Жамбыл жаңалықтары

Басты міндет – жамбылдықтардың өмір сүру сапасын жақсарту

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм, Талас аудандарына жасаған жұмыс сапары барысында ондағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың, су шаруашылығы кәсіпорындарының тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның жүзеге асырылуының барысын көзбен көрді.

Мойынқұм

Облыс жер көлемінің жартысына жуығын алып жатқан Мойынқұм ауданында бірнеше ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан. Сонымен қатар аудан мал шаруашылығын дамытуға қолайлы әрі жайылым қоры жеткілікті.
Өңір басшысының аудандағы жұмыс сапары Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептен басталды. Онда мектепке дейінгі балаларға арналған «Балапан» шағын орталығы жұмыс істейді. Ғимарат 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Облыс әкімі мекемедегі лингвистикалық, және робототехника кабинеттерімен танысты. Білім көрсеткіші ойдағыдай десек те, мектеп түлектерімен байланыс оң жолға қойылмапты. Бұл орайда оқу орны әкімшілігінің түлектерді мектеп тіршілігі мен мәселелесіне барынша тартуға ықпал ететін tulek.kz сайтына тиісті деңгейде мән бермей отырғандығы айтылды.
– Алғашқы түлектерден бастап мектепті әр жылдары бітіргендердің тізімін жасап, оларды оқушылармен кездесуге шақыру керек. Менің ойымша олардың көбі ұшқан ұялары – оқу орындарының ағымдағы мәселелерін шешуге қол ұшын беруден бас тартпайды, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар өңір басшысы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге көмектесуге уәде беріп, аудан әкімі Мәден Мұсаевқа жобалық-сметалық құжаттаманы уақыт созбай дайындауды тапсырды.
Кеңес ауылдық округінде жоғарыда айтылған тұрмыстық табысты арттыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оның орындалу барысы туралы «Айдарлы Агро-2019» кооперативі жетекшілері баяндады. Округке қарасты бір ғана Айдарлы ауылына жоба аясында 630 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Айдарлының тұрғындары ауызсудың сапасына наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша су құрамында фтор қосындысы көп. Сондай-ақ ауылдықтар мәдениет үйінің құрылысына қатысты мәселе көтерді. Пилоттық жоба аясында 1708 бас мал сатып алынғанымен, олардың сүтін өткізетін жер жоқ.
Бердібек Сапарбаев сүтті өткеруде Шу ауданындағы кәсіпкерлердің бірінде тұрған сүт өңдейтін модулді цехты пайдаланудың маңыздылығына назар аудартып, аудан әкіміне бұл мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.
Өңір басшысы Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған жері – Бірлік ауылының кіреберісінде орналасқан, күніне 150-200 адам өтетін блок-бекеттің де жұмысымен танысты. Мұнда төрт полиция, екі медицина қызметкері мен екі санитар маман жұмыс істеп жатыр. Бір кездері Бірлік ауылы ауданның орталығы болған. Сол кезден қалған үлкен аурухана бүгінде дәрігерлік амбулаторияға айналған. Мұнда жалпы саны 20 адам еңбек етсе, оның екеуі дәрігер, 16-сы екінші буын медицина қызметкері. Бұл нысан көршілес Хантау, Биназар, Айдарлы сынды үш елді мекеннің тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінің бір корпусы жөндеуді талап етеді.
– Коммуналдық шығындарды азайту үшін амбулаторияның бір бөлігін басқа мақсатқа пайдалану керек. Жергілікті халықтың қажеттілігін ескеріп, мұнда қандай мекемені орналастыруға болатынын аудан әкімі жан-жақты ойластыруы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бірлік ауылында өңір басшысы ауыл тұрғындары мен «Байбарақ-Агро» өндірістік кооперативтінің ұжымымен кездесті. Ауылдықтар мұнда да ауызсудың сапасына, білікті дәрігерлер мен дәрі-дәрмектің тапшылығына, жол жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдарын жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселелерді шешуге болатынын айтып, азаматтарды тезірек кооперативтерге бірігуге шақырды.
Келесі кезекте Бердібек Машбекұлы «Радай» гидроэнергетикалық кешеніне ат басын бұрды. Бұл кешенді күрделі жөндеуден өткізу үшін шамамен 70 миллион теңге қаражат қажет екен. Нысан қайта іске қосылса, мойынқұмдық 33 шаруа қожалығын ағын сумен қамту мәселесі шешілетін көрінеді. Өңір басшысы бұл нысанды қайта іске қосуға қолдау көрсетілетіндігін айтты. Сонымен қатар ол «Фурманов» су торабының жөндеу жұмыстарына да қол ұшын беретінін жеткізді. Қазір ондағы үш сегменттік қақпаның біреуі істен шыққан.
Аудандық орталық аурухана мен емханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер, реаниматологтар және жұқпалы аурулар бойынша мамандарды қосқанда 11 дәрігер жетіспейді. Ультрадыбыстық және флюорографиялық құрылғылармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешен үнемі шалғайдағы ауылдарға шығып отырады. Жылда 5 жас маман жұмысқа қабылданады. Оларға көтерме ақысы төленіп, тұрғын үй беріліп келеді. Бүгінгі таңда мұнда 20 науқас емделуде. Жалпы ауданның 1110 тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесіне әлі енбепті. Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға жедел жәрдем бөлмесін, басқа да бөлімдерді жөндеу, аурухана ауласын асфальттау үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды тапсырды.
Аудан активімен өткен кездесуде облыс әкімі санитарлық талаптарды барынша қатаң сақтау керектігіне көңіл бөлді. Әсіресе бұл өз қызметін қайта бастаған нысандарға қатысты екендігін ескертті.
Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін механикаландырылған жасақтың жұмысын күшейтіп, каналдар мен құбырларды жөндеу, құдықтар мен су құбырларын қалпына келтіру, сүт өңдейтін цехтар ашу қажеттігіне айрықша тоқталды. Сонымен қатар орман қорындағы жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану жайы да талқыға салынды. Сондай-ақ шағын су қоймасының құрылысын жүргізуге ыңғайлы орынды анықтау үшін өзендердің әлеуеті мен дақылдардың құрылымын зерттеу қажеттігін алға тартты. Жалпы ауданда кем дегенде 450-500 жаңа жұмыс орнын ашу керектігі туралы талап қойған өңір басшысы аудан әкімдігі тарапынан әлеуметтік нысандарды салу және күрделі жөндеу бойынша ұсыныстардың аз түскенін жеткізді.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы –2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бар-жоғы 1,8 миллиард теңгеге өтінім түскен. Бұл аудандардың арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Сіздердің бастамаларыңызды көре алмай тұрмыз. Биыл біз көптеген нысандарды салуды және жөндеуді бастағалы отырмыз. Мердігерлердің әрбір жұмысының сапалы орындалуын қадағалау үшін қоғамдық бақылау орнату қажет. Оған қоғам белсенділерін тарта отырып, өңір тұрғындарымен тиімді байланысты жүйелей түсіңіздер, – деп қорытындылады жиынды Бердібек Сапарбаев.

Талас

Түстен кейін өңір басшысының сапары Талас ауданында жалғасты. Ауданға сапарын облыс әкімі өндіріс ошақтарын аралаудан бастады. Жобалық қуаттылығы 700 миллион текше метр болатын «Амангелді Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл сайын 355 миллион текше метр көгілдір отын өндіруде. Алдағы бес жылда компания өндіріске 42 миллиард теңге қаржыны инвестициялауды жоспарлап отыр. Ал барланған газдың қоры 16 миллиард текше метрді құраса, болжамдық көрсеткіш 59 миллиард текше метрге жетіп жығылады. Қазіргі таңда зауытта 385 адам жұмыс істейді. Олардың 80 пайызы облыс тұрғындары. Ауысымның ұзақтығы екі аптаны құрайды. Өндіріс ошағында 135 адамға арналған жатақхана, асхана, футбол және волейбол алаңдары бар. Облыс әкімі сөз арасында барлау мен өндірісті ұлғайту қажеттігін атап өтті. Себебі газ кәсіпорындар үшін де, тұрғындар үшін де қай кезде де қажет. Бүгінде бұл өңірдің елді мекендерін газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
2017 жылы Ақкөл маңындағы елді мекендерді су басу қаупі туындағаны белгілі. Сол кезде бөгеттер шұғыл түрде күшейтіліп, дер кезінде төтенше жағдайдың алдын алудың арқасында қайғылы оқиғаларға жол берілмеген. Енді су тасқынына қарсы іс-шараларға 721 миллион теңге бөлінбек. Бұл қаражатқа бөгеттің шөгіндісін салу, бөгет жиегін көтеру, жағалауды мығымдау, су қоймасының түбін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Аса өзенінің төменгі ағысында Талас ауданының экономикасы үшін маңызы зор 1700 гектар суармалы жер мен шабындық орналасқан. Сондай-ақ вегетативтік маусым басталғанға дейін Бөгеткөлден түсетін су көлемін ұлғайту мәселелесін шешу қажеттігі көтерілді.
– «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалының Талас пен Байзақ аудандарының шекарасына су қоймасын салу туралы ұсынысы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Мамандар бұл жерде су жинау суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға көмектеседі ме деген сұраққа жауап іздеуі қажет. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады. «Қазсушар» филиалы әр аудан бойынша су лимитінің сақталуын қадағалап, туындаған дауларды тез арада шешкені абзал. Біз барлығы үшін тиімді болатын әрекеттерге ғана барамыз. Басты мақсат – аймақтың экономикасын дамыту және жамбылдықтардың әл-ауқатын арттыру, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

ПІКІР