БАР ЖАҚСЫЛЫҚ – БАЛАЛАРҒА!

0 35

1 маусым – Халықаралық балалар­ды қорғау күні мерекесіне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында болып, ондағы тәрбиеленушілерді құттықтап қайтты. Шараға облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, облыс судьясы Ербол Ахметжанов және басқа да атқамінерлер қатысты.

Облыс басшысын қуанышпен қарсы алған орталық тәрбиеленушілері нысанның барлық бөлмелерін бірге аралап, жаңалықтарымен бөлісті. Бұл күні орталықта «Мейірім» жобасы аясында «Мейірім» отбасы ашылып, оның лентасын аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы мен облыс судьясы Ербол Ұлатайұлы қиды. Аталмыш отбасының арнайы бөлмелерін облыстық сот ұжымы әдемі жиһаздармен, керекті бұйымдармен жабдықтапты. Облыс әкімі сауапты іске атсалысқан азаматтарға өз алғысын білдірді. Қонақтар шара барысында балаларды кәсіпке бейімдеу кабинеттерімен танысты. Жаңадан ашылған «Бриллиант» сұлулық салонында орталықтың қыздары шаш қию, тырнақ, бет әрлеумен айналысады. Жеке кәсіпкердің демеушілігімен жасалған салонда қыздар бет әрлеу, маникюр жасайтын курстарды оқып, машықтанады. Бұдан соң өздеріне арнайы келген меймандарды балалар «Гаухартас» аспаздық студиясы кабинетін көруге шақырды. Аспаздық студия да жеке кәсіпкердің демеушілігімен толықтай жабдықталыпты. Мұнда балалар өз қолдарымен жасаған дәмнен ауыз тиюді ұсынды. Қонақтар ары қарай «Балалық шақтың шуақты қаласы» атты мерекелік концертті тамашалады.

Балалардың мерекелік концерттік бағдарламасын тамашалаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев сахнаға шығып, бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.

– Қымбатты балалар! Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл сендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тілектеріңді назарсыз қалдырмайтын күн.

Өйткені еліміздің ертеңгі тірегі – бүгінгі осы бүлдіршіндер.

Сондықтан да жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім, жарқын болашақ сыйлау мемлекет қамқорлығына алынған.

Балалар біздің болашағымыз. Сондықтан осы бүлдіршіндердің жүзінен күлкі, жүректерінен жылу кетпейтіндей жағдай жасау – біздің борышымыз. Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да саясаты балаларға барлық жағдайды жасау болып келеді. Құдайға шүкір деп айту керек, біздің балалар білім, тіл, мәдениет, спорт болсын, яғни барлық жағынан басқа елдің балаларынан кем емес. Оған біз қазір осы жерде балалардың өнерін көріп, куә болып отырмыз.

Бұл орталыққа келмегеніме 10 айдай болыпты, соның өзінде мұнда көп өзгерістер орын алғанына қуаныштымын. Сол үшін орталық басшылығына, ұстаздар мен тәрбиешілерге рақмет айтамын, – деді Бердібек Сапарбаев. Балалар мерекесіне арнайы келіп, ақжарма тілегін арнаған облыс басшысына орталық тәрбиеленушілері өз қолдарымен жасаған бұйымын сыйлады. Мұнан соң сөз алған орталық директоры Айжан Дүкенбаева да облыс басшылығына алғыс айтып, демеуші болып, қол ұшын ұсынған азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, қарашаңырақта бүгінде 111  бала өсіп жатыр. Олардың әрқайсысы түрлі ұлттан болғанымен қазақ, орыс тілдерінде білім алады. Балалар ата-ана қамқорлығынан айырылғанымен, бұл орталықта арнайы отбасылық негізде тәрбиеленеді.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.