Диагноз

Барлық бала бақылауда

Written by Aray2005

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні аясында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Аутизм. Мүмкіндіктер әлемі» атты конференция мен «Біз бақытты баламыз» тақырыбында акция өтті.

Бүгінде облыста ерекше білімді қажет ететін 7 911 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Солардың ішінде 125-і аутизмге шалдыққандар. Аутизм – бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі. Қазіргі таңда облыстағы жалпы білім беретін 446 мектептің 308-інде және 381 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 127-сінде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп, оқытуға барлық жағдай жасалған.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырованың айтуынша, «DARA» және «SAMRUK-KAZYNA ТRUST» қайырымдылық қорларының қолдауымен Тараз қаласында №25 орта мектеп жанынан инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеті ашылып, онда 120 ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалар қамтылыпты.
– Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға жағдай жасау мақсатында биыл облыстық білім басқармасы Астана қаласындағы Ұлттық оңалту орталығы және Алматы қаласындағы «Болашақ» корпоративтік қорымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Меморандум аясында 2019-2020 оқу жылында Тараз қаласындағы 2 орта мектепте «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясында аутизм және басқа да дерттерге шалдыққан балаларға арналған инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу жоспарланды, – дейді Жәмила Бекбатырова.
Облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықта өткен конференцияда облыстық білім басқармасының психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығының мамандары аутизм белгісі бар балалармен және олардың ата-аналарымен, түзету кабинеттері мамандарымен, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерімен бірлесе жұмыс жүргізудің тың тәсілдерін талқылады.

Қамар Қарасаева

ПІКІР