Сараптама

Баспаналы болу бастамасы баянды

Жыл өткен сайын елімізде баспана алудың алуан машақаты азайып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Түрлі жеңілдіктер мен тиімді тетіктер арқылы пәтерге ие болғандардың қатары көбеюде. Мемлекет басшысының «Нұрлы жер» бағдарламасымен былтырдан бері тек көпқабатты тұрғын үй жүйесі ғана емес, жеке жер учаскелеріндегі үй құрылысы да жандана түсті. Алайда, бұл әлеуметтік мәселенің түйіні әлі тарқап бітті деп айта алмаймыз. «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр», деген Елбасы өзінің 5 әлеуметтік бастамасын жария еткен Үндеуінде тұрғын үй алудың тағы бір тиімді тетігін ұсынды. Ол – «7-20-25» бағдарламасы.

7-20-25 қандай формула?
Бұл жүйенің алдыңғы бағдарламалардан айтарлықтай айырмашылығы бар. Мысалы, үй аламын деген несиеңіздің пайыздық мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайды. Қазір банктер бастапқы жарна үшін баспана құнының 30-дан 50-ге дейінгі пайызын сұраса, ол енді 20 пайыздан аспауы керек. Бағдарламаның халыққа жақындай түскен тағы бір тұсы – несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі ендігі жерде 10-15 емес, 25 жылға дейін ұзартылмақ. Бұл мерзім өз кезегінде несие алған азаматтардың айлық төлем мүмкіндігін арттыра түспек.
Міне, осындай басты-басты шарттарын белгілеп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлттық банкке ауқымды міндетті жүктеді. Яғни еліміздің бас банкі кемінде 1 трил­лион теңге қаржыны игеретін ар­найы компания құрып, оны екінші дең­гейлі банктер арқылы халыққа ипотекалық несие түрінде таратып беруі тиіс.

– Елбасы бастамасы, шын мәнінде, өте күрделі тапсырма. Дегенмен, біз нарықтық ұстанымдарға сүйене отырып, жүзеге асыруға міндеттіміз. Қазір ипотекалық портфеліміздің салмағы 1 триллион теңгеден сәл асады. Бұл – 2001 жылдан 2016 жылға дейін берілген несиелер. Жоба тұрғын үй нарығын жандандырып, экономикалық өсімді де ынталандыра түседі. Құрылыс – экономиканың көптеген саласына серпіліс беретін бірден-бір мультипликативті әсер екенін білеміз. Сондықтан, біз алдағы уақыттан тек жағымды өзгерістер күтеміз, – деді Данияр Ақышев
6 наурыз күні республикалық ақпарат құ­рал­дарымен өткен брифингте.

Бағдарлама төрт кезең бойынша іске асады
Баспана мәселесінің бес әлеуметтік бастаманың көшін бастағаны да көп нәрсені аңғартса керек. Өйткені, «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөздің қадірін шынайы ұғына алмай, жылдап жаттың жалдамалы пәтерінде тұрып, қажып жүрген отбасы елде қаншама?! Елбасының көздегені де сол – қазақстандықтардың қалтасына қатты батпайтын арзан ресурстардың тетігін табу.
Бүгінде өзіне бұрын-соңды болмаған тарихи міндет жүктелген Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Жобаның жүзеге асырылу барысы туралы Ұлттық банк облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгиннің пікіріне құлақ түрсек:
– Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде бұрынғы жобалардың тәжірибесі ескеріледі. Өздеріңізге белгілі, 2000 жылдардан бері елімізде тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімге қаржыландыруды қолдаудың және ипотекалық несиелендіру жүйесін дамытудың түрлі амал-тәсілдері қолданылып келді.

Атап айтсақ, сол жылдардан-ақ ипотекалық несиелерді секьюриттеу жүйесі қолға алынды. Ол өз кезегінде ипотеканың жылдан-жылға қарқын алуына серпін берген болатын. Сондай-ақ, сол тұста қолға алынған тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі де өзінің өміршеңдігін дәлелдей алды.

Ал қазір тұрғын үй құрылысын жандан­дыруға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы іс жүзінде. Мұның да діттегені халықтың қамы, яғни, баспана төңірегіндегі нарықтық талаптарды барынша халықтың әлеуметтік жағдайына ыңғайлы ету.

Сол себепті, Президент ұсынған жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін халықпен жұмыс істеуде қазіргі қаржылық құрылымның мүмкіндіктерін пайдалану қажет екенін айта кеткен жөн. Өйткені, банктердің несие үлестіріп, болашақ бағдарламамен тұрғындарды толық қамти алатындай тәжірибесі бар, – дейді Е.Шарыгин.
Сонымен, Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарының төрт кезеңін анықтады.

Алғашқы кезеңде банктер мен қор нарығы мүмкіндіктерін барынша жұмылдырып, ипотекалық несиені секьюриттеу тетіктері қалпына келтірілмек.
– Жуық арада 100 пайыздық арнайы еншілес компания – бағдарлама операторын құру мәселесі қаралғалы отыр. Жаңа компанияның капиталы ҚР Ұлттық банкі қаражаты есебінен құралмақ. Ол капитал 7-20-25 формуласымен банктер ұсынған ипотекалық несиелерді қаржы нарығынан нарықтық талаппен сатып алу үшін қажет. Секьюриттеу тетігі дегеніміз – осы, – дейді Евгений Шарыгин.

Ал, екінші кезеңде бұл компанияны бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыратын қаржы агенті ретінде мойындау мәселесі шешімін таппақ.
Үшінші кезең баспана жөніндегі бастаманың жаңа мүмкіндіктері әрбір адамға жеңілдетілген жағдай қарастыратын мемлекеттің теңдессіз қадамы ретінде ерекшеленеді. Бірақ, бұл жақсылық елдің масылдық түсінігіне жол бермеу керек.

– Ең бастысы, бағдарлама болашақ несие алушыдан төлем қабілеттілігін талап етеді. Қазір оның кретирийлерімен екінші деңгейлі банктер айналысып жатыр. Егер несие көлемін шамамен 7 миллион теңге деп алсақ, оның ай сайынғы өтемі 50 мың теңгеден аспайтын болады. Бұл сома жұмыс істейтін тұрғындар үшін ыңғайлы, – деген филиал директоры ай сайынғы төлем елдің әр аймағында әртүрлі қалыптасуы мүмкін екенін де ескерте кетті.

Төртінші кезеңде жеңілдетілген ипотекалық несиелер толығымен қамтылған, әрі абсолютті қайтарымды екені қамтамасыз етілуі керек. Әрине, бұл мәселенің көңілді күпті еткен тұстары бар көрінеді. Соңғы жылдары ипотекалық несиелендіруді қолайлы ете қоймаған кейіннен енгізілген кейбір нормалар қайта қарауды талап етіп отыр екен. Ұлттық банк бұл бойынша қажетті заңнамалық түзетулерін Үкімет қарауына жолдамақ ниетте.

Ай сайынғы төлем анықталды
Жуырда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспана мәселесіне қатысты өткен брифингте жаңа «7-20-25» бағдарламасы бойынша төлемдер құны белгілі болды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бағдарламаның артықшылықтарын мысалдармен келтіріп, біраз мағлұмат ұсынды.

– Айталық, пәтер 12 миллион теңге тұратын болса, оның алдын ала төлемін (20 пайызын) төлеу үшін 2,4 миллион теңге қажет, ал қалған 9,6 миллион теңгені банк 25 жылға 7 пайызбен береді. Сөйтіп, ай сайынғы төлемнің көлемі 68 мың теңгені құрайды, – деді Мархабат Жайымбетов.
Осы басқосуда болған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, екінші деңгейлі банктердің барлығы бұл жобаға қатысады. Кез келген қазақстандықтың несиеге пәтер алуына мол мүмкіндік қарастырған «7-20-25» ипотекалық кредит беру бағдарламасы биылғы жылдың екінші жарты жылдығында бекітіледі деп жоспарлануда.

Сырттағы елмен салыстырсақ…
Әлемдегі дамыған мемлекеттердің үздік отыздығына енуді мақсат тұтқан еліміздің кез келген реформасын, бастамасын сырттағы тәжірибемен салыстыра қарасақ, соңғы жылдары бізден үлгі ала бастаған елдер қатары көбейіп келеді екен. Жуырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының жанындағы Әлем экономикасы мен саясаты институтының жетекші сарапшысы Айжан Мұқышбаева жоғарыда аталған мәселеге байланысты өз ойларымен бөлісті. Ал, енді ипотекасы ең арзан әлемдік бестіктің шарттарына үңіліп көрсек.

Өркениет көшін бастаған үштіктегі үздіктің бірі Жапония – ипотекалық пайызы ең аз елдердің алды болып тұр екен. Оларда 1,16 пайыз ғана. Одан кейін Швейцария (1,44 пайыз), Финляндия (1,47 пайыз), Германия (1,88 пайыз) және Швеция (1,90 пайыз) болып жалғасып кете береді. Бұл елдердегі төлемнің тым аз қалыптасуы инфляцияның төмендігімен және несиелеу саясатының жоғарылығымен, яғни жүйелі жолға қойылғандығымен тығыз байланысты. Бірақ, осы елдерде баспананың біздегіден өте қымбат екенін ұмытпауымыз керек. Жапонияда баспана тұрмақ, оның әр шаршы метрінің өзі шамамен
8 000 доллардан асып жы­ғылады. Швейцарияда – 10 000 еуро, Германия мен Швецияда – 8 000 еуро, Финляндияда – 2 500 еуро төңірегінде. Сондықтан, Қазақстандағы инфляция деңгейін (2017 жылы 7,1 пайыз) және баспананың жоғарыдағы елдерден арзандығын есепке алсақ, Елбасы ұсынған 7 пайыздық төлем айырмашылығы айтарлықтай тиімді.

Қысқасы, тұрмысына біз қызыға қарайтын дамыған елдердің көпшілігінде баспана құны шарықтап тұр. Тіпті, Швейцарияда бастапқы жарнаның 10 пайыздан аспайтын сомасын төлеудің өзі қиындай түсіп, оны зейнетақы жинағы есебінен төлейді екен. Ол елдерде ипотекалық кредиттердің ұзақ мерзімге берілетіні де сондықтан. Ал, Жапонияда несие алған адам ипотеканы тірісінде төлеп біте алмаса, қарызы балаларына «мұраға» өтеді.

Тұрғын тілегі
«7-20-25» бағдарламасын ел естіп-білгенімен, нақты шарттарымен әлі таныс емес. Өйткені, бағдарлама жобасы әлі әзірлену үстінде. Бірақ, Елбасы тапсырған 7-20-25 формуласын жете түсінген жұрт алдағы жақсылықтан бір кісідей үмітті. Әсіресе, жас отбасылар айы оңынан туғандай қуануда. Біз кезіктірген Гүлнұр Бибазарова да жаңалықты ести сала несие алудың ойша жоспар-сызбасын жасап, күйеуі екеуі алғашқы жарнаның да ретін қарастырып жатыр екен.

– Отбасы құрғалы бірнеше пәтер ауыстырдық. Қазір екі баламыз бар, тұңғышымыздың есі кіріп қалды. Көшіп-қонып жүру баланың да мінез-құлқына, тәрбиесіне кері әсерін тигізетіні анық. Сол жалдамалы пәтер иесінің қолына ай сайын ұстататын қаржыны кейде тектен-текке далаға шашып жатқандай қынжыласың. Әрине, бас аман болса, өз баспанамыз да болар деп жүрген жастар жетерлік. Қуаныштысы, кейінгі жылдары тұрғын үй-жинақтау жүйесі дұрыс жолға қойылып, болашақ үйіміздің алғашқы салымын да жасап қойғанбыз. Енді Елбасының мына жобасы баспана алуға деген үмітімізді арттыра түсіп, тіпті ынталандырып жіберді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Г.Бибазарова.

Тілші түйіні

Экономикалық сарапшылар әлемде жылжымайтын мүліктің 80 пайызы қарызға сатып алынатынын растап отыр. Сондықтан, ипотекалық жүйені экономикасы дамыған және тұрақты елдер де қолданып келеді. Бұл бір жағынан баспанаға тіреліп тұрған әлеуметтік проблемаларды шешсе, елдегі құрылысқа да шапағатын тигізбек. Құрылыс демекші, ақпан айында тұрғындар алдында берген есебінде облыс басшысы биыл да құрылыс жұмыстары толастамайтынын айтып еді. Өткен жылы 112,4 миллиард теңгеге 397,5 мың шаршы метрлік тұрғын үй құрылыстары жүргізілсе, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 320 пәтерлі 4 көпқабатты үй мен бір үлгідегі 505 жеке тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Одан бөлек өткен жылдан өтпелі 13 үйдің құрылысы аяқталады. Ал, жыл соңына дейін 420 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын бітіру жоспарланған. Облыс орталығындағы №14, №15 ықшам аудандардың құрылысы жандана бастайтынын ескерсек, алда талай отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр.

Қалай десек те, Елбасы ұсынған жаңа бағдарлама қаншама жылдан бері сіресіп қалған пайыздар мен несиелендірудің өзге де параметрлерін түбірлі өзгерістерге ұшыратып, сеңдей қозғалтқанын айрықша атап өтуіміз керек. Үйсіз-күйсіз жүрген қаншама отбасының күпті көңілін қуаныш кернеп, алыстан менмұндалаған үміт сәулесі жақындай түсті.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР