Басқармалар аудан әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеуі керек

0 4

Бүгінде әлі күнге сапасыз құрылыс пен игерілмей жатқан қаржы төңірегінде түйткіл көп. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы мәселе күн тәртібіне көтеріліп, жаза басқандардың жұмысы қатаң сынға алынды.

– Тұрғындар тарапынан көп наразылық жол сапасына қатысты айтылады. Ол орынды да. Себебі біз былтыр салған жолды биыл қайта жөндеп жатамыз. Бұл құзырлы мекемелер тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетіп тұр, – деп кеңес отырысын ашқан аймақ басшысы облыстық мәндегі автомобиль жолдарының құрылысы барысын баян ету үшін сөзді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековке берді. Басқарма басшысы атқарылған жұмыстармен қатар бірқатар өзекті мәселелерді ашып айтты.
– Өңірде автомобиль жолдары 9989 шақырымды құрайды. Жыл басынан жол саласына барлық бюджет көздерінен 5,6 миллиард теңге бөлінді. Қаралған қаржының 809,9 миллион теңгесі 3,6 шақырым жолдың құрылысына бағытталса, 3,9 миллиард теңгесі 116,9 шақырым жолды орта жөндеуден өткізуге, 911,3 миллион теңгесі жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына жұмсалады деп көзделуде. Сондай-ақ 15,0 миллион теңгеге «Жол активтерінің Сапа орталығының» зертханалық сараптамаларына келісімшарт жасалып, жөнделетін автожолдар бөлімдерін бірлесіп тексеру кестесі әзірленіп, бекітілді.
Соңғы бюджетті нақтылауда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша 25 жобаға 3,1 миллиард теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тірек және спутниктік елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 74 жобаға 2,1 миллиард теңге және Тараз қаласының көшелерін жөндеу бойынша 26 жобаға 1,6 миллиард теңге бөлінді, – деген басқарма басшысы одан әрі күн тәртібінде тұрған түйткілді мәселелер төңірегінде сөз қозғады.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекен көшелерін жөндеуге хаттамалық тапсырма бірнеше мәрте берілгенімен, қазір тек Байзақ, Мойынқұм, Жуалы аудандары мен Тараз қаласы ғана қаржы қарастырып отыр. Қалған аудандарда қаржы бөлінбеген. Бұл жол жөндеу барысында сапасыз құрылыс материалдарын пайдалануға әкеліп соқтырады.
Тағы бір мәселе, жол нысандары пайдалануға берілген күннен бастап орташа жөндеу жұмыстарына 2 жылға, күрделі жөндеу жұмыстарына 5 жылға кепілдеме беріледі. Кепілді мерзімде асфальт жамылғысында ақаулар пайда болу деректері анықталған жағдайда олар толығымен мердігердің өз есебінен қалпына келтірілуі керек. Бұл мәселе тапсырыс берушілердің тұрақты қадағалауында болуы қажет. Алайда бірқатар аудандар тарапынан тиісті шаралар қабылданбай отырғандығы байқалып отыр. Мәселен, Жуалы ауданында өткен жылы орта жөндеуден өткен «Дихан ауылына кіре беріс», Б.Момышұлы ауылындағы Парасат, Д.Қонаев және Мұнайшы көшелерінде, Меркі ауданында «Сұрат-Тескентоған» автожолында және Талас ауданындағы «Ерназар-Қойгелді», «Ақкөл-Талапты», «Қасқабұлақ ауылына кіре беріс» автожолында асфальт жамылғысының жарылуы, бұзылуы және шұңқырлықтар түріндегі ақаулар пайда болған. Осыны аталған аудандардың әкімдері жіті бақылауына алып, мердігер тарапынан қайта қалпына келтіруді талап етуі керек.
Қосымша бөлінген қаржылар есебінен іске асырылатын жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарының дер кезінде жарияланбауы да өзекті болып тұр. Мәселен «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында бөлінген қаржы жөніндегі республикалық бюджет комиссиясының шешімі 2021 жылы 20 сәуірде шыққанымен, бірқатар аудандар тарапынан облыстық мәслихат шешімін күтпей алдын-ала сатып алу жоспарын бекіту арқылы мердігерлерді анықтау бойынша конкурс жариялау шаралары сан рет ескертілсе де қабылданбаған. Мемлекеттік сатып алу конкурстарының кеш жариялануы нысандарды мерзімінде пайдалануға берілмеуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Нақты сандарды сөйлетсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған 84 жобаның бүгінге 28 жобасына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланбаған. Оның ішінде Байзақ ауданында – 2, Жамбылда – 1, Жуалыда – 13, Қордайда – 7, Меркіде – 3 және Талас ауданында – 2 нысанға мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланбай отыр, – деген Бақытжан Оразалыұлы битум бағысының қымбаттауы, ауыр жүк көліктерінің жолмен жүруіне шектеу қою сынды мәселелерді де өзекті етіп көрсетті.
Баяндаманы мұқият тыңдаған Бердібек Машбекұлы басқарма тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтындығын жеткізді.
– Баяндамаңызда жол құрылысына қосымша қаржы бөлуді сұрайсыз. Алайда қаралған қаржыны игере алмай жатқандарыңыз қалай? Маусым айының 15-ші жұлдызы болды. Ал аудандар қаржысы бектіліп қойған нысандар бойынша әлі күнге конкурс жарияламаған. Сонда бұл құрылыс қашан басталып, қашан бітеді? Хаттама жіберіп қойып қарап отыруға әбден үйренгенсіңдер. Мен қанша рет айтамын, басқарма аудан әкімдеріне хат жіберіп ғана қоймай, бірлесе жұмыс істеуі керек. Ал аудан әкімдері облыстық бюджетке қарап отырмай қосымша қаржы көздерін табуы қажет.
Бақытжан Оразалыұлы, битум бағасының қымбаттағанын кімге айтып отырсыз? Осы мәселені мен былтыр айтқан жоқ па едім? Дайындықты ертеден бастаңдар деген тапсырма бердім. Ал сіз бүгін келіп битум қымбаттап жатыр деп отырсыз.
Өткен жылы «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автожолы жөндеуден өтті. Алайда бір жылға жетпей талқаны шығып жатыр. Аталған автожол бойымен ауыр жүк көліктері тұз тасығандықтан жол бүлінуде. Неге басқарма сол компанияларға айыппұл салып, тәртіпке шақырмайды?, – деген облыс әкімі басқарма жұмысына «нашар» деген баға берді.
Келесі кезекте сөз алған «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова республикалық мәндегі автомобиль жолдарының жағдайын баяндап шықты. Алайда Бердібек Машбекұлы республикалық мәндегі жолдарға қатысты да бірқатар мәселе бар екенін атап өтті.
– Біз жол құрылыстарын тез бітіруіміз керек. Егер құжаттарды рәсімдеу шаралары ұзап кетіп жатса, жылдамдатудың жолын табу керек. Одан кейін құрылысқа шетелдік азаматтарды тартуды азайту қажет. Өзіміздің жергілікті жердің тұрғындары жұмыспен қамтылсын. Сондай-ақ құрылысқа отандық өнімдерді пайдалану пайызын өсірген жөн.
Тағы бір мәселе – республикалық мәндегі жолдардың бойына сервистік орталықтар салынатындығы бұған дейін айтылған. Алайда жұмыс көрінбейді. Біле білсеңіздер күн сайын республикалық мәндегі жол бойында екі-үш адам жол апатынан қайтыс болып жатыр. Оған басты себеп жол бойында тынығатын орындар жоқ. Осы мәселені «Қазавтожол» мекемесінің басшысы менің орынбасарыммен бірлесе отырып шешкені абзал, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев баяндама жасап, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, басқармамен «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған тәуекел қаупі жоғары 45 кәсіпорын енгізіліпті. Сондай-ақ жалақы мәселесіне қатысты «Жамбыл Цемент» өндірістік компаниясы мен «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалында туындаған наразылық акциялары шешімін тауып, жұмысшылардың сұранысы қанағаттандырылған. Бұдан бөлек мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан бері 475 жеке және заңды тұлғаның арыз-шағымдары қаралып, олар бойынша жоспардан тыс 36 тексеріс жүргізіліп, 26 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталған. Нәтижесінде жалпы құны 1 035 535 теңгені құрайтын 8 айыппұл салынып, 15 нұсқама берілген. Осы шаралардың нәтижесінде облыс бойынша 108,1 миллион теңгенің жалақы қарыздары белгілі болып, 733 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған. Осылайша қазір облыс бойынша бірде-бір мекеменің қызметкерлері алдында қарызы жоқ болып отыр.
Ұжымдық шарттарды қабылдау мен жұмысшыларды қысқартпау туралы меморандумға қол қоюда барлық аудандар белсенділік танытса, тек Тараз қаласы ғана төмен көрсеткіш көрсеткен.
Биылғы жылы жазатайым оқиғаларға жол берген 6 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақат консепциясы енгізілсе, 7 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілген. Дегенмен есепті мерзімде 16 жазатайым оқиға орын алып, 18 адам зардап шегіп, 8 азамат қаза тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қаза болған адамдар саны 6-ға артқанын көрсетіп отыр. Міне, осындай көрсеткіштерді баян еткен Қайрат Әскербекұлы соңғы жылдары еңбек жағдайларына қатысты арыз-шағымдардың 15-20 пайызға артқанын тілге тиек етіп, осыған орай алдағы уақытта еңбек инспекторларының санын қысқартпай, керісінше күшейтуді облыс әкімінен сұрады.
Бердібек Машбекұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімдерінен де жауап алып, бірқатар тапсырмаларын берді. Ал жиын соңында ең бастысы жауапкершілік пен жоспарлы жұмысты дер кезінде аяқтау қажеттігін атқамінерлердің есіне тағы бір мәрте салды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.