"Нұр Отан"

Басты ұстаным — сапалы қызмет

Written by Aray2005

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссия мүшелері Тараз қалалық «Мамандандырылған  халыққа  қызмет көрсету орталығының»  жұмысымен танысты. 

 Облыстық мәслихаттың депутаты, комиссия төрағасы Абай Нұржанов бастаған топ мүшелері әуелі автокөліктерді тіркейтін және жүргізуші куәліктерін рәсімдейтін операциялық зал, емтихан сыныбы, дайын құжаттарды беретін сектор, әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің кабинеттерінде болды.       Жалпы елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, қағазбастылықтан арылту мақсатында электрондық қызметтер  енгізілуде. Шара  барысында аталмыш орталық қызметінің біршама электронды жүйеге  ауысқандығын аңғардық. Жалпы, өткен жылы аталған орталық 130 101 құжат қабылдаған.

 – Қазіргі уақытта мамандандырылған бөлім жүргізуші куәлігін беру және көлік құралдарын  шығару және қайта тіркеу бойынша қызмет көрсетеді. Соңғы жаңашылдыққа сай  көлік құралдарын тіркеу  мемлекеттік қызметі  2 сағаттан 1,5  сағатқа қысқарса, жүргізуші куәлігін ауыстыру 90 минуттан 1  сағатқа ықшамдалды. Ал қағаз жүзінде ауыстыратындар үшін 2 сағатқа созылады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап көлік құралдарын тіркеу куәлігі жаңа үлгіде шығарылып жатыр. Бұл жаңа куәлікте барлық мәліметтер сақталады, – дейді Тараз қаласы «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы» бөлім басшысының орынбасары Нұрдәулет Темірбеков.

Ал жоғарыда аталған екі қызмет түрі бөлімнің  өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы 2018 жылдың шілде айынан бастап жолға қойылған.

– Былтырғы жылмен салыстырғанда өзгерістер бар. Мәселен, өткен жылы ғимараттың 1 қабатында халыққа қызмет көрсету орталығымен қатар ІІД қызметкерлері бірге отыратын. Қазір бірінші қабатта тек қана орталық қызметкерлері жұмыс істейді. Алайда, орталықтан қызмет алушылар саны күн санап артуда. Сол себепті, бұл қабаттың өзі қазір тарлық етуде. Бұл мәселе алдағы уақытта  шешімін табады, – дейді комиссия төрағасы Абай Құралбекұлы.

Шара  барысында комиссия мүшелері халыққа қызмет көрсету сапасын жетілдіре түсу туралы нақты  ұсыныстарын жеткізді.

 Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР