Бәрі де тәуелсіздіктің арқасы

0 29

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты оқырмандар конференциясы өтті. Жиында  өңірдегі сан салада еңбек етіп жүрген тәуелсіздіктің құрдастары бас қосып, егемендіктің ертеңі, жарқын болашағы турасында жоспар-ұсыныстарымен бөлісті.

Ең алдымен сөз тізіндеген филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ  жыл басында жарық көрген Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын негізге ала отырып, ел егемендігі жолындағы жанкешті еңбекті атап өтіп, өткенімізге шолу жасады. «Тәуелсіздік жайлы сөз қозғағанда әрдайым Елбасының еңбегін құрметпен еске алуға тиіспіз. Алпауыт Ресей, алып Қытай секілді мемлекеттермен мәмілеге келіп, шекарамыздың шегенделуі де тәуелсіздіктің ең үлкен жетістігі.  Тәуелсіздіктің арқасында бұл күнде мәртебелі, мәрт пейіл мемлекетке айналып отырмыз» деген Сәмен Оразғалиұлы руханиятымыздың абызы Шераға мен Елбасының сонау 1958 жылғы Теміртаудағы жүздесуінен бастап, егемендіктің нәтижесінде қазақ мектептері мен балабақшалары көбейгенін, тіпті Тараз атауының қайта оралғанын жеткізді. «Бұрын қала атауын өзгерту тек сонау Мәскеудің шешімімен ғана іске асатын. Шүкір, көне шаһарымыздың ежелгі Тараз атауы Елбасының жарлығымен қайта оралды. Осының өзі де тәуелсіздіктің арқасы» деді ол өз сөзінде.

Бұдан кейін сөз алған филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті Темірбай Мұқашев қазіргі уақытты тәуелсіздікке дейінгі кезеңмен салыстырмалы түрде суреттеп берді. «Тәуелсіздік дегеніміз – ол ең алдымен өз-өзіңді тану. Өзіңдікін өзімдікі дей алу. Ұлттық ой, ұлттық сана тек тәуелсіз елдерде ғана болады. Өткенге тас лақтыра беруге болмас. Дегенмен тәуелсіздік бізге тегіннен тегін кездейсоқ келген жоқ. Біз үш ғасырдан аса бодан болдық. Он буын ұрпақ тәуелсіздіктің тасасында, азаттықты армандап өтті. Қаншама рет жойылуға шақ қалдық. Кез келген нәрсе кемеріне жеткен кезде ғана тасиды. Дәл сол секілді ғасырлар бойы бостандыққа деген ұмтылыс бойымызда булығып келіп, 1986 жылы жастар алаңға шықты. Мүдделер мен мақсат, армандар бір арнаға тоғысқанда ғана халық осылай бас көтереді. Әйтпегенде ондай екпінмен мыңдаған адамның басын қосу мүмкін емес. Сондықтан тәуелсіздіктің әр сәтін қадірлей білейік» деді Темірбай Әлімұлы.

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа тәуелсіздікті сақтап қалудың бірден бір жолы – еліміздің даму көздерін қорғап, жетілдіріп, патриотизм арқылы мемлекеттің потенциалын қалыптастыру  керек  екендігін  жеткізсе, облыстық мәслихаттың депутаты, «Jas Оtan» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек егемендігімізді баянды ету үшін ең алдымен ана тілімізді қадірлеп, екіншіден ұлттық құндылықтарға деген мәдениетімізді көтерудің маңыздылығына тоқталды. «Тәуелсіздікті сақтау – жастардың жауапкершілігінде. Қазір ғаламторда қазақ тіліне деген сұраныс артып келе жатқаны қуантады. Өйткені тіл жойылса  егемендігімізді де сақтап қала алмаймыз. Одан кейін өкінішке орай ұлттық құндылықтарға деген жастардың көзқарасы өзгеріп жатыр. Мысалы ұлтымыздың дәстүріндегі беташар елдің қалтасын қағып, ақшасы жинау үшін жасалмау керек. Оның түпкі мағынасы ондай емес. Сондықтан әрбір құндылықтың түп мағынасына терең мән беруіміз қажет» деді ол өз сөзінде.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары  колледжі, «Халық аспаптар пәндік-циклдық комиссия»  кафедрасының  оқытушысы Балжан Есенбекова, А.Гайдар атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлмира Нұрахметовалар өз ойларын ортаға салып, тәуелсіз ел болашағы үшін ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруден асқан бақыт жоқ екенін әсерлі жеткізді.

Сонымен қатар облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен, онлайн байланыс арқылы әр аудандағы тәуелсіздіктің құрдастары ізгі лебіздерін жеткізіп, пайымды пікір алмасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.