Жамбыл жаңалықтары

Бәрі өзімізге байланысты

Аймақ басшысы тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында онлаин өткен брифингке қатысып, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирусқа қарсы іс-қимыл және дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысын баяндады.
Өз сөзінде аймақ басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес індетке қарсы тиісті шараларды қабылдау үшін өңірде қазіргі таңда 12 штаб, 51 мобильді топ жұмыс істеп жатқанын айтып, қазіргі таңда облыста 358 індет жұқтырғандар анықталып, оның 30-ы шетелден келген, 99-ы әскери, 22-сі медицина саласының, 7-еуі полиция қызметкерлері екеніне тоқталды. Емделіп шыққандардың саны 173-ке жетіпті. Ал Павлодардан келген бір адам қайтыс болған. 23753 адам тестілік тексерістен өтіпті.
– Қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында 132 адам жатыр. Негізінен олардың барлығының жағдайы орташа. Дәрігерлердің бақылауына алынған. Үй карантинінде 1580 адам жатыр. Жалпы осы ауруға шалдыққандарды емдеу үшін өңірде 1424 төсек орны дайындалып, оған қосымша 80 провизорлық төсек орны ашылды. Осы жұмыстарды сапалы жүзеге асыру үшін 867 медицина қызметкерлері тартылған. Медицина қызметкерлеріне арналып алты қонақ үй дайындалды. Қазір онда 246 медицина саласы қызметкерлері уақытша тұрып жатыр, – деді Б.Сапарбаев.
Жалпы осы медицина және полиция қызметкерлерін, әскерилерді тиісті құрал-жабдықтармен, регистрлермен қамтамасыз ету үшін 1,5 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2,5 мың медицина қызметкерлеріне 400 миллион теңгеден астам жәрдемақы төленген.
Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы бүгінде тексеруді тездету үшін 7 зертхана жұмыс істейтінін айтты. Халықтың сұранысын тезірек орындап, сұрақтарына жауап беру үшін арнайы 109 жәрдем штабы құрылды. Бүгінгі күнге дейін штабқа 24 мыңға жуық сұрақ түсіпті.
– Барлық сұрақ бақылауда. Дер кезінде тиісті шаралар қолданылып, жауап берілетін болады. Осыған дейін өңірде 44 блок-бекет жұмыс істеген болатын. Жеңілдету шараларына сәйке бүгінде олардың 25-ін ғана қалдырдық. Сол блок-бекеттерге 222 адам, 60-қа жуық техника тартылды. Олар бекітілген алгоритмге сәйкес жұмысты жалғастыруда, – деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің 9,5 мың отбасына 1,5 миллиард атаулы әлеуметтік көмек төленген. 18 мыңнан астам балаға 1 миллиард 200 миллион теңге кепілдендірілген әлеуметтік төлем төленді. Оған қосымша аз қамтылған және әлсіз топтарға жататын 79 мыңға жуық адамға 442 миллион теңгенің көмегі көрсетіліпті.
Төтенше жағдайға байланысты 300 мыңға жуық азаматқа 42500 теңгеден жалпы сомасы 12 миллиард 700 миллион теңге төленді.
– Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жәрдемақыны тағайындау ережесіне өзгерістер енгізіп, өтінімдер жылдың аяғына дейін қаралатын болады. Оған енді қосымша өзіміздің прокуратура, кірістер департаменті тәркілеген мүліктерді, азық-түліктерді тарату арқылы 600 мыңнан астам жамбылдыққа 500 миллиондай теңгенің көмегі қосымша көрсетілді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясы елімізде «Біз біргеміз!» акциясын ұйымдастырып, демеушілердің арқасында жалпы өңірдің 70 мыңнан астам тұрғынына 1 миллиард 100 миллион теңгеге қосымша көмек қолын созды. Жалпы, өткен үш айдың ішінде 400 мыңға жуық жамбылдыққа 21 миллиард теңгенің көмегі көрсетілді. Оған қосымша Мемлекет басшысының тапсырмасмен коммуналдық төлемдерді тұрғындарға жеңілдету үшін қосымша жәрдемақы төленетін болады. Қазір біз өңір бойынша 119 мың адамды анықтадық. Оған 3,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Ережеге сәйкес келесі айдан бастап осы төлемдерді төлейміз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Брифинг барысында облыс әкімі қазіргі таңда Қордай ауданында болған жағдай тұрғындарды әлі де толғандырып жүргенін айта кетті.
– Біріншіден, қазір бұл ауданда әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдай тұрақталды. Барлық мәселе бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс тобы барлық мәселені бақылауға алып, қабылданған іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда біз зардап шеккен азаматтарға демеушілердің есебінен 44 миллион теңге көлемінде көмек бердік.
Қазіргі таңда орташа деңгейде зақым келген 104 үй толығымен, одан бөлек демеушілердің есебінен 6 үй толығымен қалпына келтірілді. Қазір қалған 39 тұрғын үй мен 20 коммерциялық нысанды жөндеп жатырмыз. қайта қалпына келтіру жұмыстарын осы жылдың тамызында аяқтау жоспарланып отыр. Оған қосымша қазіргі таңда індетпен қатар келген дағдарысқа байланысты мемлекет тарапынан жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, салу жөнінде қолға алынып жатқан ауқымды шаралар аясында осы Қордай ауданының өзінде жүзден астам жобаны жүзеге асыру үшін 20,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы негізінен зардап шеккен Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарына мектеп, спорт мәдениет нысандарын салуға, жолдарды жөндеуге, ауыз су, жарық және газбен қамтамасыз етуге жұмсалмақ, – деді Б.Сапарбаев.
Бердібек Сапарбаев брифингте жалпы, індетке қарсы істелініп жатқан шаралардың бәрі бақылауда екеніне сендірді. «Ең басты міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз үшін басты байлық – ол адамның өмірі. Сол себепті карантиннің енгізілуі, оның жалғасуы осы құндылықты сақтау мақсатымен байланысты», деген ол жамбылдықтардан қабылданып жатқан барлық шараға түсіністікпен қарауды сұрады.
– Мұның бәрі, өзіміз, ағайын-туыс, отбасы, балалар үшін керек. Бәрі өздеріңізге байланысты. Егер тұрғындар санитарлық талаптарды, қауіпсіздікті сақтайтын болса, онда әрине жеңілдету шараларын әлі де болса көбейте түсеміз. Бірақ, біздің мобильді топтардың тексерулері кезінде дүкендерде, адам көп жиналатын өзге де орындарда тұрғындардың көпшілігі бетпердесіз, ара қашықтықты сақтамай, бір сөзбен айтқанда санитарлық талаптарды бұзып жатқаны анықталуда. Сондықтан егер карантиндік мерзім ерте аяқталсын десек, қойылып отырған барлық талапқа құлақ асуларыңызды біз сіздерден тағы да сұраймыз. Халықтың үйде отырып шаршағанын, жұмыс істеп, нәпақа тауып, бала-шағасын асырағысы келетінін жақсы түсінеміз. Әсіресе базарларда жұмыс істейтін тұрғындардың несиелерінің бар екенін біліп отырмыз. Бірақ тағы да қайталап айтатын мәселе, адамның денсаулығы, өмірі, тағдыры бәрінен биік тұрады. 29 мамыр күні біз тағы да штаб отырысын өткіземіз. Өздеріңіз білетіндей кейінгі кезде вирус жұқтырғандар қатары артып келеді. Егер алдағы екі-үш күнде ауру жұқтырғандар саны азаятын болса, онда штаб отырысында біз қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып карантинді жеңілдету мүмкіндіктерін қарастырамыз. Неғұрлым айтылған талап, нұсқаулықтарды дер кезінде, сапалы орындасақ, соғұрлым мына індеттен ертерек құтылмақпыз, – деді сөзінің соңында аймақ басшысы Б.Сапарбаев.
Брифинг соңында Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желі арқылы келіп түскен тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Алдымен аймақ әкімне облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің қашан жүретініне қатысты сұрақ қойылды.
– Әрине, call-орталық және халықпен болған кездесулер арқылы бұл сұрақты біз жақсы білеміз. Бізді де толғандырады. Расында біздегі қоғамдық көліктер негізінен шағын ғана болғандықтан жолаушылардың ара қашықтығы сақталмай жатыр. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағыдай отыратын орындарды ғана пайдаланып, тұрып тұрмау керек. Бірақ өкінішке қарай бізде ол талап сақталмады. Алдағы уақытта көлік ішіндегі барлық талаптар сақталатын болса азаннан кешке дейін болмаса да алғашқы кездегідей таңертең, түсте, кешке жүргізуге болады. Мұны да қарастырып көреміз, – деді ол.
Сондай-ақ облыс әкімі ірі базарларда жұмыс істейтін саудагерлердің «Базарлар қашан жұмыс істейді?» деген сұрағына да жауап қатты. Аймақ басшысының айтуынша, базар адам көп шоғырланатын аумақ болғандықтан онда вирустың таралу мүмкіндігі жоғары. Сол себепті жоғарыда айтылғандай қатаң санитарлық талаптар сақталатын болса, барлық жауапкершілікті базар басшылығы мойнына алып, сақтық, тәртіп, тазалық шараларына мұқият мән беретін болса ол нысандардың жұмысын жандандыруды алдағы штаб отырысында қарастыратындарын тілге тиек етті.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

ПІКІР