БАСЫМДЫҚ ЛЕГИОНЕРЛЕРГЕ ЕМЕС, ЖЕРГІЛІКТІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛУІ ТИІС

0 14

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының басшысын қабылдады. Жиында өткен маусымның нәтижелері мен алдағы маусымдағы жоспарлар жайы сөз болды.

Бердібек Машбекұлы басымдық легионерлерге емес, жергілікті жастарға беріліп, футболшыларымыздың жоғары мүмкіндігін пайдалана білу керек екенін атап өтті.
– Біздің жергілікті ойыншылар негізінде жақсы ойнайды. Сондықтан өзіміздің аяқдопшыларды көптеп тартуымыз керек. Біздің мақсат сол. Ауылдарда талантты футболшылар көп, шығару қажет. Жастар үшін спорттық-сауықтыру кешендері мен футбол алаңшаларын салып жатырмыз. Түрлі жарыстарды өткізіп, ішінен болашағы бар балаларды іріктеуді мықтап қолға алу керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
«Тараз» футбол клубының басшысы Талғат Тұрлыбайұлы қазіргі уақытта карантиндік шектеулерге байланысты оқу-жаттығу жиынын шетелде емес, елде өткізіп жатқанын жеткізді.
– Жамбылдық жастардың арасынан 40-ын іріктеп, оқу-жаттығу жиынын Шымкентте өткізудеміз. Жататын орны, тамағы бәрі қарастырылған,–дейді Талғат Тұрлыбайұлы.
Өткен жылғы маусымда «Тараз» аяқдопшылары 22 ойынның 6-ауын жеңіспен аяқтап, турнирлік кестеде 8-орынға тұрақтаған. Бұл көрсеткішке аймақ басшысының көңілі толмады.
Өткен жылы команданың бас бапкері Владимир Никитенкомен жасалған келісімшарттың мерзімі де аяқталды. Қазір ұжым жаңа маман іздестіру үстінде. Осы ретте өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бас бапкер таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Қазіргі уақытта «Тараз» сапында 10 легионер бар екен. Облыс әкімі шетелдік ойыншылар санын 5-тен асырмау керектігіне баса мән берді. Оның өзінде легионерлерді қажетті позияциялар бойынша таңдау маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ ұжымға кететін шығынды қайта қарап, оңтайландыруды тапсырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.