Қоғам

Баспана мәселесін шешудің оңтайлы жолы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы негізінде ҚР Ұлттық Банкі дайындаған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ағымдағы жылдың шілде айынан бастап іске қосылды. Жобада ипотекалық қарызды бастапқы 20 пайыз жарна төлей отырып, 25 жылға
7 пайыздық сыйақы мөлшерімен беру қарастырылған. Аталған бағдарлама бойынша еліміздің кез келген өңіріндегі бастапқы нарықтан баспана алуға несие рәсімдеуге болады.

Бүгінде бағдарлама аясында банктер үйлі болуға үміткерлерге алғашқы несие бере бастады. Бағдарламаға қатысу көрсеткіші бойынша қазіргі таңда Астана, Алматы, Ақтау қалалары көш бастап тұр. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей қадағалауымен бұл бағытта облысымызда да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осыдан бірнеше жеті бұрын облыстық әкімдікте аймақ басшысы Асқар Исабекұлының төрағалығымен өткен жиында бағдарламаның өңірімізде жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланды. Алқалы жиында облыс әкімі жауапты сала мамандарына шарапаты мол бағдарламаға тұрғындардың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарына басымдық беруді баса айтып өткен болатын. Екінші деңгейлі банк өкілдері, өзге де құзырлы мекеме басшылары Асқар Исабекұлының тапсырмасына сәйкес тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, білек сыбана іске кірісіп кетті.
Мәселен, жуырда ғана Тараз қаласындағы «Болашақ» колледжінде өткен кездесуде ҚР Ұлттық Банкі облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Берікбосынов бастаған жұмыс тобы бағдарламаның механизмін түсіндіріп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Жауапты мамандар күн өткен сайын облысымызда бағдарламаға қатысуға ниеттілердің қатары артып келе жатқанын айтты. Кездесу аяқталғаннан кейін облыстық филиал директорының орынбасары Нұрлан Маханбетұлын әңгімеге тартып, көптің көкейінде жүрген бірқатар сауалдарға жауап іздедік.
– Ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жариялады. Бірінші бастама – баспана алудың мүмкіндігін кеңейту.
Елімізде бұған дейін де баспана алуға бағытталған бірқатар бағдарламалар іске асқан-ды. Нәтижесінде баспаналы болған тұрғындар саны еселене түсті. Десе де, халық санының күрт артуына қатысты баспана мәселесі әлі толықтай шешім таба қойған жоқ. Осы ретте, Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарға арналған тиімді әрі қолжетімді бағдарлама ұсынып, Ұлттық Банк «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, оны жүйелі іске асыруды ұйымдастыратын «Баспана» ипотекалық компаниясын құрды. Маусым айында Парламент бағдарламаны тиімді іске асыруға арналған заң жобасын мақұлдады. Аталған бағдарламаның бұдан бұрынғы жобалардан ерекшелігі көп. Жылдық мөлшерлемесі 7 пайызды құраса, бастапқы жарна – 20 пайыз, ал несиені 25 жылға дейін беру көзделіп отыр. Сонымен қатар, егер «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысушыларға соңғы 5 жыл ішінде атында ешқандай баспана болмауы керек деген талап қойылса, «7-20-25» бағдарламасында мұндай шектеу жоқ. Сіздің меншігіңізде пәтер болса сатып, бағдарлама қатысушысы атана аласыз. Сондай-ақ, бағдарлама қатысушыларының жасына да ешқандай шектеу қойылмайды. Банктер қаржылық жағдайыңызды мұқият тексеріп, баспаналы болуға мүмкіндік береді. Бағдарлама қатысушылары үйді еліміздің кез келген қаласынан таңдауға құқылы, – дейді Нұрбол Берікбосынов.
Аталған бағдарламаның өзге де талаптарын түсіндірген «АТФ банкі» облыстық филиалы директорының орынбасары Айжан Бостанова қазіргі таңда екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдарында ұзын-сонар кезек толастамай тұрғанын, тұрғындардың ықыласы ерекше екенін жеткізді.
– Мұндағы 7 пайыз несиенің жылдық тиімді мөлшерлемесі, 20 пайыз бастапқы капитал, 25 несиелендірудің ең ұзақ мерзімі болып табылады. Сіз өзіңіздің қаржылық әлеуетіңізге қарай 5 немесе 10, 15, 20 жылды таңдай аласыз. Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент қалалары үшін пәтер бағасының ең жоғары құны 25 миллион теңгеден аспайды. Ал, өзге қалалармен бірге Тараз қаласында бұл көрсеткіш 15 миллион теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысушы ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Ай сайынғы табысын растайтын құжаттарды реттеуі керек. Меншігіңізде тұрғын үй және ипотекалық несие болмауы қажет. Тұтынушылық және тауарлы несиесі бар азаматтар бағдарламаға қатысуға өтініш білдіре алады. Бізде бұл бағдарлама «Центркредит», «Еуразиялық банк», «АТФбанк», «Халық банкі», «Цеснабанк», «Fortebank», «Сбербанк» сынды қаржы ұйымдары арқылы қаржыландырылады.
Бағдарлама қатысушылары 20 пайыздық алдын ала төлемнен кем немесе артық төлем жасай алмайды. Есесіне банк алдындағы қарызды күні бұрын төлеуге немесе қаржылық жағдайына қарай бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі, – дейді А. Бостанова.
Жалпы, қазіргі таңда Тараз қаласында бірнеше көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұрбол Қалдыбаевтың айтуынша, №15 ықшамауданда 10 үйдің (800 пәтер), Маяковский көшесінде 50 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп жатса, «Бәйтерек» ықшамауданындағы екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сол секілді Сүлейменов көшесінде «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 27 пәтерлі төрт тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар, №15 ықшамауданда 80, 116, 125 шаршы метрлі коттеждер салынуда. Басқарма маманының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың соңына дейін 50 коттедж тапсырылады деп жоспарлануда. Құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерді, коттеждерді облыс тұрғындары «7-20-25» бағдарламасы бойынша ала алады.
Иә, қазақстандық­тардың жайлы баспанаға ие болып, алаңсыз тіршілік етуіне арналған бағдарламаның берері мол. Оның игілігін тұрғындар қазірдің өзінде айқын сезінуде. Алдағы уақытта бұл бағдарлама көптеген жамбылдық отбасыға да шаттық сыйлайтынына сенімдіміз.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР