Баспана – бақыт шамы

0 4

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Нұрлыкент ауылының тұрғыны Нәренбаевтар отбасы баспаналы болды. Баспана ауыл тұрғындарынан жиналған қаражатқа сатып алынған. Сондай-ақ «BURNOYE SOLAR-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Қапенов және «Гамбург» серіктестігінің директоры Георг Кох та игі шараға қол ұшын созып, қаржылай демеушілік көрсеткен.

«Жақсылыққа жақсылық, әр кісінің ісі» деген ұстанымды берік ұстанған ауыл тұрғындары Сиыр жылының қарсаңында көпбалалы, аз қамтылған Нәренбаевтар жанұясына бес бөлмелі үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Шараға Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назар қатысып, игі тілектерін жеткізді. Жиналғандар көпшілік алдында жылы лебізін білдірген ауыл имамы Қанатбай Шәмшиев қайырымдылықтың шариғи мәніне тоқталып, игі дәстүрді жаңғыртқан облыс әкіміне айрықша алғыс білдірді.
Өз кезегінде көптің көмегімен баспанаға қол жеткізген көпбалалы отбасының отанасы Мәрия Аманбаева өмірде шынымен де қамқор, жомарт жандар көп екенін тілге тиек етіп, тұрмыстары аз ғана уақытта көрген түстей өзгергенін қуанышпен жеткізді.
– Мың да бір шүкір, енді өз үйіміз бар. Ауыл азаматтарының бізге жасаған бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Жаратқаннан жақсы адамдардың амандығын тілейміз. Қысылғанда көмек қолын созған барша ағайынға, ауылдастарыма жасаған жақсылығы үшін аналық ақ жүрегіммен алғыс айтамын, – деді М.Аманбаева.

Айдана ӨТЕГЕН,
№5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.