Басты міндет – жұмыс орнын көбейту

0 12

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы алдымен «Тараз металлургия зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрып, кәсіпорын директоры Ғабит Сұлтанқұловтың есебін тыңдады.

Қазіргі таңда кәсіпорынның 60 мың тоннаға дейін өнім шығару мүмкіндігі бар. Өндірген өнімдері ішкі және сыртқы нарықты қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы өндіріс орны 34 500 тонна ферроқорытпа шығарса, биыл 37 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлауда. Сонымен қатар 19 920 тонна электродтық масса өңдеп шығарса, биыл 33 мың тоннаны өңдеуді межелеп отыр. 2020 жылы 3 мың тонна ферроқорытпа шетелге (Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Грузия, Әзірбайжан) сатылса, биыл 4 500 тонна сату көзделуде. Серіктестік директорының айтуынша, келешекте де экспортталатын өнім көлемі арта беретін болады.
– Электродтық масса шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын болғандықтан қолдау да ерекше. Былтыр кәсіпорынға 1,5 миллиард теңгеге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ал ағымдағы жылы 800 миллион теңгеге жаңғырту жоспарлануда. Нәтижесінде өнімділікті жыл санап арттыратын боламыз. Сондықтан облыс әкімдігіне ерекше алғысымызды айтқымыз келеді.
Кәсіпорында 2018 жылдан бастап әр жылы 100 жаңа жұмыс орны құрылуда. Қазіргі таңда мұнда барлығы 917 жұмысшы жұмыс істейді.

Жұмысшылардың орташа жалақысы – 135 мың теңге. Биыл да жұмысшылардың жалақысын он пайызға арттыруды көздеп отырмыз. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да ерекше мән беріледі. Мәселен өткен жылы өмірге үшем алып келген қызметкерімізге баспана алып бердік.
Ал ең бір өзекті мәселе – қажетті шикізатты Ресейден аламыз. Сондықтан бағасы айтарлықтай қымбатқа түседі. Теміржол тасымалы да қымбаттады. Сол себепті жол тасымалына байланысты қолдау болса жөн болар еді, – деген Ғабит Сұлтанқұлов маман тапшылығы да түйінді мәселенің бірі екенін атап өтті. Дегенмен кәсіпорын директоры еліміздегі бірқатар оқу орындарымен тиісті келісімшарт жасалғанын, мұның өзі кадр тапшылығын жоюда өзіндік үлесін қосып отырғанын жеткізді.
Мұнан кейін сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов салалық кәсіподақ жұмысын жандандыру керек екенін айрықша атап өтті.
– Осыдан он ай бұрын серіктестікке арнайы келіп, аралап көргенбіз. Зауыттың жұмысы жалпы жаман емес. Қолдаудың арқасында тұралап қалған кәсіпорынның тамырына қайта қан жүгіріп, жылдан-жылға өнім көлемі артып келеді. Сонымен қатар жұмысшылардың да саны артқан. Жалақыда да өсім бар. Осы қарқынды жоғалтпау керек. Біздің негізгі міндетіміз– облыс тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Әлеуметтік көмектер көрсетіп, барынша жағдай жасау, – деді Б.Машбекұлы.
Басқосуда еңбек заңна­масының сақталуына, жұмысшылардың құқығы мен мүддесінің қорғалуына, жұмыс орындарының сақталуы, тиісті әлеуметтік қолдаулардың жасалуына мән беріліп, осы мақсатта үшжақты меморандумға қол қойылды.
Мұнан кейін аймақ басшысы көп жылғы тоқыраудан кейін, яғни 1999 жылы қайта іске қосылған «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барды. Зауыт бүгінгі таңда кеңестік кезеңдегі қуатында жұмыс істемесе де жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, кеңейіп келеді.
Жиында серіктестік директоры Еркебұлан Ералы өткен жылы атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер бойынша есеп берді. Серіктестік директоры алдымен кәсіпорынның тарихына қысқаша тоқталып, кезінде мұнда 5000 адам жұмыс істеп, жылына
6 миллион аяқкиім шығарылғанын атап өтті. Биыл эпидемиологиялық жағдай тұрақталса, кәсіпорын 60 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отыр екен.
– Кәсіпорын материалдық-техникалық базасы нығайған, толық өндірістік циклы бар, еліміздегі ең ірі аяқкиім шығаратын кәсіпорындардың бірі. Серіктестіктің 1,2 гектар алқапта орналасқан, толық инфра­құры­лыммен жабдықталған 100 000 шаршы метрден астам өндірістік-әкімшілік ғимараты бар. 700 данадан астам германиялық «Десма», итальяндық «Москони», «Рицци», «Джимато» секілді заманауи жабдық түрлері орнатылған.
Бүгінгі таңа фабриканың жылдық өндірістік қуаты 500 000 пар аяқкиімді құрайды. Фабриканың 400 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар. Өткен жылы 125 196 аяқкиім дайындалды. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмен. Оның үстіне кәсіпорын өзінің жобалық қуатының 25 пайызы деңгейінде ғана жұмыс істей алды.
Ал ағымдағы жылы жұмыс қуатын 30 пайызға арттыруда жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар күнделікті үлгідегі аяқкиімді өндіру және сату көлемін 30 000 жұпқа дейін ұлғайту жоспарымызда бар. Одан бөлек әйелдер, жасөспірімдер және балалар аяқкиімдерінің ассортиментін кеңейтетін боламыз.
Сондай-ақ аяқкиім өкшесін дайындау өндірісін де жандандыруды алға үлкен мақсат етіп қойып отырмыз. Қазіргі уақытта бұл материалды сырттан тасып жатырмыз. Егер біз осы көздегенімізге қол жеткізе алсақ, онда импорт айналымының ауқымын 100-150 миллион теңгеге жеткізіп, қосымша 10 жаңа жұмыс орнын ашпақпыз.
Ең бастысы, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы назарымыздан тыс қалған емес. Қызметкерлердің 70 пайызы әйел азаматтар. Олардың арасында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жалғызбасты, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.
Жұмысшылардың құқықтарының қорғалуын кәсіподақ қадағалайды. Қызметкерлеріміз үшін міндетті зейнетақы, әлеуметтік, медициналық аударымдарын уақытылы жүргіземіз. Мүмкіндігінше қолайлы еңбек жағдайларын жасауға тырысамыз. Атап айтқанда, есепті кезеңде арнайы асхана ашылды. Қызметкерлер ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Құнының 50 пайызы кәсіпорын есебінен субсидияланады. Сонымен қатар ай сайын қоғамдық көлікпен қатынайтын төлем карталарының шығынын кәсіпорын көтереді, – деген Е.Бақытжанұлы бірқатар мәселелерге де тоқталып өтті.
Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы серіктестіктің жұмысына оң бағасын беріп, туындаған кез келген мәселе бойынша қолдау болатынын атап өтті.
Жиын соңында меморандумға қол қойылды.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.