Астанаға 20 жыл

Бас қаламен аттас балақай

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» деп айрықша баға берген Астана қаласы күн өткен сайын көркейіп, қанатын кеңге жаюда. Биікке ұмтылған бас шаһардың даму динамикасы кім-кімді де сүйсіндірмей қоймайды. Сондықтан да болар, жақсылыққа жаны жақын жұртшылық жаңа нысандарға Астана атын беруге құмар. Тіпті, өмірге келген нәрестелердің есімі де бас қаламен байланыстырылуда. Бұған әрине, қуану керек. Өйткені, Астана-асқақ арман мен биік талғамның өлшемі. Міне, Елорданың құрметіне Астана атын алған сондай жеткіншектің бірі Байзақ ауданының Ақшолақ ауылында тұрады. Бүгінде 8 жасқа аяқ басқан ол оқу озаты. Биылғы оқу жылын үздік бағамен тәмамдап, ата-анасымен бірге мұғалімдерінің де мерейін өсірді.

Болашақта ғарышкер болуды армандайтын талапты балдырған Астана Ақылбаев – үйінің үлкені. Сондықтан да болар, жауапкершілікті ерекше сезінеді. Әкесі Асылбек жұмыс бабымен басқа қалаларға бірнеше күнге кеткенде, анасына қолқанат болып, үй шаруасына көмектеседі. Ізінен ерген қос інісі Иманғали мен Нұрәлиді ойнатады, оларға кітап оқып береді. Талабы таудай, талпынысы зор Астананың жаңа дүниені үйренуге жаны құштар.

– Сынып жетекшіміз Зарина әпкейдің айтқандарына қарап, ғарыш әлеміне қызықтым. Ғарыш кемесімен аспанға ұшып, айды, күнді зерттеп, игерсем деймін. Және де компьютер, ұялы телефондардағы түрлі бағдарламалардың тілін үйренуге құмартамын. Сосын математика пәнін жақсы көремін. Қиын есептердің шешімін тапқанды ұнатамын. Сонымен қатар, дене шынықтыру пәніне деген қызығушылығым жоғары. Мұнда достарыммен бірге бокстасып ойнаймыз. Кейін үлкейген соң боксшы болып, Қазақстанның атын әлемге танытқым келеді. Барлық ел еститіндей етіп, біздің Әнұранды тыңдатсам деймін. Өзім Әнұран орындағанда қатты толқимын, біресе жүрегім дүрсілдеп соғады, енді бірде көзіме жас келеді. Мен Астанамын ғой. Маған жаман оқушы атануға болмайды. Қазақстанға қажетті жұмысты істеуім керек. Өйткені, мен қазақ үшін туылған­мын, – деп Астана бала қиялымен жүрегімізді тербетті.

Балақайдың есімін 87 жастағы атасы қойыпты. Қария немересінің есіміне лайықты болып өсуін қалайды. Осы жолда өмірден түйген өнегесін бөлісіп, бағыт-бағдар беруден аянған емес.

– Балама Астана деп азан шақырып, ат қойғанымда Елордадай мәртебелі, бүкіл қазақтың қамын ойлайтын, елінің игілігі үшін еңбек ететін азамат болсын деп ниеттенгенмін. Шүкір, баламның қазіргі беталысы жаман емес. Үмітімді ақтайтынына сенемін, – дейді Қазы қария.

Расында да, Астана жан-жақты жеткіншек. Бос кезінде кітап оқып, есеп шығарумен шұғылданады.
– «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді. Астанамның талпынысына қарап, сүйсінемін. Інілеріне қамқорлығы, маған қолғабыс етіп, жүгіріп жүретіні, атасының ақылын тыңдайтыны, сабағына ұқыпты қарайтыны көңілімді марқайтады. Әкесі жұмыс бабымен сыртта көп жүреді. Өзім балалардың күтімін жасап, үй шаруасымен айналысамын. Қазақтың мақтанышы – Астанадай ұлым да алғыр азамат болуын тілеймін, – дейді анасы Гүлнар.

Балаға жағымды естілетін, мағынасы зор, көркем есім қою – жауапты іс. Тіпті, Исламда бұл әкенің үш хақысының бірі саналады. Ал, біздің халықта «Балаға берілген есім тағдырына ықпал етеді» деген наным бар.

Елбасы Н.Назарбаев Елорданы атауы туралы толғанысын «Бір күні түнде, дәлірек айтқанда, түнгі екіде жаңа астананың аты Астана болады деген ой келді маған. Астана – ол Астана! Қай тілде де, ұғымды, ұран тәрізді» деп жеткізеді. Ал, тарих ғылымының кандидаты, доцент Болаттемір Алтаев «Астана атауының тарихи астарына үңілген еңбегінде «Астана – бұл алып қазан немесе тайқазан. Қазіргі таңға дейін Оңтүстік өңіріндегі той, астарда тамақ пісіретін өте үлкен қазанды «астана» деп атайды» дейді. Астана атауын жіктеп, ас – биік, асқар шыңды, тан/а – тәңір мағынасын білдіретінін жазыпты. Сондай-ақ, түркі халықтарында бурыл тұлпарға мінген батырдың есімімен байланыстырған.
Яғни, 8 жасар жамбылдық Астананың болашақта қазақтың қамына туған батыр боларына біз де сенеміз. Лайым, солай болғай!

Қамар Қарасаева
Байзақ ауданы

ПІКІР