Бас жүлдені Қанат Мырзахан жеңіп алды

0 47

Тараз қаласындағы «Баласағұн» концерт залында өтіп жатқан жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтің 175 жылдық мерейтойына арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыс өз мәресіне жетті. Еліміздің әр өңірінен келген жиырма ақынның ішінде жерлесіміз Айтмұханбет Исақов пен қостанайлық Айбек Қалиев ақындардың алғашқы жұбын құраса, сөз өнерінің алғашқы айналымын жерлесіміз Алтынкүл Қасымбекова мен алматылық Шұғайып Сезімхан түйіндеді.
Ғасыр жасаған Жамбыл бабамыз бен еліміздің ақпан айында туған бірқатар тұлғаларын, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын жырына арқау еткен ақындар жақсы айтыс жасай білді. Көптен бері айтыс көрмей аңқасы кепкен көрермен шайырлар ұсынған зәм-зәм суға бергісіз жырға мейір қандырды. Осылайша 10 жұп ақынның ішінде 3 жұп ақтық айналымға өтті. Ақтық айқаста жұрт жамбылдық Шапағат Сәбитқызы мен Шұғайып Сезімханның, түбі түркістандық Еркебұлан Қайназар мен жерлесіміз Қанат Мырзаханның, қызылордалық Нұрмат Мансұр мен Ұлы Абайдың жерлесі Рүстем Қайыртайұлының тартысты өнерін тамашалады.
Дуы басым жыр додасы қас қарайғанша созылып, халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар шешімімен бас жүлде Қанат Мырзаханның қанжығасына байланды. Топтан оза шапқан оғланға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев диплом және 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ал бірінші орынға лайық деп танылған Рүстем Қайыртай мен Еркебұлан Қайназаровқа 750 мың теңгеден берілді. Әр қайсысы 500 мың теңгенің сертификатына ие болған Шапағат Сәбитқызы мен Нұрмат Мансұр екінші орынға табан тіреді. Павлодар облысының тумасы Аспанбек Шұғатаев, Петропавлдан келген Жарқын Жұпархан, Шұғайып Сезімхан үшінші орынды місе тұтып, оларға 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. 3 ақынға ынталандыру сыйлығына берілсе, қалғаны облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

 

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.