Sport

Бас бапкерсіз «тараздың» болашағы не болмақ?!

Премьер-лигаға оралуды көздеген «Тараз» командасының сүреңсіз ойындары жалғасуда. Жасырып қайтейік, маусым басталғанда жерлестеріміздің еш қиналмастан бірінші лигада топ бастарына кәміл сенген едік. Әрине, қарсыластар қалпақпен ұрып алатындай осал дей алмаймыз. Дегенмен, команданың бұған дейінгі Премьер-лигадағы тәжірибесі, білікті бапкерлер құрамы, ойыншылардың деңгейі өзгелерге қарағанда әлдеқайда мықты екенін мойындауымыз керек. Солай бола тұра, команданың бірде ойсырай жеңіліп, енді бірде тең түсіп жатуының себебін түсіне алмадық.

Жетінші тур аясында Семейге қонаққа барып, жергілікті «Алтай» командасымен кездескен тараздықтар тағы да тең түсіп, бір ұпайды місе тұтты. Төреші ысқырығы естілісімен «Алтай» ойыншылары алға ұмтылып, қарсыластарын қыспаққа алумен болды. Өз кезегінде қонақтар да қарап қалмады. Жиі-жиі қарымта шабуылдар ұйымдастырып, «Алтай» қақпасынан саңылау іздеп бақты. Рас, сырт алаңнан ұпай олжалауды мақсат тұтқан біздің команданың ойыншылары допқа көбірек иелік етті. Алайда, қақпаны қақыратып өтетін соққылар легін көре алмадық. Шабуыл бар, бірақ оны сәтті түйіндеу жағы кемшін түсіп жатты. Бұл орайда «Алтай» ойыншыларының шеберлігін атап өтпеске болмас. Себебі, қорғанысқа жамбастай жатқан команданың тас қамал қорғаушылары тараздық шабуылшылардың алғы шепте еркін ойын өрнегін көрсетулеріне мүмкіндік бермеді. Қақпаға тура соққылар аз бағытталған ойынның бірінші таймында есеп ашылмады.

Ал, ойынның екінші бөлігінде күтпеген жағдайларға тап болдық. «Тараз» сапындағы Самат Отарбаев пен Бекзат Шадманов бірінен кейін бірі ойыннан қуылып, жағдай мүлдем ушықты. Мұндай сәтте қарсыластар қарап қалсын ба?! Ойыншы санындағы басымдықты пайдаланып, өз алаңдарында жеңіске жетуге барын салды. Бұл орайда екі бірдей ойыншы қуылғаннан кейін жерлестеріміздің жеңісі туралы ойлаудың өзі бекер еді. Біз күткендей-ақ, екінші таймда алаң иелері ойын тізгінін қолдарына алып, шабуылдарын үдетіп бақты. Қос қапталдан алма-кезек қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, қорғаушыларымызды біршама әбігерге салды.

Абырой болғанда семейліктердің айқын басымдығымен өткен екінші таймда да есеп ашылмады. Қорытынды есеп — 0:0. Әр тур сайын ұпай жоғалтумен келе жатқан «Тараз» әзірге 12 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады. Бірінші лигада «Қыран» 19 ұпаймен көш бастап тұрса, 15 ұпаймен «Оқжетпес» шымкенттік команданы өкшелеп келеді. Ал, үздік үштікті 13 ұпаймен «Алтай» түйіндеп тұр. Жерлестерімізге алдағы ойындарда ширақтық танытпаса, бір-екі ұпай айырмасымен ғана қалып келе жатқан «Екібастұз» және «Қайрат А» командаларының алға суырылып шығуы ғажап емес. «Тараз» командасы келесі кездесуді турнир кестесінің оныншы сатысына жайғасқан «Ақтөбе-Жасқа» қарсы өткізетінін ескерсек, өз алаңымызда ұпай олжалауға үлкен мүмкіндік туып тұр. Ендеше, жерлестеріміздің жеңісті жорығы осы кездесуден басталарына сенейік.

…Айтпақшы, 2017 жылы «Тараз» командасының тізгінін алған Ваит Талгаев жуырда өз еркімен қызметтен кетті. Бас бапкердің кеткеніне қуанбаса, қынжылған әзірге ешкімді көре қоймадық. Неге екені айтпаса да түсінікті. «Тараздың» екінші тынысын ашып, түлетемін деп келген Талгаев керісінше тұңғиыққа одан әрмен батырып, бірінші лигаға түсіріп тынды. Кеткен бапкер кетті. Енді команданың жаңа бапкері кім болмақ? Бас бапкердің міндетін қазір уақытша Нүркен Мазбаев атқаруда. Жанкүйерлер тілегі, алдағы уақытта бапкерлік қызметке кім тағайындалса да, 58 жылдық тарихы бар команданың ойынына жаңаша серпін әкеліп, бұрнағы жылдардағы төске өрлеген даңқын қайтарып бере алса болғаны.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР