Мәдениет

«Баспасөзі мықты елдің өзі де мықты»

Written by Aray2005

Қазақстан Журналистер Одағының құрылғанына – 60 жыл

Биыл Қазақстан Журналистер одағының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің аталған шығармашылық ұйымы заңды түрде 1959 жылы қыркүйек айында тіркелгенімен, одақтың тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады екен. Ұлт қайраткері Т.Рысқұлов cол тұстарда оның төрағасы болған деген деректер бар. Сол кездері одақтың арнайы съезі өтіп, «Баспасөз туралы» деген тақырыпта арнайы баяндама жасалыпты. Одақ құрудағы басты мақсат – еліміздегі журналист қауымының басын біріктіре отырып, мемлекет, ұлт мүддесі үшін тізе қосып қимылдау, қоғамның қозғаушы күші болу.

Осындай мақсатта құрылған одақтың алғашқы кезеңдерінде елімізде бар-жоғы орыс тілінде – 16, қазақ тілінде–◙12, ұйғыр тілінде 1 газет жарыққа шығып тұрыпты. Ал оның мүшелері санаулы ғана болған. Бүгінде ҚР Журналистер одағының мүшесінің де, елдегі БАҚ-тың саны да жыл өткен сайын еселене түсуде. 2001 жылы сәуірде қайта тіркелген аталған ұйымның 2003 жылы жарияланған дерегіне көз жүгіртсек, сол тұста Қазақстанда
2 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралы, 44 республикалық және аймақтық телерадиокомпания жұмыс істеп тұрған көрінеді. Ал оның мүшелігінде 2 500 адам болған. ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев еліміз бойынша бүгінде ұйым мүшелерінің саны 5 000 адамды құрағанын айтады. Оның айтуынша, 1959 жылы одақ заңды түрде тіркелген кезде оның алғашқы төрағасы болып Әди Шарипов сайланыпты. Содан бері бұл ұйымды бірқатар елге белгілі азаматтар басқарған.
– Мен төраға болып сайланғалы 18 жылға жуықтапты. Жалпы, бұл ұйым Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес құрылды және коммерциялық емес ұйым болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Журналистер одағы– азаматтығына, қай ұлтқа және қай дінге жататынына, қай саяси партия мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің мүшесі екендігіне қарамастан, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және басқа да қоғамның өзекті мәселелерін шешуге, БАҚ-та еліміздің қоғамдық-экономикалық, саяси және мәдени үрдістерді объективті және жан-жақты жариялауға мүдделі журналистердің қоғамдық бірлестігі.
Жалпы айтқанда, қазақ елінде
ҚР Жазушылар, Суретшілер одағы секілді ең үлкен он шығармашылық ұйым бар болса, соның ішінде ең ауқымы кең ұйым – ҚР Журналистер одағы. Негізгі мақсатының бірі – журналистердің құқығын қорғаумен қатар, сөз бостандығының салтанат құруына баса назар аудару. Жақында одақтың Шымкент қаласындағы филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова Сенатқа депутат болып сайланды. Бұл да біз үшін үлкен жеңіс. Өйткені алдағы уақытта БАҚ туралы заң қайта қаралып, бірқатар өзгерістер орын алмақшы. Сол кездері Айгүл Қапбарова секілді азаматтар еліміздегі БАҚ мүддесінің қорғалуына күш салады деген сенімім бар, – дей келе С.Матаев одақтың біздің өңірдегі филиалының да жұмысы биыл жандана түскенін, Қазақстан Журналистер одағының 60 жылдығына орай республика бойынша БАҚ қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі ҚРЖО лауреаттарын анықтау мақсатында өткізілген байқауға қатысуда біршама жерлес журналистер белсенділік танытқанын атап өтті. Сондай-ақ мерейлі мерекеге орай республиканың бір топ белгілі журналистеріне «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілгенін жеткізді. Бұл айтулы марапатқа біздің облыстан белгілі жазушы-журналист, Тараз қаласының Құрметті азаматы, облыстық «Aq jol» газетінің директор – Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы лайық деп танылыпты.
– 1979 жылы 19-20 жасымда Талас аудандық «Талас тынысы» газетіне (бұрынғы «Ленин жолы») журналист болып жұмысқа қабылдандым. Содан бері, яғни Талас аудандық газетінде 5, облыстық газетте 5, облыстық телеарнада 1,5 жыл, республикалық «Egemen Qazaqstan», «Жас алаш» газеттерінде екі мәрте облыстың меншікті тілшісі болды. Соңғы бес жыл облыстың бас басылымында басшы болған еңбек өтілімді қосқанда журналистика саласында қызмет етіп келе жатқаныма 40 жылдан асыпты. Кейбір журналистер 40 жыл еңбек еткенімен, сол өмірін ел оқитын тұшымды ештеңе жазбай өткізді. Ал мен аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда еңбек етіп жүріп, үнемі қоғамдық мәселелердің қозғаушысы болуды мақсат тұттым. Сол талап үдесінен шыға білудің арқасында халық қажеттілігі үшін көптеген мәселелер көтердім. Соның ішінде өз өңіріміздің экономика, мәдени, әдеби, руханият, сәулет, құрылыс секілді кез келген саласына қатысты қалам тербедім. Ұлттың немесе жеке адамдардың тағдырына байланысты қай басылымда жұмыс істесем, сол арқылы мәселе көтерумен болдым. Облыстық телеарнада еңбек етіп жүргенде де көптеген хабарлар дайындап, эфирге шығардық. Мәселен, бір жылдары Талас ауданында боран соғып, Майтөбе ауылын дауыл жайпап, электр бағаналары қирайтын кезде сол ауылдағы бір мұғалім мектепке кетіп бара жатып, қарға омбылап, ақ түтектен жол таппай адасып, үйіне жете бере қарға көміліп қайтыс болғаны есте. Ол кезде облыс әкімі Қанат Бозымбаев тұғын. Мен осыны республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде ашып көрсеттім. Көктайғаққа қарамай жолға шығып, жақыны өмірден өтіп, жаны күйзеліп жатқан қаралы үйге бас сұғып, қазаның қалай орын алғанын, болған жағдайды өз көзіммен көріп, оны тәптіштеп тұрып жазғанмын. Сол кезде жұрттың «облыста ешқандай адам шығыны орын алған жоқ» деп ресми ақпар таралып еді, шын мәнінде олай емес екен ғой» деп жұртшылықтың разы кейіпте пікір білдіргені бар. Сондай-ақ «Тшанов Тараз қаласының батыс қақпасын салды, енді Бозымбаев шығыс қақпаны салса» деген сарында аталған басылымда мәселе көтеріп, осы мақаладан кейін ұсынысым қолдау тауып, шаһардың шығыс қақпасы салынған болатын. Тараздан қаншама Азия, әлем чемпиондары шығып жатқанын ескере келе, облыс орталығына үлкен спорт кешені қажет екенін мәселе етіп көтердім. Осыдан кейін «Тараз-Арена» спорт кешені салынды. Өзім барып оның қазығын қағысып, алғашқы тасын қаластым. Оны Қанат Бозымбаев 3-4 жылдың көлемінде құрылысын аяқтатып, пайдалануға берді. Оның игілігін қазір жастар көруде. Талас ауданындағы өзімнің туып-өскен Амангелді ауылында ескі, өзі бірнеше мәрте өртенген, шикі кірпіштен салынған, апатты жағдайдағы құлайын деп тұрған мектеп болатын. Елбасының сол тұста жарияланған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына орай «Бір мектеп біздің ауылға да бұйырса» деген мақала жарияладым. Ол елеусіз болғандықтан «Әкімнің ауылы мен ақынның ауылы» деп қайыра тағы мақала жазып, соның арқасында аудан әкімі Оңдасын Жиенқұлов жобаға енгізгенімен, облыстан қаржыландырылмай жатқан соң тиісті орындардың есігін қағып жүріп, ақыры аталған ауылға үлкен, еңселі мектеп салынып берілді. Бір кездері қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті басқарып тұрғанда «Тоқаевтың Үкіметі Амангелді газын қашан қосар екен?» деп республикалық «Жас алаш» газетінде көлемді материал жарияладым. Өйткені сол кезде аталған газ кенішін іске қосу жұмысы тәп-тәуір басталып, бірақ қайта тоқтап қалған еді. Сол кезде баспасөзге сергек қарайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы тапсырма беріп, жұмыс жүріп бергені есте. Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, өз өңірімізге, Нұр-Сұлтан қаласында еңбек етіп, республикаға танылған жап-жас жігіттер бар. Біздің кезімізде журналист болу үшін Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінде оқуға тура келетін. 1998 жылы облыстық «Aq jol» газетінде еңбек етіп жүргенде «ТарГУ-ден журналистика факултеті ашылса» деген ұсынысқа саятын мақала жазып, ол өз нәтижесін берді. Қала берді қырғыз елінің астанасы Бішкекке барып, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовпен сұхбаттасып, ол кісіге ілесе Шекер деген ауылына барып, ол кісінің атындағы мұражай туралы жаздым. Қызылжарда өткен Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына қатысып, ол туралы жаздым. Осы тектес мәселелерді тізе берсек, өте көп. Оның қайсыбірін айта береміз. Мұны сөз етіп отырғаным, журналист тек «өтті, кетті» деп хабар жазумен шектелмей, халықтың көкейіндегі мәселелерді көтере білуі қажет. Сонда ғана оның еліне, туып-өскен жеріне пайдасы тиеді. Журналист деген бір орында тұрмай, үнемі ізденісте болуы қажет. Бір орында тұрып қалған су да борсиды. Сондықтан журналист қоғамға не қажет екенін біліп, сергек болғаны жөн. Маған «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы осындай еңбектерімнің арқасында келді» деп ойлаймын, – дейді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Бұрын ҚР Журналистер одағының облыстық филиалын басқарған К.Сәттібайұлы осы міндетті атқаруды өз еркімен жастарға сеніп тапсырғанын, жалын атқан жастардың қай істі болмасын ұршықша иіріп әкететініне сенім білдіре отырып, ҚР ЖО 60 жылдығына орай өз лебізін де жеткізді. Осы ретте біз ҚР Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы болып сайланған Дәулет Төлендіұлынан қазір немен айналысып жатқанын, журналистер арасында қандай мәселелер бар екенін сұрап білген едік.
– Жалпы, Журналистер одағына марапат тарататын, мереке кезінде ғана іздейтін ұйым ретінде қарамау керекпіз. Бұл біздер, журналистердің намысын жыртатын, бір-бірімізге қолдау білдіретін ұйым ретінде өз жұмысын атқару қажет. Дегенмен бұл айтып отырған мәселеге толыққанды жету үшін біраз шаруаның шатқаяқтап тұрғанын жасырмаймын. Бұған дейін облыстық филиалдың тізгінін аға буын журналистер ұстап келді. Олар өз деңгейлерінде жұмыс жасады. Қолынан келгенше БАҚ өкілдеріне болысты. Бірақ қазір бізге басқаша жұмыс жасауды қолға алу керек. Содан соң бұған дейін аталмыш одаққа түрлі саланың өкілдері мүше болып алып алған. Әрине, белгілі бір мүдделері бар шығар. Қазір осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында филиалдың қызметкерлері қолдан келгенше одақ мүшелерінің тізімін ретке келтіріп жатырмыз. Менің қолымдағы мәлімет бойынша бүгінде облысымызда жүзге тарта Журналистер одағының мүшелері бар. Көбісінің аты-жөні, қайдан, қалай, не мақсатпен одаққа өтіп кеткені белгісіз?.. Сондықтан алғашқы жұмысымыз түгендеуден ары аса алмай отыр. Әрине, арасында өткізіп жатқан бірді-екілі шаралар бар. Бірақ алда жұмыс жасау формамыз өзгеше болары анық. Жоспар жетерлік, тек көп болып жұмылу ғана жетіспейді бізге. Егер Жамбыл журналистері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықша жұмылсақ, төртінші билік өкілдерінің біраз түйткілдерін тарқатуға болады, – дейді Д.Төлендіұлы.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР