"Кәсіпкерлік"

Бәрінен де ағайынның алғысы қымбат

Бүгінгідей нарық заманында кез келген кәсіпкер алдымен түсетін табысты ойлайтыны рас. Алайда, табыстан бұрын халықтың алғысын алғашқы орынға қойған Бағдат Майлыбаева Тараз қаласынан «Bakonya» М.В.А. сән фабрикасын ашып, әйелдер киімінен қазақстандық бренд шығаруды көздеп отыр. Сәніне сапасы сай отандық өнімді өрлетуді мақсат еткен кәсіпкер фабрикаға арнап әмбебап ғимарат та салған.

Ашылғанына небары 3 ай болған сән фабрикасы бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Он саусағынан өнер тамған шеберлер әдеттегі үлгіден көш ілгері сәнді киімдер шығаруда. Бизнеске 24 жасынан бастап араласқан Бағдат Асаубайқызы дәл осындай сән фабрикасын ашу ұзақ жылғы ойының жемісі екенін айтады.

– Әйел заты қашан да әдемілікке әуес. Сұлулыққа құмартқандықтары соншалық, құрсақ көтеріп, дене бітімі өзгеріске ұшыраса да үйлесімді киінуге барын салады. Сондықтан да болар, біздің халық қызды қырмызы гүлге теңейді, елінің көркіне балайды. Мен де ақ босағаны аттап, келін болдым, ана атандым. Бастан өткен осындай кезеңдерде сыр-сымбатымды жоғалтпауды ойладым. Сол сәттерде әйел адамдардың тым арық немесе толық, әлде аласа бойлы секілді кем-кетігін жасырып, бойына үйлесім беретін киім тігілсе деген ой келетін. Кейде көңіліңнен шығатын көйлекті алсаң, астары ауа өткізбейтін матадан тігілгенін көріп, қынжыласың. Енді бір киімдер үлгісі әдемі болғанымен, жүріп-тұруға ыңғайсыз, тар немесе тым қысқа болып келеді.

Осындай олқылықтардың орнын толтыратындай, денеге ықшам, таза табиғи материалдан және қимыл-қозғалысқа қолайлы әрі сәнді киім-кешектер өндіруді ойға алғанмын. Сол ой жетегінде ұзақ іздендім. Арзан бағада сатылатын киімдердің материалы мен тігісін де түбегейлі зерделеп, бағасын кететін шығынмен салыстырып көрдім. Киім тігу жағынан өзге елдерден оқ бойы озық келе жатқан Қырғызстан, Қытай, Түркия мемлекеттері мен Дубай қаласына да барып, ондағы жұмыстармен таныстым. Бар зерттеулерімнің нәтижесін қорыта келе, әйелдер киімінің қазақстандық брендін шығаруды жөн санадым.
Фабрикамызға келіп, өнімдерімізді көрген жанашыр кісілер мұндай үлкен істі Алматы, Астана секілді мегаполистерден ашқанда мол табысқа кенелетінімізді айтып жатады. Бірақ, мен өзім өсіп-өнген өлкемнің өркендеуіне үлес қоссам деймін. Сол мақсатта ашылғандықтан да, бізге қазір келетін пайдадан да тұтынушы халықтың ризашылығы маңызды, – дейді іскер келіншек.

Өзге кәсіпорындардан бұл фабриканың айырмашылығы әмбебаптығында. Мұнда келген тұтынушы тек киім сатып алып қана қоймайды, таңдағанын өз бойына лайықтап, қайта өңдете алады. Ал, ол үшін қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, тұтынушы қасына балаларын ерте келсе, бүлдіршіндерге арналған алаң да бар. Тіпті, сәбиі ұйықтап қалған жағдайда оны жатқызатын балалар төсегі де ойластырылған. Және де, мұнда тойға немесе мерекелік жиынға баратын жұмысбасты қыз-келіншектерге де оңтайлы жағдайлар жасалған. Жұмысынан шыққан соң бірден «Bakonya» сән фабрикасына келіп, жылы душ қабылдап, салонда беті-қолын әрлеп, шашын түзетуіне болады. Қалаған көйлегін таңдап киіп, мерекелік жиынына бірден осы жерден шығып кетуіне мүмкіндік бар екен.

– Кез келген кәсіпорын халыққа қызмет көрсету мақсатында ашылады. Міне, сондықтан, біздің қызметімізді пайдалануға келетіндердің көңілінен шығу үшін бар жағдайды жасадық. Келуші сыртқы есіктен кіргеннен бастап өзін үйіне енгендей жайлы сезінуі керек. Сол себепті терезелерімізге де үйдегідей перде ілдік. Аз-кем тыныс алуға оңтайлы жерлерге жұмсақ жиһаздарды үстелдерімен қатар орналастырдық. Киім-кешектерді кешке, күнделікті киюге және үйге арналғандарын әр бөлімге жеке жиыстырдық. Сондай-ақ, мұнда төсек жабдықтары да тігіледі. Өнімдеріміздің ұзақ тұтынуға төзімді болуына, өңін бұзбайтын сапасы мен әр тігісінің дұрыстығына ерекше назар аударамын. Материалдар мен фурнитураларды өзім қадағалап аламын. Бірқатар көйлектер шифоннан тігілетінін көріп жүрміз. Біз ол матаны астарға пайдаланамыз, – дейді Б.Асаубайқызы.

Тағы бір айта кетерлігі, фабрика жақында ашылғанымен, ұжымдағы киім тігетін шеберлер бұрыннан топтасқан. Мысалы, Лидия Кан есімді тігінші соңғы он бес жылдың бедерінде Б.Асаубайқызының балалар театрында жұмыс істеп келеді. Олардың басты міндеті — тұтынушы талғамына сай киім тігу. Тіпті, кей-кейде киімдердің тігісі дұрыс болмай шықса, қайта сөгіліп, тігіледі екен. Ол үшін жұмысшының жалақысы қысқартылмайтын көрінеді. Осы ретте, ұжым мүшелеріне түскі астың тегін әзірленетінін айта кеткен жөн.

– Ортақ мүддеге зор жауапкершілікпен қарай білетін, татулығы жарасқан ұжым қалыптастырғанымызды мақтан тұтамын. Себебі, мұның артында кәсіпорнымыздың тұтынушы алдындағы зор жауапкершілігі тұр. Осындай жауапты іске тәуекел етіп кірісуіме әкем мен анам жан-жақты қолдау көрсетті. Ол кісілер ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбекпен нәпақа табуды жастайымыздан санамызға сіңірген. Әкем әлі күнге дейін жұмысыма жігерлене кірісуіме күш-қайрат беріп отырады. Ата-анамның бала күнімде еркелетіп атаған «Бакония» есімін фабрикама бердім, – деген Бағдат Асаубайқызы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Әзірге көпшілік танып, біле қоймаған сән фабрикасының абыройын сапалы өніммен арттыруға еңбектенген кәсіпкер алдағы уақытта облысымыздың әр ауданынан бөлімшелерін ашуды жоспарлап отыр. Өнімнің таралымын кеңейткен сайын Тараздың атын таныту көзделген. Сол арқылы ол өңірдің жеңіл өнеркәсібін өркендетуге үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Жас кәспкердің жаңашыл идеяларына тәнті болған біз де оның келешектегі келелі істеріне сәттілік тіледік.

Қамар Қарасаева

ПІКІР