Баспана бағдарламасы: Жастар ай сайын 100 мың төлей ала ма?
«Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша мәлімет берді.
«Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматыда жергілікті атқарушы органдардан жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын ашу ұсыныстары түсіп жатыр. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үй бағасы – шамамен 13 миллион теңге болады. Бұл баға қайдан шықты? Біріншіден, бағдарлама қабылданған кезде бастапқы және қайталама нарықтардағы бір бөлмелі пәтердің нарықтық бағасы шаршы метріне 280-320 мың теңге аралығында болды және есептеу кезінде осындай сома шығарылды», – деді Жансұлтан Матай.
Филиал директоры сондай-ақ ай сайынғы ипотекалық төлем де қанша болатындығын айтты.
«Егер осы бағдарлама аясында 13 миллион теңгеге ипотека рәсімделсе, ай сайынғы төлем шамамен 101 мың теңге болады, бастапқы жарна 10% құрайды. Бұл есептеулер ай сайын пәтерді жалға алуға орташа есеппен 100 мың теңге жұмсалатынын ескере отырып жүргізілді және ипотеканы рәсімдеу кезінде төлем сомасы осы шектен аспайтын болады», – деді Ж. Матаев.
Әрине Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары үшін бір бөлмелі пәтердің бағасы 13 миллион теңге болғаны қалыпты құбылыс шығар. Алайда жастардың кез-келгені айына 100 мың теңге ипотека төлей алады дегенге сену қиын. Ал бұл бағдарлама Жамбыл облысына қашан жететіндігі белгісіз. Бірақ біздегі бір бөлмелі үйдің бағасы 5 миллион теңге тұратын болса, ипотекалық төлем қанша болар екен?