Сұхбат

«Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мақсаты айқын»

Written by Aray2005

Ертең Меркі ауданында «Жас келсе – іске!» атты облыс­тық еңбекші жастар­дың форумы өтеді. Жастар жылы аясында күш-жігерін ел дамуы жолында сарқа жұмсап жүрген жас мамандардың басын қосқан жиында еңбек қатынастарын реттеуге, жас қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға қатысты түрлі өзекті тақырыптар қозғалмақ. Бұл орайда әртүрлі ұжымдағы қызметкерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының айтары мол болмақ.
Форум қарсаңында бізге сұхбат берген Тараз қаласындағы №7 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Диана Көшкінова да еңбек қатынастарын реттеуде іргелі құрылымдағы жастардың рөлі жайында ой өрбітті.

– Динара Әбдіжамалқызы, 5 жылдан бері бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарып келе жатырсыз. Қоғамдық қызмет дегенмен кәсіподаққа жетекшілік жасау, оны бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыру оңай емес. Сондықтан да әңгімемізді кәсіподақ ұйымы төрайымының негізгі міндеттері турасында бастасақ…
– Шынында, еңбек адамдарының өз жұмысын алаңсыз, қауіп-қатерсіз жүргізуін қамтамасыз ету, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруын, құқығының қорғалуын назарда ұстауда кәсіподақ ұйымдарына артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Ал кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде мен Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңын, Еңбек кодексін басшылыққа аламын. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек мәселелері жөніндегі құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек заңдылығын сақтау да біздің жұмысымыздың басты бөлігі. Ұжым болған соң онда ара-тұра еңбек даулары болып тұрады. Міне, осынау түсініспеушіліктер кезінде жұмысшылардың мүддесін қорғап, олардың заңды құқығының сақталуына атсалысамын.
Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде мекеменің қызметкерлерін аттестаттау жұмысына қатысамын. Және мәдени-көпшілік іс-шараларды ұдайы өткізіп тұру да кәсіподақ ұйымы жетекшісінің қызметтік міндеттемесіне кіреді.
– Өзіңізге мәлім, 2016 жылы Қазақстан кәсіподақтары федерациясы жастар саясаты туралы құжат қабылдады. Ал Елбасы Жарлығымен биыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Демек, кәсіподақ құрамындағы жастар бұл жылдың шарапатын толық сезіне алады ғой.
– Қазіргі таңда барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарында жастар арасында кәсіподақ қозғалысының жетекшілерін даярлау мен жас жұмысшыларды кәсіподақ қатарына тарту негізгі мәселеге айналып отыр.
Ал мен жетекшілік ететін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ мүшелігінде 60 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастардың жалпы саны 37 адамды құрайды. Әрине, қай кезде болмасын кәсіподақ қозғалысының дамуында жастар маңызды рөлге ие. Әлгінде өзіңіз айтқан Қазақсан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының жастар саясаты туралы құжаты осынау ауқымды құрылымның стратегиясына сай Жастар кеңесімен әзірленген. Бұл бағдарлама кәсіподақ ұйымдарында жастар саясатын насихаттауға, кәсіподақтардың жаңа түрлерін енгізуге және жастармен жүйелі жұмыс жасауға бағытталған.
Қазір біздің салалық кәсіподақтар жанынан «Келешек» жастар кеңесі жұмыс жүргізуде. Бұл кеңес жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердің жас қызметкерлері арасында түрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында құрылған. Жыл басында кеңес мүшелері бас қосып, жылдық жоспар құрды. Қазір жұмыс сол жоспарға сай жүргізілуде. Мұнан бөлек жастар кеңесі кәсіподақтардың жас мүшелеріне еңбек заңнамасын үйрету, олардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді ояту бағытында да бірқатар жобаларды қолға алған.
«Келешек» жастар кеңесінің әрбір отырыстарында кәсіподақ­тар­дағы жастардың рөлін нығайту және арттыруға, жастардың еңбек нарығындағы бәсекелестігіне ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ жастар арасынан кәсіподақ қозғалысының жетекшілерін даярлау мен жас жұмысшыларды кәсіподақ қатарына көптеп тарту да кездесулердің күн тәртібінен түскен емес.
– Кәсіподақ төрайымы жұмысшы құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы тиісті нормативтік құжаттармен жіті таныс болуы керек. Бұл орайда сіздердің кәсіби біліктіліктеріңізді шыңдау ісі қаншалықты жолға қойылған?
– Бізге бұл бағытта «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкер­лерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі ақпараттық көмек түрлерін ұсынып келеді. Аталмыш ұйымның ұйытқы болуымен ұйымдастырылатын семинар-кеңес жұмысында кәсіподақтың жас белсенділеріне көп мағлұмат беріледі.
Кеңес одағы тұсында кәсіптік одақтар негізінен ұжым мүшелеріне материалдық және әлеуметтік игіліктерді бөлумен айналысатын құрылым болды. Ал бүгінгі кәсіподақ ұйымының жетекшісі қызметкер­лердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерінің қорғаушысы саналады. Демек, оның қарым-қабілетін, білім-білігін шыңдап отыру мәселесі қашанда өзекті болып қала береді. Және бұл мәселемен жүйелі айналысуды кәсіподақтар беделін арттырудың бірден-бір жолы деп білемін.
– Жалпы, кәсіподақтағы көшбасшы жас әрі өз ісінің маманы ретінде сізді жастар саясатындағы қандай мәселелер алаң­да­та­ды?
–Қоғамның мүшесі ретінде, мен жастар тәрбиесінің дұрыс жолға қойылмай жатқандығына қынжыламын. Олардың көбіне қоғамдық орындарда былапыт сөздерді қосып сөйлейтінін байқаймын. Әрі бұл сөздер олардың қолданысына сіңіп кеткен сияқты. Сондықтан да менің ойымша, алдыңғы толқын бұл мәселеде жастарға жол көрсетіп, оларға үлгі боларлық әрекеттер жасауы керек. Меніңше, жастар тәрбиесімен мықтап айналысу – уақыт талап етіп отырған қажеттілік.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Шынболат Күзекбаев

ПІКІР