"Заң және біз"

«Барак» бизнесі бақылауды қажет етеді

Written by Aray2005

Бүгінгі таңда елімізде урбанизация үдерісі күн санап белең алып, тиісінше баспана мәселесінің өзектілігі арта түсуде. Пәтер құны шарықтап тұрған нарық заманында бұйырған баспанасында «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп көсіліп жатуды армандамайтын адам кемде-кем. Иә, баспаналы болу – басым жұрттың «бас ауруына» айналғалы қашан. Олай дейтініміз, күні-түні қанша тыраштанып еңбектенсең де, тапқан-таянғаның бірден үй сатып алуға бәрібір жетпейді. Жыл өткен сайын баспана бағасы да өспесе, арзандайтын емес. Әрине, мемлекет тарапынан ел тұрғындарының түйінді мәселесін шешу мақсатында аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын жыл сайын мыңдаған отбасы сезініп, баспаналы болу бақытына кенелуде. Алайда екінің бірінің басындағы бұл түйінді мәселе түбегейлі шешімін тапты деуге әлі ерте.

…Бірнеше жеті бұрын Астана қаласында орын алған, мұқым қазақтың қабырғасын қайыстырған жантүршігерлік қайғылы оқиғаны әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Айдың-күннің аманында бес бірдей бүлдіршінінен айырылып, бір әулеттің шаңырағы ортасына түсті. Әрине, Алланың ісіне адам дәрменсіз. Сондықтан қайғыға ортақтасып, көңіл айтқаннан басқа қолдан келер қайран жоқ. «Болар іс болды, бояуы сіңді» деп жылы жауып қоюға және болмайды. Қайғыдан қан жұтқан отбасыға қаржылай көмек көрсеткеннен барлық мәселе түбегейлі шешіліп кетпейді. Әрі-беріден соң қоғамда үлкен наразылық тудырған оқиғаның артында жүздеген отбасының тағдыры тұр. Себебі «барак» үйді паналаған астаналық Cитер отбасы секілді елімізде жатақхана жағалап жүрген қаншама жанұя бар.
Елімізде Астана, Алматы сынды ірі қалаларда «барак» бизнесі әлдеқашан дамып, бит терісінен биялай тіккен пысықайлар көл-көсір табыс көзіне айналдырған. Әуелі «барак» сөзінің тарихына тоқталар болсақ, XIХ ғасырдың соңында Францияда уақытша казарма ретінде салынған құрылыстың атауы екен. Кейін түрлі соғыстарда бұл құрылыс формасын жеделдету мен жұқпалы дерттен сақтану үшін негізінен госпитальдар пайдаланған. Ал XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында барактарды ірі өндіріс орындарының жұмысшылары мен әскери мақсатта, елді мекендерден шалғай жерлерде қызметкерлерді уақытша орналастыру негізінде салды. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыста концлагерьлерде тұтқындарды ұстау үшін де қолданды. Ал жеке баспанасына қалағанның қолы жете бермейтін қоғамда «барактар» талайдың құтты қонысына айналған.

Тіпті облыс орталығы Тараз қаласының өзінде кейінгі жылдары «барак» бизнесі жандана бастағандай. Әсіресе қаланың шеткері аудандарында 10-15 отбасыға лайықталған жалдамалы пәтерлер көзге жиі шалынады. Біздің бұл мәселені қаузауымыздың себебі, әлдекімдердің ырзық-несібесін қызғанып отырғандықтан емес. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, ертеңгі күні Астанада орын алған оқиғаның қайталанып жатпасына кім кепіл. Бетін аулақ қылсын, дегенмен сақтансаң-сақтайтынын ұмытпаған жөн.
Осы орайда шаһарымыздағы бірқатар «барак» үйлерге арнайы барып, тұрғындарымен тілдесуге тырысып көрген едік. Ең алдымен ат басын бұрған Рыночный көшесінде орналасқан бір, екі және үш бөлмелі «барак» үйде бүгінгі таңда 15 отбасы тіршілік кешіп жатыр екен. Тұрғындарын сөзге тартып көруге ниеттенгенімізбен, бұл әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Жай-жапсарды айта бастағаннан жау көргендей жүзін жасырып, қаша жөнеледі. Бар біле алғанымыз, мұндағы «барак» үйлерді жалдау құны айына 15-20 мың теңге аралығында екен. Газбен жылытылады. Сондай-ақ үй іргетасының кемі 3-4 жылда қаланғаны да байқалып тұр. Көршілерді сөзге тартып көргенімізде мұнда ауылдан көшіп келгендер және арасында дені көп балалы отбасылар екенін айтады. Ал ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің облыстық статистика департаментінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы елді мекендерден 9 мыңнан аса тұрғын облыс орталығына қоныс аударған. Әрине, жаңадан қоныс аударушылардың барлығының дерлік бірден баспана сатып алуға мүмкіндігі жетпейтіні бесенеден белгілі. Қалтасы көтере алмағандары көппәтерлі тұрғын үйлерде пәтер жалдап немесе «барак» үйлерде жан бағуға мәжбүр. Ал шаһарда жалға берілетін пәтерлердің құны орта есеппен 30-50 мың теңге аралығында. Бәлкім, базбіреулер үшін бұл қаржы түкке тұрғысыз болар. Енді кейбіреулер 30-40 мың теңге айлықпен жан бағып, отбасын асырап отыр. Сол себепті де әсіресе ауылдан келушілер және оралмандарға жалдау құны көппәтерлі үйлерден әлденеше есе төмен «барак» үйде тұрған әлдеқайда тиімді.
Сонымен қатар Локоматив көшесінен де «барак» үйлердің бой көтергеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Аталған көшеде орналасқан «барак» үйдің тұрғыны Маруся Қошқарова мұнда тұрғындардың көптеген қажеттілігі ескеріле бермегенін айтады.
–«Баракта» бір-бірімен жапсарласа орналасқан сегіз жалдамалы пәтер бар. Қаланың ішінен пәтер сатып алуға шамам жетпегендіктен осы үйімді сатып алдым. Негізінен мұнда төрт пәтерді тұрғындар сатып алған. Қалған төртеуінде жалға алушылар тұрады. Жалға алушылар жылыту маусымында көмір жағады. Ал өзім газ тартқызып алғанмын. Әр үйдің өзінің жеке ауласы бар,– дейді М.Қошқарова.
Жалпы, қаладағы «барак» үйлерді аралап жүріп аңғарғанымыз, мүлдем бақылаудан, назардан тыс қалғаны байқалады. «Сен тимесең, мен тиме» деп, бір күндік асын тапқанына шүкірлік етіп, ешкіммен қақ-соғы жоқ, коңыр тіршілік кешіп жатқандар.
Ал Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев «барак» үйлер үнемі бақылауда екенін айтады.
– Тараз қаласында жыл басынан 12 өрт оқиғасы болып, 1 адам қаза тапты. 1,5 миллион теңге шығын келді. Сондай-ақ 4 газбен улану оқиғасы тіркелді. Осыған орай апта сайын қауіпсіздік сенбілігі өткізілуде. Бұл шарада мамандар тарапынан жеке тұрғын үй иелеріне өрт қауіпсіздігі туралы жадынамалар таратылып, тұрғындардың газ қызметінің пештері тексеріліп, тиісті нұсқаулықтар беріледі. Шара барысында қала шетіндегі «барак» типті үйлерге баса назар аударудамыз, – дейді Қ.Оразбаев.

Әрине, жауапты мамандардың жадынама таратқаны жөн-ақ. Бірақ мұнымен «барак» үй тұрғындарының қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілді дей алмаймыз. Сондықтан да құзырлы мекемелер үшін бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелейтін кез жеткен секілді. Әсіресе заң тұрғысынан. Әйтпесе «барак» бизнесі ертеңгі күні талайды опық жегізбесіне кім кепіл?!

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР