіп, онда облыс аумағында орналасқан Балқаш көлінің 5 учаскесінің шығанақтарында тор қоршамада балық өсіру жоспарланған. Бірақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаражат қарастырылмаған. Бұл жұмыстарды жүргізуге қомақты қаржы жұмсалатыны атап көрсетіліп, министрлікке бірнеше рет хат та жолданған.
Облыс әкімінің тапсырмасымен тоғандарда интенсивті балық өсіру ісін ілгерілету мақсатында Қордай, Шу, Мойынқұм, Жамбыл және Байзақ аудандары арқылы өтетін Шу, Талас өзенінің бойынан жасанды балық өсіру тоғанын жасауға жарамды 24 жер учаскесі белгіленіпті. Заң аясында Жамбыл ауданында Талас өзені бойынан 5 инвесторға жер беру бойынша жұмыстар ұйымдастырылған. Жер конкурс негізінде берілетін болған.
Форель балығын өсіруге қолайлы өзендерді анықтайтын және резервтік қордағы балық шаруашылығы су айдындарына ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарындағы тау бөктерлеріндегі 17 тау өзендеріне форель өсіруге жарамды учаскелер анықталып, балық өсіру, өндірумен айналысуға ниетті инвесторларға конкурс арқылы бекітіп беру жұмыстарын жүргізу керек болатын. Бірақ бұл аудандарда жұмыс баяу жүріп жатқанға ұқсайды.
Бүгінде басқарма тарапынан инвесторлармен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Шу, Талас өзендері және басқа да өзендердің бойынан жалпы сомасы
2,2 миллиард теңгеге 22 жаңа инвестициялық жоба жұмысы ұйымдастырылып жатқан көрінеді. Оның ішінде өз жұмысын жаңадан бастаған және енді іске қосылатын
3 балық өсіру, өндіру зауыты және 19 балық шаруашылығы бар екен. Атап айтқанда, Меркі ауданы бойынша «Bester Yard» ЖШС форель және бекіре балығын өсіру үшін 2 гектар жер телімін жеке тұлғадан сатып алған. Қазіргі таңда алынған жерді қоршап, кіретін жол, электр жүйесін тарту жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша орнатылатын қондырғыларды қоса есептегенде құны 50 миллион теңгеден тұратын 5 ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жобалық қуаттылығы 100 тонна форель балығын өндіруге бағытталған. Ал Шу ауданында «KazAquaAlliance» ЖШС тұқы тұқымдас балық өсіру зауыты жұмыстарын бастау үшін «Тараз» ӘКК «ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жер алу құжаттарын әзірлеуде. Жоба құны 516 миллион теңгені құрайды. Жылына 550 тонна балық өндіре алады. Және «ESAR 91» ЖШС Қордай ауданының Сортөбе ауылынан құны 1 миллиард теңге болатын форель өсіру, өндіруге арналған жасанды тоғандар салу жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Байзақ ауданында – 4, Жамбыл ауданында – 5, Меркі ауданында – 4, Шу ауданында– 6, Қордай ауданында – 1, Т.Рысқұлов ауданында 2 жаңа жоба өз жұмысын бастау үшін дайындық жүргізуде. Аталған балық шаруашылықтары ешқандай кедергісіз жұмыстарын бастап кететін болса, өнім алу жоспарланған межеден 35-40 пайызға артпақ. Сол арқылы балық бағасы орташа есеппен 10 пайызға төмендейді. Тауар өндірушіден делдалсыз тікелей сату дүкендеріне жеткізіледі. Сонымен қатар бұл 208 жұмыс орнының ашылуына да мүмкіндік бермек.
Байқағанымыздай, балық шаруашылығын меңгерген кәсіби маманға сұраныс алдағы уақытта да артқалы отыр. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген халық мақалын ескерер болсақ, біздің білім беру саласына аталмыш мамандықты оқытуға жете мән берген жөн-ақ.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.