Мәдениет

Бәрінен де жақсы адам

Written by Aray2005

Бұл өмірде анадан артық асыл жан жоқ екеніне ешкім таласа қоймас. Әркімнің патша көңілі жоғары, әркімге-ақ өз анасынан ақылды, аяулы, сұлу, жақсы адам жоқ. Менің де анам Сырға бәрінен де жақсы адам болатын.

Әкесі Сейділда дүниеден ерте озса да, ағасы Ибаділда, әпкелері Зипанкүл мен Айғаным төртеуі тірліктің оябын таба білген Орынкүл ананың арқасында «көппен көрген ұлы той» ғұмыр кешті. Менің анам Сырғаның тағдыры талайлы. Әкесіз жетім өскені аз болғандай, жалғыз аға соғыстан оралмады. Екі әпкесі тұрмыста. Балғын балалығын соғыс ұрлаған ол балауса кезінен еңбекке араласып, «үйде – әйел, түзде – еркек» Орынкүл анасының жанына жалау бола білген. Сол бір сұрапыл соғыс Жеңіспен аяқталғаны ғана көңілге медет. Әйтпесе, шаруа тұралап біткен. Халықтың күнкөрісі төмен. Оны қойшы, ашқан қарын тойынар, шыққан дүние орнына қойылар-ау! Майданға аман-есен аттанып, туған жерден топырақ бұйырмай, Отан үшін опат болып елге оралмаған қыршын жас, бозбала боздақ, мауыздай марқасқа жігіттерді айтсаңшы! Оралғандарының өзі кілең мүгедектер, кеуделерінде шыбын жандары бар, әйтеуір. Аяқ-қолы бүтіндері бірен-саран ғана.
Сондай періштесі қаққандардың бірі – менің әкем Жалтай Алланың қалауымен саған жар болыпты, Анашым! Екеуің 46 жыл жұбайлық ғұмыр кешіп, он бір балаға өмір сыйладыңдар. «Әйел әр баласын туғанда бір өліп-тіріледі, әр баласы өмірге келгенде бақытты» деген пәлсапалық әпсанасын оқығанмын бір данышпанның. Ендеше, менің анашым он бір рет басын өлімге байлап, он бір рет бақытқа бөленген екен-ау! Олай болса, «анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып қайтсаң да, оның алдындағы борышыңды өтей алмайсың. Ол – оның бір түнгі емізгенінің парасы ғана» деген халықтық қағиданы қалай мойындамассың? Осынау бір асыл да ардақты жанның алдында басыңды қалай имессің? Бас ию керек, игенде де жерге жеткенше ию керек! Ана атаулы соған лайық.
Сен ана болуды еңбекпен ұштастыра жүріп, бір атадан жалғыз әкеміз Жалтайды жапырағы жайқалған, тамырын тереңге тартқан бәйтерекке айналдырдың, Анашым! Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде өсиет етілгеніндей, күйеуіңді пір тұтып, оған әркез төрден орын сыйладың. Әкемізді өзің пір тұтып қана қоймай, бізді де осынау таутұлғаны сыйлауға, құрметтеуге тәрбиеледің. Ер балаларға «әкеңе айтсай, әкеңмен ақылдассай», қыздарға «әкеңе айтайын, әкеңмен ақылдасайын» деп жөн сілтеп, қай-қайсымызды да «әкеңе айтам» деп тәртіпке шақырып отырғаның – соның айғағы.
Осының бәрі Сенің бойыңа ақ сүтімен адамгершіліктің дәнін дарытқан, ақылымен, ісімен тәрбиелеген Орынкүл анаңның арқасы. Мойындау керек, соның жемісін біз де, арттарыңда қалған ұрпақтарың да, жеп жүрміз.
Анашым, сенің өмірге әкелген ұл-қыздарың бүгінде өмірден өз орындарын тауып, үйлі-баранды болып ұрпақ өрбітіп, әрқайсысы хал-қадіріне қарай ел дамуына үлес қосып жатыр.
Тұңғышың Зағима статтехникумнан алған мамандығы бойынша қызмет атқарып, үлкен мекемеде бухгалтер болып, абыроймен зейнеткерлікке шыққан. Күйеубалаң Әбдеш нағыз жігіттің төресі еді. Сіздерге өз балаларыңдай, бізге жезде емес, ағамыздай болды марқұм. Үлкендік ақыл-кеңесі мен қамқорлығы өз алдына.
Зағимадан кейінгі үйелмелі-сүйелмелі Қалдыбай мен Қалдыбек те бүгінде зейнеткерлер. Қалдыбай химия өндірісінде орта буын басшылық қызмет атқарса, Қалдыбек бар ғұмырын байланысқа «байлап», ауылда осы саланың майталманы болған.
Мен қоғамдық тәртіп сақшысы болдым. Жиырма екі жыл ішкі істер органдарында қалтқысыз қызмет атқарып, милиция майоры шенінде абыроймен отставкаға шықтым. Одан мұражайда жұмыс істеп, облыс тарихын танытатын мекеменің жүгін бірге көтерістім. Қазір де қол қусырып қарап отырмай, қоғамдық жұмыстардың бел ортасындамын.
Менен кейінгі төрт қыз – Мағира, Нұрила, Тамара, Роза «алдыңғы арбалардың» ізімен жүріп, өздері жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істеді. Мағира, Тамара, Розалар сауда, қоғамдық тамақтандыру салаларында абыройлы қызмет атқарса, Нұрилаң – денсаулық сақтау саласында аға медбике болған, алғысқа бөленген абзал жан.
Жамбыл гипс зауытына қатардағы жұмысшы болып кіріп, іскерлігі мен бірлігінің арқасында аға механик дәрежесіне дейін көтерілген Бекболатың – ұжымының ұйтқысы, әріптестерінің сыйлысы.
Біз әулетімізбен «Алтын қыз» деп атап кеткен Римма – нарықтық экономикаға ерте бейімделген нағыз кәсіпкер. Сенің омырауыңа «Ардақты Ана» Алтын Жұлдызын «қадаған» Римманың өзгеше болуы да сондықтан.
Қарашаңырақ иесі кенже ұл Нұрболат «алтын қолды азамат» атанған шебер. Қолынан келмейтіні жоқ бесаспап. Іскерлік шеберлігі мен ақкөңілділігінің арқасында алғысқа бөленіп жүр.
«Келін – қайын ененің топырағынан» деген бар, келіндерің Минара, Раякүл, Тамара, Раушан өзіңнің өнеге істеріңді жалғастырып, Тілешевтер әулеті шаңырағының түтіні түзу шығып, өркені өсуіне, істері өрге басуына үлкен үлестерін қосып жатыр.
«Жақсы күйеу – сүйеуің» деген қағида да өмірден алынған. Әбдеш жездем әкеміздей қамқор болса, Мәлік, Әубәкір (екеуі де марқұм), Омар, Алик, Әшірбек күйеу балалар қыздарыңа жақсы жар, жиендеріңе асқар тау әке, қайсыбір істерде қайынжұртқа сүйеу болды.
«Дүние таппайтын еркек жоқ, құрарын айт, бала таппайтын әйел жоқ, тұрарын айт» деген де данышпан қазақтың қазыналы қария, абыз ақсақалдарынан қалған қағида.
Адал, іскер, еңбекқор әкеміздің тапқан-таянғанын тиянақтылықпен жинай да, жұмсай да білген, шүкіршілікпен ғұмыр кешіп, тірлік еткен Сенің өмірің – бізге өнеге, Анашым!
Үлкен қанағатшылықпен, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» тәрбиелеп өсірген ұрпағыңнан өрбіген әулетте 33 немере мен жиендеріңнен тараған 57 шөберең таутұлға Әкем мен балбұлақ Сенің өмірлеріңді жалғастырып, балқұрақтай жайқалып өсіп келеді. Алла көпсінбесе, біз азсынбадық, «Олардың қатары толыға түссін!» деп жалбарынамыз Жаратқанға.
Үлгілі үрдісің мен өнегелі өміріңді жалғастырып жатқан ұрпағың барда сен мәңгі тірісің, Асыл анам! Сен бәрінен жақсы Адамсың!

Әзімбек ТІЛЕШЕВ,
ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы милиция майоры.
Тараз қаласы.

ПІКІР