«Бастау Бизнеспен» оқыту сәуір айында басталады

0 178

Қажетті бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы бизнес бастауға көмектеседі. Биыл жобаның басталуы сәуір айының басына жоспарланған.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшылары жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен және аудандық филиалдармен кездесу өткізіп, 2021 жылы «Бастау» жобасын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі ағымдағы мәселелерді талқылады.

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Барлығы 4 жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша өңірде 11 мыңнан астам адам оқып, 8550 мың бизнес-жобаны іске асырды. Оқыту қорытындысы бойынша 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Біз өткен жылдардағы қатысушылардың бизнес-жобаларына мониторинг жүргіздік және бизнесті ашқан адамдардың 93%-ы тұрақты түрде салық төлейтінін анықтадық. 2017-2019 жылдар кезеңі ішінде салық көлемі 1,4 млрд теңгеге жуық соманы құраған», – деп атап өтті Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Мая Ажмағамбетова.

Ағымдағы жылы елдегі қиын эпидахуалға байланысты оқу курсы онлайн форматта өтеді.

 Оқуға кімдер қатыса алады:

-жұмыссыздар;

-еңбекке жарамды мүгедектер;

-жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер;

-аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері;

-зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, оның ішінде якорлық кооператив мүшелері;

-қоныс аударғандар мен қандастар.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, сәйкесінше курсқа қатыспайды. Сонымен қатар бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де курсқа қатыса алмайды.

 Өтінімді қалай беруге болады?

-Жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек, онда мамандар сіздің мақсатты аудаторияға сәйкес келуіңізді тексереді. Оқуға жолдама беріледі. Жұмыспен қамту орталығына жеке куәліктің көшірмесін апару керек.

-қатысуға өтінімді atameken.co сайтына жолдап, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі мен жұмыспен қамту орталығы берген жолдамады жүктеу керек.
 «Бастау Бизнес» курсы туралы не білу керек?

Ұзақтығы: 21 күн

Форматы:  онлайн оқу. Аралық тестілеу қамтылған 50 бейнетоптама + консультациялар мен бизнес-тренермен кері байланыс жоспарланған.

Сабақ материалдарына қол жеткізу үшін кәсіпкерлі туралы біліктілікті анықтайтын 15 сұрақтан тұратын тестіден өту керек. Тест нәтижесі оқуға әсер етпейді.  Қорытынды тестіден сәтті өткеннен кейін тыңдаушы бизнес-жоспар конструкторына қол жеткізе алады. Жасалған бизнес-жоспарды бизнес-тренер және тәуелсіз сарапшы қарастырады.

Тестілеу сәтті өтіп, бизнес-жоспар әзірленген соң тыңдаушы курс аяқталғаны жайында сертификат алады, сертфикат арқылы бизнес бастауға грант алуға мүмкіндік қарастырылған. Егер бизнес-жоспарыңыз тәуелсіз сарапшының бағалауынан өтпей қалса, қажетті бал жиналмай қалса, сізге бағдарламаға қатысқаны туралы сертификат беріледі.

 Курс бағдарламасы:

1-модуль. Бизнеске арналған әлеуетті нишалар мен жобалар

2-модуль. ҚР-да стартап, ШОБ-ты қолдау  шаралары

3-модуль. Табысты кәсіпкердің ой өрісі мен дағдылары

4-модуль. Бизнес-идеяны таңдау

5-модуль. Бизнес-жоспарлау. Маркетингтік зерттеу

6-модуль. Маркетинг негіздері

7-модуль. Қаржы сауаттылығы

8-модуль. Бизнесті құқықтық сүйемелдеу

9-модуль. Салық салу

10-модуль. Бизнеске арналған электронды қызметтер

11-модуль. Жобалар бойынша біліктілікті қалыптастыру

12-модуль. Жобаны таныстыру

«Бастау Бизнес» жобасына қатысты барлық сұрақтар бойынша Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына 8(7262) 56 84 68 нөмірі бойынша хабарласуға, сондай-ақ  Өңірлік кәсіпкерлер палатасының фейсбуктегі «Жамбыл бизнес» ресми парақшасы арқылы толыққанды ақпарат алуға болады.

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.