Жаһан жаңалықтары

Баспасөзбен байланыс беки түседі

Апта басында облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен Талас, Жуалы аудандарының атқарушы органдарының БАҚ өкілдерімен өзара байланысы қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов сала мамандары өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста екеніне тоқталды.

– 2007 жылы облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жанынан құрылған баспасөз бөлімінде бүгінде 5 қызметкер еңбек етуде. Оның біреуі жетекші болса, екеуі қазақ және орыс тілінде жазатын журналист. Сондай-ақ, бір бейнеоператор және бір монтажеріміз бар.

Мерзімдік басылымдармен орнатылған байланыстың арқасында өткен жылы 918 материал жарық көрсе, ағымдағы жылдың бес айында 268 мақала жарияланды. Сонымен қатар, сайттарда 242 әртүрлі тақырыптағы ақпараттар орналастырылды.

«Jambyl» телеарнасында «Ұлт саулығы» атты бағдарлама ұйымдастырылып, «77 TV» телеарнасынан салаға қатысты түрлі ақпараттар таратылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы да денсаулық саласына қатысты өзгерістер мен күнделікті жұмыстарымызды бөлісіп отырмыз, – деген басқарма басшысы сөз соңында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табатындығын айтты.

Бұдан кейін Талас ауданы әкімінің орынбасары Қадірбек Сәдубаев жыл басынан бері республикалық басылымдарда аудан тынысы жайында 17, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында 37 мақала жарияланғанын баяндады. Одан бөлек, ауданның айнасына айналып отырған «Талас тынысы» газетінің жұмысына жан-жақты тоқталып, әкімдік сайты да халықты ақпаратпен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып отырғанын жеткізді.

Дәл сондай, Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков те аудандық «Жаңа өмір» газетінің тыныс-тіршілігін тілге тиек етіп, жергілікті атқарушы органдардың республикалық және облыстық басылымдармен жұмыла жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ерқанат Манжуов бірқатар ескертпелерге тоқталды. Атап айтсақ, Ерқанат Нұрбапаұлы Талас пен Жуалы аудандары әкімдіктерінің ресми сайттарының жаңартылмайтынын, аудандық газетте жарияланып жатқан материалдар сапасының төмендігін және аймақ тұрғындарын цифрлық телевидениеге көшіру баяу жүргізіліп жатқанын сын тезіне алып, жауапты мамандарға олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, кеңес мүшелері де күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР