Жамбыл жаңалықтары

Бар жақсылық – балаларға!

Written by Aray2005

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралады. Алдымен аймақ басшысы жастар өкілдерімен «Jastar» аллеясында орналасқан «Jastar» қабілет орталығында кездесті.

Мұнда Б.Сапарбаев ерікті жастардың «Asyl mura» фронт-кеңсесінің ашылуына қатысты. Облыс әкімін қарсы алған жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа фронт-кеңсе жайлы баяндап берді.
– «Asyl mura» – материалдық, рухани-мәдени, тарихи мұраны сақтау бойынша волонтерлік қозғалыстың бір бағыты. Фронт-кеңсе еріктілер мен волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру бойынша тұрақты қызмет ететін алаңға айналмақ. Бүгінде облыс бойынша 60-тан астам еріктілер қозғалысы тіркелген десек, олардың құрамына 6 мыңнан астам ерікті топтасқан. Олар «Асыл мұра» бағыты бойынша халқымыздың тарихын, мәдениетін және дәстүрін насихаттаумен, тарихи ескерткіштерге қамқорлық жасаумен, оған қоса саябақтардың, көшелердің тазалығына да үлес қосумен айналысады. Сонымен қатар гидтер рөлін атқарады. Жалпы биыл облыс әкімі бекіткен іс-шаралар жоспары аясында 9 бағыт бойынша 21 жобаны жүзеге асырудамыз, – деді С.Берікқожа.
Жасыратыны жоқ, о баста жақсы бастамамен ашылған қабілет орталығының көпке ұзамай есігіне қара құлып ілініп, кейінгі тағдыры түсініксіз болып кеткен. Орталықтың жаңа леппен қайта ашылуы өңірдегі жастар саясатына да тың серпіліс әкелуі тиіс. Осы кездесуде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жастарды еріктіліктің басқа салаларын дамытуға және еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуге шақырды.
– Өткен жыл Жастар жылы, ал 2020 жыл – Волонтер жылы деп жарияланды. Жастар әрдайым қоғам дамуының қозғаушы күші болып келді және солай болып қала береді. Қазір сіздер үшін ең бастысы – білім алу және өз салаңыздың маманы болу. Жақында жастар саясатын дамытудың өңірлік «Әулиеата» бағдарламасы іске аса бастайды. Ол жастардың кәсіби және жеке тұлғалық дамуын қарастырады. Сіздерге мансаптық жоғарылауға көмектесетін жас мамандардың кадрлық резерві дайындалады. Сонымен қатар, жастарды қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар әзірленбек. Барлық жағдай жасалуда, тек жұмыс істеу керек. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Тетігін тап та, бар қалан», деп ұлы Абай айтқандай, еліміздің болашағына өз үлесін қоса білетін азамат болып қалыптасу керек. Бүгінде елімізде жастарды өздерінің теріс пиғылды әрекеттеріне пайдаланғысы келетін түрлі адамдар бар. Сондықтан сіздердің біліммен қаруланып, дұрыс жолды таңдай білгендеріңіз өте маңызды, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында аймақ басшысы қабілет орталығының әр бөлмесіне кіріп көріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Бердібек Машбекұлы ат басын бұрған келесі нысан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақ маңынан орын тепкен балалардың инклюзивті ойын алаңы болды. Балаларға шаттық пен қуанышты көңіл сыйлайтын нысанды «Дара» қайырымдылық қоры тарту етіп отыр. Құрылыс жұмыстарына облыс әкімдігі мен қор серіктестері де қолдау көрсеткен. Алыстан көз тартатын алаңға мүгедектер арбасы да еркін кіре алатындай етіп жабдықталған. Сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қауіпсіз әткеншектер, ыңғайлы құмды-үстелдер, арнайы тактильді панельдермен қамтылған.
– Шығармашылық және физикалық тұрғыдан дамуы үшін балаларға барлық мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Бұл орайда ешқандай кедергі болмау керек. Осындай ерекше ойын алаңдарының ашылуы – инклюзивті қоғам дамуындағы үлкен қадам. Алаң өте ыңғайлы жерде орналасқан екен. Көп ұзамай балаларға бұдан да жайлы және қауіпсіз болуы үшін айналасын абаттандырып бермекпіз. Ал қала басшылығы мұндағы жабдықтардың сақталуын қадағалап отыруы керек, – деді Б.Сапарбаев.
Сонымен қатар «Дара» қоры Тараз қаласының №20 орта мектебінің базасында арнайы жоба аясында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашқан екен. Аймақ басшысына жоба менеджері Сәуле Бексұлтанова түзету кабинеті жыл сайын әр түрлі даму кемістігі бар 150-ден астам балаға қызмет көрсете алатындығын айтты. Нысандағы тақырыптық аймақтарға бөлінген және әртүрлі дидактикалық материалдармен толтырылған Монтессори бөлмесінде балалар емдік жаттығулармен шұғылданып, байланыстың балама құралдарын да қолдана алады. Оларға психолог, логопед, дефектолог, аудиолог және педагогтік қызметтер көрсетіледі.
– Мұндай түзету кабинеттерінде білім алатын балалар орта мектептердегі балалармен бірге оқуға дайын болады. Түзету көмегіне жүгінген олар шығармашылық тұрғыдан дами түседі. Мұның бәрі болашақта олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал етпек. Облыс орталығында мұндай екі ғана кеңсе бар десек, біз олардың санын арттырып, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін барлық жағдайдың жасалуын қамтамасыз етуге жұмыс істейтін боламыз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы «Қаратау» шағын ауданындағы үйлер ауласынан салынған балалардың ойын алаңшасы мен шағын спорттық кешеннің ашылуында болды. Бұл алаңдар «Менің Елім» бағдарламасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жабдықталып, ел игілігіне беріліп отыр.
Жиналған тұрғындар Бердібек Машбекұлын ортаға алып, рақметін айтып, осындай саламатты өмір салтын дәріптейтін жобалардың көптеп жүзеге асуына тілектестік білдірді. Спорттық алаңшаның ішінде облыс әкімі жасөспірімдер футбол командасымен доп теуіп, естелік суретке түсті.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында Бердібек Сапарбаевты мұндағы тәрбиеленушілер мерекелік көңіл-күймен күтіп алды. Естеріңізге сала кетек, бұл орталық Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын біріктіру арқылы ашылған. Бүгінде мұнда 73 бала тәрбиеленіп жатыр. Облыс әкімін орталық басшылық өкілдерінен бөлек осында тәрбиеленіп шыққан, бүгінде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер колледжінде оқып жүрген Гүлбаршын Қойшыбаева мен Руслана есімді орталық тәрбиеленушісі алып жүріп, жатын бөлмелерді, демалушылар бөлмесін, психолог кабинетін, «Адалдық дүкені», «Рухани жаңғыру» орталығын, кітапхананы аралап, тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Өз кезегінде шағын концерт алдында сөз алған Б.Сапарбаев баланың бәрі бақытты болуға тиіс екенін айтып өтті. Өңір басшысы барлық тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, тарту ретінде орталыққа музыкалық студия сыйлады.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР