«Басымды ием саған, дәрігер!»

0 16

Еліміз бойынша 27 мың медицина маманы әлемді алаңдатқан індетке қарсы тұруда

Қазір әлемді дүрліктіріп, бүкіл адамзатты алаңдатып отырған қауіпті індет – коронавирусқа 2 миллонға жуық адам шалдығып, олардың 100 мыңнан астамы көз жұмыпты (2020 жылғы 13 сәуірдегі мәлімет бойынша). Тосын келген бұл індет күннен-күнге ушығып, бүкіл Жер шарына өрісін кеңейтіп барады. Жаһанды жайлаған қатерлі індетті ары қарай таратпау, тосқауыл қою жолын іздеп, дертті анықтау және оған шалдыққандарды емдеу жауапкершілігі – медицина қызметкерлерінің мойнында тұрған зор жауапты іс. Бұл күндері күн демей, түн демей халық денсаулығын сол қауіпті індеттен сақтау мақсатында бастарын қауіп-қатерге тігіп бірнеше мыңдаған дәрігер мен медбике «мылтықсыз майданның» алдыңғы шебінде жүр.

Біздің елімізде де кенеттен келген қауіп-қатерге тосқауыл қою мақсатында халық денсаулығын қорғау үшін төтенше жағдай енгізіліп, көптеген ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Індетпен күресу үшін медицина, ішкі істер саласының және әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Халық денсаулығының сақшылары ақхалатты абзал жандар – дәрігерлердің бұл іс-шараларда алар орнын, рөлін біз айтпай-ақ көпшілік жақсы біліп, жетік түсініп отыр.

Медицина қызметкерлерінің карантин жағдайындағы қызметін және олардың індетпен күреске қосып жатқан үлесін Елбасы Н.Назарбаев, Президентіміз Қ.Тоқаев өздерінің халыққа үндеуінде ерекше атап өтіп, орынды баға берді. Медицина қызметкерлері өздерінің денсаулығын, тіпті, өмірін қауіп-қатерге тігіп отырғандарын елеп, мемлекет қолдау, қамқорлық көрсетіп, әрқайсысының айлықтарына үстемақы беретін болды. Полиция мен әскери қызметкерлерге де қолдау бар. Бұл орынды қабылданған шешімді көпшілік қолдап отыр. Н.Назарбаев бизнес өкілдеріне «Bіrgemіz» деген қоғамдық қор ашуды ұсынды. Бұл ұсынысты еліміздің қаржыгерлері мен қайраткерлері қолдап, «Бір болайық, іргеміз сөгілмесін!» деп қаражат аударып жатыр. Бұл еліміздің тұрғындарының біртұтастығының айғағы, түсіністіктің белгісі.

Дәрігерлердің «мылтықсыз майданда» күн сайын көрсетіп жатқан ерлігі туралы мақалалар газеттерде жарияланып, теледидарлардан көрсетілуде. Өкінішке қарай халық денсаулығын қорғаймыз деп күні-түні блок-бекеттерде, санитарлық пунктерде, провизорлық стационарларда қызметте жүріп, немесе індетке шалдыққандарды емдеу барысында өздері де сол қатерлі инфекцияны жұқтырып, жан-жағындағы әріптестеріне, қасындағы қызметкерлерге, отбасындағы бала-шағасына, ата- анасы мен қартайған кісілердің денсаулығына қауіп туғызуда. Соңғы ақпараттар бойынша елімізде 1000- нан астам адам қауіпті індетке шалдықса, оның 120- дан астамы медицина қызметкері екен. Бұл жалпы ауруға шалдыққандардың 17 пайызын құрайды. (Ауруларға араша боламыз деп өздері індетке шалдыққан медицина қызметкерлері жайлы естіп, басқа да әріптестеріміздің өте абай болуларын айта отырып, адал еңбектері үшін алғыс білдіргім келеді).

Әттең базбір шенеуніктердің (облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен бөлімдерінің басшылары мен бас дәрігерлері) «коронавирусқа қарсы шара қолдануға, алдын алуға бізде барлығы бар, қамтамасыз еттік, біз барлығына дайынбыз» деп жоғарыға жалған ақпарат беріп, солардың жайбасарлығынан, енжарлығынан, немқұрайлылығынан, бардым-жүрдімдігінен медицина қызметкерлерін қорғану құралдарымен (бетперде, антисептиктер, қолғаптар және с.с.) және ауруды дер кезінде анықтауға қажетті экспресс- тестілермен қамтамасыз етілмеген фактілер анықталып жатыр. Мысалы біздің Меркі аудандық ауруханасында қызмет бабында коронавирус жұқтырған дәрігер Толқын Ордабаева таяуда әлеуметтік желіге жазып және теледидар арқылы ауруханадағы жағдайға шағымданды. Шындықты жайып салды. «Карантиндегі адамдарға дәрігерлер барғысы келмеді. Арасында жүкті әйел болған соң гинекологты айғай-шумен кіргіздік» деген дәрігер бастапқыда маска да тапшы болғанын айтады. Аудан бойынша жұқпалы аурулар дәрігері (инфекционист) екеу ғана. Егде кісілерге коронавирус аса қауіпті болғандықтан бас инфекционист дәрігер демалысқа кетті. Бір жарым айдан бері жалғыз жұмыс істеп жүрмін. Науқас түссе күндіз, түнге қарамаймыз», деді Толқынай Ордабаева. Дәрігердің айтуынша, маска мен қорғаныш киім тапшылығы қатты сезілген. Алғашында 5-6 дана бергенімен, кейін медбикелері өздері маска тігіп, киюге мәжбүр болған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы «ауруханада маска да, қорғаныш киімдері де жеткілікті» деп жалған сөйледі. 9 сәуірде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы бақылау комиссиясы дәрігердің көпшілік алдындағы шағымынан соң тексеру жүргізіп, Меркі ауданы ауруханасының әкімшілігі медицина қызметкерлерінен маска тігуді талап еткенін растады. Өз кезегінде облыс әкімінің тікелей араласуымен арнайы комиссия құрылып, жауаптылар қызметінен босатылды.

Алматы қаласындағы орталық аурухананың 200 қызметкері карантинге алынып, «Көктем» шипажайына орналастырылғаны, бірақ онда керекті жағдай жасалмағаны (коронавирусқа тексеретін экспресс-тест нәтижесі тым созылып кеткені) туралы әлеуметтік желіде жарияланды. Шынымен тексерсек, анықтасақ, еліміздің емдеу орындарында да осындай кемшіліктердің барына күмән келтірмейміз. Жауапсыздық, немкеттілік, енжарлық, немқұрайлық, жалған сөйлеу, екіжүзділіктің себебінен қанша адам қатерлі инфекцияға ұшырап, халықтың денсаулығын қалай сақтап қаламыз деп тер төге еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері ауру жұқтырып, ел арасында үрей туғызып, коронавирус індеті құрғақ қамысқа тиген оттай жалындап, ұшқындап тұр. Осындай фактілер әрине, көп ойларға жетелейді… Өтірік өрге баспайды. Сондықтан әркім ар алдында жауап беруге міндетті.

«Сақтансаң – сау боласың!» деген қазақтың орынды айтылған қанатты сөзі бар. Дәл қазір солай істеу керектігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Індет шекара таңдамайды. Егер олай етпесек, бұл инфекция тез арада тоқтамайды, елімізге, тіпті, бүкіл адамзатқа көптеген проблемалар туғызады.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай, өңірлер мен қалаларда карантиндік тәртіп жарияланып, көпшілікті қажетті нұсқаулардың талаптарын қатаң орындауға шақыруда. Бірақ әр өңір әрқалай, жеке-жеке карантин даталарын тағайындап жатқандарынан, әртүрлі талаптар қойып жатқанынан «Қазақстанда шектеу шараларының бірыңғай стандарты неге жоқ?» деген еріксіз сұрақ туады. Иә. Бірыңғай жоспар жоқтығы жергілікті өңірлердің әртүрлі берекесіз, үйлеспеген әрекетіне себеп болып отыр. Ойланатын мәселе.

Тағы бір қынжылтатын мәселе осы сәтті пайдаланып, теріс пиғылымен «бизнесін» өрге сүйрету, табыс табу мақсатымен саудагерлікке, ақша табуға қызығып кеткен кейбір арсыз, ұятсыз жандардың теріс іс-әрекетін көріп жағаңды ұстайсың. Кеше ғана медициналық бетперде 10-20 теңге болса, қазір оның бағасы күрт өсіп, 200-300 теңгеге жеткенін естіп жүрміз. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қолғаптардың бағасы да аспандап тұр. Азық-түліктің бағасы көтеріліп тұрғаны жайлы мәліметтер аз емес. Мысалы бір келі зімбірдің бағасы Таразда 8 000-10 000 теңге, лимонның бағасы 800-1000 теңге және де басқа азық- тағамдардың бағасы күрт қымбаттады дегенде таңғалмасқа амалың жоқ.

Әттең әлі де тәртіпке селқос қарап, немкеттілікке бой беріп төтенше жағдай режимін бұзушылар кездесуде. Өзгені ойлап, инфекцияның тарап кетпеуіне жол бермеу мақсатында өз өмірлерін қауіпке тігіп жүрген ақхалатты абзал жандар блок-бекеттерде, санитарлық пунктерде, аурухана мен емханаларда күн-түн демей тер төгіп еңбек етуде. Тіпті қауіп сейілгенше үй-жайына бармай, бала-шағасын апталап көрмей, уақытылы жөнді ас-су ішпей, арнайы дайындалған пансионаттар мен жатақханаларда тұрып жатқандары аз емес. Бағалай білсек – бұл ерлік. Олардың осы қызметі үшін көпшілік бас иуі керек. Ақындарға, композиторларға рақмет, дәрігерлердің бұл күндердегі ерен, жанқиярлық еңбегін бағалап, мадақтау жырлар, әндер жазып жатыр.

Кейде «Дәрігердің еңбегін өмірде немен салыстыруға болады?» деген сұрақ қойылады. Немен салыстыруға болатынын білмеймін. Бірақ дәрігерге артылатын жауапкершілік өте үлкен. Өйткені оған адамның бойындағы ең қымбат – денсаулығы тапсырылған. Ауыр халдегі науқасты аман алып қалғанда, адамдар айтып жатады «бірінші Құдайға шүкір, екінші аман алып қалған дәрігерге рақмет» деп. Енді осындай жағдайларда Құдайдан кейін, екінші дәрігердің аты айтылып отырғаннан-ақ осы мамандық иелеріне қандай ауыр жүк артылатынын түсіну қиын емес. Әсте, барлық мамандықтардың ішінен дәрігер еңбегі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін, ел-жұрт сыйлайтын мамандық. Қалай науқасты ажал тырнағынан арашалап қалам деп дәрігер жанын да, жүрегін де, білімін де аямайды. Сондай жүрегі де, пейілі де таза, еңбекқор, білікті дәрігерлер көпшіліктің алғысына бөленеді. Жақсы, білікті дәрігер атану үшін барлық қиындықтарға төзу керек. Қазіргі індет өршіп тұрған сәтте еліміздің 27 мыңға жуық медицина қызметкері коронавирусқа жол бермеу үшін алдыңғы шепте аянбай еңбек етіп жүр. Ертедегі қариялардың «Оба ауруы бір ауылдың тұрғындарын қырып, тып-типыл етіп кетті» деген естеліктерін естуші едік. Ол – ертеде әлі медицина дамымаған заман болатын, ел көп нәрсеге үрке қарады, түсіністік болмады. Қазір Аллаға шүкір, медицина ғылымы қарқынды дамыды, диагностикалық мүмкіншілік артты, жүргізілетін ем-дом шипа болуда, тіпті, ағзаларды алмастыру оталары өмірімізге батыл енгізілді. Көптеген қатерлі инфекциялық аурулар елімізде мүлдем жойылды. Өйткені қазіргі дәрігерлер ол аурудың шығу себебін, зерттеу жолдарын, клиникалық белгілерін, емдеу тәсілін және профилактикалық іс-шараларды жақсы біледі. Мына елді дүрліктіріп тұрған қауіпті коронавирус инфекциясына да жақын мезгілде тұсау түсеріне сенемін. Өйткені әлемнің медицина ғалымдары, вирусолог-бактериологтары мен биологтары қол қусырып отырмай, бар ықылас- ынтасымен ауруды тоқтату, ерте диагностикалау және емдеу тәсілдерін іздестіріп, оған қысқа уақытта қол жеткізу үшін аянбай еңбек етуде. Әрине ертелі-кеш бұл мәселе де оңды шешіледі. Дәрігерлер беріп жатқан нұсқауларды орындасақ, карантиндік қатал режимдерді бұлжытпай сақтасақ, індет көп уақыт өтпей жойылады. Оған Қытай мен Оңтүстік Корея тәжірибелері мысал бола алады. Әттең әлі де ортамызда бұл инфекцияның қауіп- қатерін мойындамай, немқұрайлыққа, кең етектікке салынып, айтқан ұсыныстарды елемей, арқасын кеңге салып, қойылған тәртіпке бағынбай, селқостық көрсетіп жүргендер табылады. Өкінішке қарай олар айналасындағы адамдарға (балаларына, ата-анасына, туыстарына, жора-жолдастарына, әріптестеріне) қауіпті екенін түсіне бермейді. Сондай жандардың одағайлығы, түсініспеуінің салдарынан инфекция бір қаладан екінші қалаға, бір ауылдан екінші ауылға, бір өңірден екінші өңірге тез «көшіп» барады. Сондықтан қазір әркім алдына талаптарды бұлжытпай орындап, тәртіпке көнсек мына әлемді жайлаған пандемияның айылы жуық арада жиылады, адамдар аурудан сауығады, індет жойылады. Коронавирус эпидемиясы қазіргі адамдар алдында, мемлекеттер алдында тұрған үлкен бір сынақ, өткінші қиындық деп түсіністікпен қабылдағанымыз жөн. Оны жеңуге әркімнің атсалысуы керек. Қазақта «Түн артынан, күн шығады» деген қанатты сөз бар. Аман болсақ, бұл індет те жойылады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Leave A Reply

Your email address will not be published.