Басқарма басшысының сөзін аудан әкімдері неге жоққа шығарды?

0 5

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту мәселесі қаралды. Кеңесті ашқан Бердібек Машбекұлы инвестиция – экономикалық дамудың кепілі екенін, өкінішке қарай, салада шешімін күткен мәселе көп екенін атап өтті. Мәселен, бірқатар ауданда инвестиция тарту көлемі облыс көрсеткішімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына 29,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2019 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен. Ал биыл 34 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Дегенмен Тараз қаласында, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Меркі аудандарында белгіленген жоспар толығымен орындалмаған.

Қайрат Тілеубайұлының есебін тыңдап, инвестициялық жобалар тарту бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен, алдағы жоспармен танысқан өңір басшысы басқарманың жұмысын қатаң сынға алды.
– Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында өткен жылы бір ғана жобадан жүзеге асқан. Сарысу ауданында – 5, Талас ауданында 6 жұмыс орны ашылған. Айтуға ұят. Ал биыл аталған аудандарда бірде-бір жоба жоқ. Міне, басқарманың жұмысының нәтижесі. Басқарма аудандардың мүмкіндігін жіті зерделеп, соған сай жұмыс жүргізбейді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының негізгі міндеті – инвестиция тарту. Инвесторлармен шаруа қожалықтардың арасында байланыс орнату, – деді Б.Машбекұлы.
Дегенмен Қайрат Тілеубайұлы Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандары мал шаруашылығына байланысты ұсыныстар бергенін, қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
Мұнан кейін аймақ басшысы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» секілді мемлекеттік бағдарламалардың орындалу қарқыны жайлы сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5 000 ірі қара алу жоспарланса, олардың 2 300-і жеткізілген. Сонымен қатар «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 30 мың қой алу жоспарланып, толық орындалған.
– Қазір ауылдық округ әкімдерінің есебіне қатысып жүрмін. Көп елді мекенде аталған бағдарламалар дұрыс жұмыс істемейді. Себебі тұрғындар білмейді. Мәселен, облысымызда көптеген ірі шаруа қожалық төрағалары «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өрісін малға толтырып отыр. Өкінішке қарай, басқарма тарапынан ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуінің салдарынан көптеген елді мекен тұрғындары мол мүмкіндіктен қағылып отыр. Жылы кеңседе отыра беруге болмайды. Егер қаладан ұзап шықпасаңыздар шалғайдағы елді мекендердің жағдайы қалай болмақ?! Кім инвестиция тартып, кім мемлекеттен мал алып береді. Жанашырлықпен жұмыс істеу керек. Нақты тапсырма берілген. Бірақ нәтиже жоқ. «Жұмыс істейміз, жоспарланып отыр» деумен шектелесіздер, – деген Бердібек Машбекұлы ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды.
Ал аппараттық кеңесте онлайн режимде байланысқа шыққан Тараз қаласының әкімі, Талас ауданы әкімінің орынбасары, Сарысу, Жамбыл аудандарының әкімдері қысқаша баяндама жасап, ақталуға тырысты. Бірі жоспардың орындалмауына пандемияны сылтау етсе, енді бірі басқарма басшысының баяндамасын мүлдем жоққа шығарды. Яғни аудандарда өткен жылы инвестициялық жоба тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Ағымдағы жылдың жоспары да ауқымды. Айтуларынша, бар айып басқарма басшысының өзінде. Мысалы, Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов атқарылып жатқан жұмыстар басқарма басшысының баяндамасына енбей қалғанын айтады. Алайда облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев аудан әкімдері ұсынған мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын ашық айтты.
– Құрметті Бердібек Машбекұлы, бір апта, екі апта бұрын емес, кеше ғана аудан әкімдерінің орынбасарларымен онлайн кездесу өткіздім. Сонда аталған аудандарда шынымен-ақ инвестициялық жобалардың жоқ екені белгілі болған. Бір күннен кейін басқа мәлімет айтып отыр. Яғни қазіргі айтып отырған инвестициялық жобалары бір күнде пайда болған жобалар,– деді Б.Болатұлы.
Жалпы кеңес барысында ирригациялық жүйелердің жай-күйі, агрохолдинг құру мәселесі жан-жақты талқыланып, кеткен кемшіліктерді жою бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.