Қоғам

«Банкетке барамын» деп бас ауыртып жүрсіз бе?

Written by Aray2005

Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын арулардың киім іздеп шарқ ұратыны белгілі. Біреулер бір-екі ай бұрын интернеттен тапсырыс беріп жатса, екіншілері дүкен сөрелерінен сәнді көйлек іздеп сабылады. Тігіншілерді жағалайтындар да табылады. Дегенмен жаңажылдық кешке көйлек таңдап үлгермеген қыз-келіншектерге әлі де уақыт бар екендігін ескерте отырып, сән әлеміндегі соңғы жаңалықтармен бөліспекпіз.

Қазір талғам мен таңдауға ерік беріп, жаңажылдық кешке киім таңдау үшін сауда үйлері мен базарға қарай бет алған арулардың қатары қалыңдай түсті. Сондықтан саудагерлер де 2019 жылы қандай түс, қандай киім үлгісі сән әлемінде үстемдік құратынын айқындауда.
«Pantone» түстер институтының мамандары әр желтоқсан сайын келер жылдың ең сәнді түсін анықтайды. Осы жолы олар көпшіліктің пікірін ескере келе, 6 желтоқсан күні Майамида өткен «Art Basel» көркемсурет жәрмеңкесінде доңыз жылы «Маржан түс сәнде болады» деген шешімге келді. Нақтырақ айтсақ, сарының шабдалыға жақын реңіне алтын іспетті ноталар қосылған түс алдағы жылдың трендіне айналмақ.
2019 жылдың иесі– материалдық әлем үшін жайлылық пен махаббатпен сипатталатын доңыз жылы болмақ. Сондықтан дизайнерлер мерекелік кешке жарқыраған, ерекше және қайталанбас көйлек киюге кеңес береді. Оның үстіне доңыз жарқырау мен сән-салтанатты жақсы көреді, сондықтан күміс немесе алтын түстес көйлек таңдасаңыз еш өкінбейсіз. Сондай-ақ тек сары түс емес, бұл жылы қоңырқай түстер кию де сәттілік алып келмек. Егер оны көңілсіз түс деп санасаңыз, табиғаттың ашық түстерін таңдауыңызға да болады. Мәселен, көк теңізге ұқсас, соның ішінде көгілдір, зәйтүн, индиго және ультрамарин немесе құм түстес көйлектер. Жоғарыда аталған киімдерге алтын түстес және табиғи тастардан жасалған әшекей бұйымдар тақсаңыз керемет үйлеседі.
Жаңажылдық киіміңізде жылтыраған мата, металданған жіп, пайетка, жапсырмалы моншақтар мен ашық түстердің болуынан қорықпаңыз. Себебі Жаңа жылды жылтыр көйлектермен қарсы алу дәстүрге айналған. Ал мұндай көйлектерге артық әшекейдің керегі жоқ. Айта кетейік, сәнгерлер металл түстес жылтыр, жарқыраған киімдер келер көктемде трендте болатындығын айтуда.
Жаңа маусымның қарсаңында нәзік­жан­дыларға жаңа үлгілерді қарастырған жөн. Мамандар жаңажылдық кештің басты тренді есептелетін барқыт матаны таңдауға кеңес береді. Сәнді барқыт көйлектің ұзындығы еденге дейін немесе тізеден асқаны жөн. Сонымен қатар оның қою көк, қара және қанық қызыл түсі сәнде болады. Мұндай матадан тігілген көйлектің тиімділігі – оны жаңажылдық кештен кейін де киіп жүре аласыз.
Сонымен қатар есігімізден енгелі тұрған доңыз жылында қызыл түсті киімдер де сәнге айналмақ. Себебі қызыл түс мол ақшаның, байлықтың нышаны болып табылады. Сондықтан жаңажылдық кеште қызыл киім кигендер көбейіп кетсе таңғалмаңыз. Киген киіміңіздің де көңіліңіздің көтерілуіне әсер ететініне кәміл сеніңіз. Айтпақшы, сән мен сымбатыңыз үйлесімді болсын десеңіз, шаш үлгіңізді үстіңіздегі киімге үйлестіруді де естен шығармаңыз!

Нұргүл Есмаханова

ПІКІР