Жамбыл жаңалықтары

Басқармалардың БАҚ-пен байланысы қандай?

Written by Aray2005

Соңғы уақытта ақпараттық-технологиялар қарқынды дамып, соның арқасында әлеуметтік желілер мен түрлі сайттардан бүгін болған жаңалықтан бастап сан түрлі салмақты дүниелермен танысуға мүмкіндік туды. Ғылым мен білімнің жетістігінен пайда болған осы игілікті бүгінде өз ісін жарнамалағысы, атқарып отырған жұмысын жалпақ жұртқа БАҚ арқылы жеткізгісі келген жеке азаматтар немесе мекеме-кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар сәтті пайдалануда.

Дегенмен, мұндай мүмкіндікті облыс әкімдігіне қарасты кейбір басқармалар мен аудандардың пайдалана алмай отырғаны көңіл қынжылтады. Бұған біз облыс әкімдігінде облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалидың төрағалығымен өткен бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі кеңес отырысында куә болдық.
– Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің дамуы мен өркендеу жолындағы жаңалықтар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын халыққа дер кезінде жеткізетін жаңалық жаршысы. Ағымдағы жылы Ішкі саясат басқармасы тарапынан ақпараттық саясатты жүзеге асыруда бірқатар бастамалар іске асырылды. Атап айтқанда, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өкімімен облыс әкімдігінің басқармалары мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің интернет кеңістігіндегі жұмыстары жүйеге келтіріліп, регламенттелді. Сонымен қатар басқарма басшылары мен Тараз қаласы, аудан әкімдері облыстық баспасөз конференциясына қатысып, облыстық «JAMBYL» телеарнасының «Бірінші студия» бағдарламасында тікелей эфир ұйымдастырылып отырды, – дей келе Берік Уәлиұлы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстағы аналогты эфир жүйесі өшіріліп, цифрлық жүйеге толық көшірілгенін, бұл жөнінде тұрғындар тарапынан еш шағым түспегенін атап өтті.
Жиын барысында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев жылдың екінші жартысында мемлекеттік тапсырыс есебіндегі медиа-жоспарларды орындау, Елбасы Жолдауларынан туындаған міндеттер мен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар аясында салада атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі тиісті материалдар тұрақты түрде жарияланып келе жатқанын сөз етті.
Дегенмен, Берік Уәлиұлы аталған басқарманың әлеуметтік желідегі контенттерінің сапасына және бұқарамен байланысының төмендігіне қатысты бірқатар сын-ескертпесін сөз етті.
Облыстық «Аq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен облыстық «77 TV» телеарнасының директоры Зарина Қуатова да басқарма мен БАҚ арасындағы байланыстың жоқтығын алға тартып, арадағы қарым-қатынасты нығайту жолдарына тоқталды.
Келесі кезекте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков БАҚ пен басқарма арасындағы қарым-қатынас туралы көңілге қонымды баяндама жасады. Дегенмен, бұл басқарманың жұмысында да интернет кеңістігіне келгенде кібіртіктейтін тұстар жетерлік.
Ал жиында талқыланған Т.Рысқұлов ауданының БАҚ-пен байланыс жөніндегі жұмысы көңіл көншітерліктей деңгейде екен. Басқосу соңында Берік Құрманғали жауапты сала мамандарына мемлекеттік орган тарапынан ұйымдастырылған іс-шараларды сайттарға, әлеуметтік желілердегі парақшаларына дер кезінде орналастыруды және осыған қатысты басқа да бағыттар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Н.БОЛАТҰЛЫ

ПІКІР