Мәдениет

Бас жүлде Елдар Боранбекте

????????????????????????????????????
Written by Aray2005

Белгілі ақын, драматург, Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойына орай көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. «Сырда туған сырбаз ақын» атты байқауды облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Тараз қаласы мен аудандардан 17 мен 29 жас аралығындағы 13 үміткер қатысқан көркем сөз додасы негізгі 2 кезеңді қамтыды. Алғашқыда конкурсқа қатысушылар драматургтың драмалық немесе комедиялық пьесаларынан үзінді көрсетіп, екінші кезеңде поэмаларын оқып сынға түсті.
Туындыны жатқа және нақышына келтіре мәнерлеп оқылуына, образға еніп көрсете алуына, сахна мәдениетін сақтауына мән берген қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Тараз қаласынан қатысқан жас дарын Елдар Боранбек жеңіп алды. Ал, 2-орыннан Т.Рысқұлов ауданынан келген 11-сынып оқушысы Айжан Сералы көрініп, жүлделі 3-орын таластық мұғалім Әйгерім Байысбекке бұйырды. Өзге қатысушылар арнайы аталымдармен және Алғыс хатпен марапатталды.
Байқаудың қазылар алқасының төрағасы, әдебиеттанушы ғалым Сәмен Құлбарақ қатысушылардың талпынысына тәнті болғанын жеткізді.
– Мұнда негізінен жастардың өнерге құштарлығы, мемлекеттік тілде таза да анық сөйлеуі және драмалық туындылардың шебер сахналануы назарға алынды. Үміткерлердің әр туындыны жатқа және мәнерлеп оқуы арқылы кейінгі жастардың ақын шығармаларын қаншалықты ұғыныңқы оқитындарын байқадық. Әбділдә Тәжібаев қазақ әдебиетіндегі орны бөлек тұлға. Кезінде Мұхтар Әуезов жоғары баға берген ақын. Ол поэма, пьесалар жазумен қатар лирик ақын. Халқымыздың көркем тілін байытуға, өнерін көркейтуге елеулі үлес қосқан әдебиет өкілі. Осындай әдебиетшінің туындыларына арналған байқаудың тартысты болмауы мүмкін емес. Қатысушылардың көбінің өнерге құштар екенін аңғардық. Жүлде бөлу оңайға түспеді. Әйткенмен, конкурс талаптарына жан-жақты сай келгендерге басымдық берілді, – дейді Сәмен Оразғалиұлы.
Расында да бұл байқауға қатысушылар көркемсөз оқуда шын жүйрік екенін көрсетіп, тіл өнеріне деген сүйіспеншілігін байқатты.

Қамар Қарасаева

ПІКІР