Жастар.kz

Басқарма балаларды босқа жүргізбейді

Written by Aray2005

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен өңірдегі NEET және жұмыссыз жастар арасында кіші футболдан «Jambyl CUP» деп аталатын облыс біріншілігі түндігін түрді.

NEET және жұмыссыз жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастарды дене шынықтыру және спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында ұйымдастырылып отырған турнир 3 айға созылады.
Өткен сенбі күні Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта өткен біріншіліктің ашылу салтанатында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа сөз алып, жобаның мән-маңыздылығына тоқталды.
– Біріншіліктің негізгі мақсаты NEET және жұмыссыз жастарды бұқаралық спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Сол арқылы дәл осы санаттағы жастардың жайы мемлекет назарында екенін көрсеткіміз келеді.
Жалпы чемпионатқа облыс аудандары мен Тараз қаласынан 30 команда тіркелді. Алдағы уақытта олардың санын 50-ге жеткізуді жоспарланып отырмыз.
Спортшылар қайта күшейтілген карантинге қарамастан күш сынаса береді. Санитарлық талаптарға сай командалар санында өзгерістер болуы мүмкін, – деді басқарма басшысы.
Айта кету керек бүгінде облыста NEET жастармен нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Салалық басқарма мамандарының көмегімен жұмыссыз жүрген жастардың арнайы базасы дайындалмақ. Сондай-ақ екі қолға бір күрек таппай жүрген өрендерден сауалнама алынып, мәселені тереңнен зерделеу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. NEET жастармен жұмыс олардан алынған сауалнама нәтижесінде қарқын алмақ. Мұнан бөлек «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында жұмыссыз жастарға барынша көмек көрсетіледі. Бағдарлама аясында оларға қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліп, өз ісімен айналысуға мүмкіндік беріледі.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР