Қоғам

Батутты бақылайтын адам бар ма?

Written by Aray2005

Мектептерде соңғы қоңырау үні сыңғырлағалы санаулы күндер өтті. Бұл – бүлдіршіндер үшін көптен күткен жазғы демалыстың қыза түскен шағы. Осы бір «науқандағы» оңтайлы сәт балалардың ойын алаңдары қызметін ұсынушылардың оң жамбасына келіп тұр. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған батуттар мен аттракциондарды бүгінде Тараздың кез келген бұрышынан кезіктіруге болады. Әсіресе қазір батутты табыс көзіне айналдырған бизнесмендердің дәурені жүріп-ақ тұр. Ата-аналар да доптай үрленген осы бір алаңда асыр салып ойнауға аңсары ауған баланың көңілін қимайды. Алайда байқамасаңыз, бәле дегеніңіз осы батуттан да келуі мүмкін. Шағын қамал іспеттес резеңкеден үрленген ойын алаңдарында бас-көзге қарамай секірген балаңыздың оқыс жағдайда жарақат алып қалуы былай тұрсын, батуттың екпіні қатты желге ұшатынын немесе электр тоғынан ажырағанда лезде желі шығатынын естен шығармаған жөн.

Ең қызығы, елімізде барша бүлдіршіннің қызығына айналған батут қызметінің қауіпсіздігін қадағалауға құзыретті бірде-бір ресми орган жоқ екен. Соның салдарынан республика аумағында балаларға батуттан төнген бәлекеттің статистикасы көңіл көншітпейді. 2015 жылдан бері еліміз­дің әр қиырында батуттың желге шыдас бермей аударылып қалуының 6 фак­ті­сі тіркеліпті. Күні кеше Қарағанды қала­сын­да болған жағдай тіптен сорақы. Атал­мыш шаһардың орталық сая­ба­­ғын­­да қатты желдің салдарынан үр­ме­лі батут аударылып, оқиға сал­дарынан 11 жастағы бала қаза тап­ты. Ал бала өліміне әкеліп соққан үрмелі батутты қолданысқа енгізген Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғыны «сауық нысанын заңсыз әрі талапқа сай орналастырмағаны» үшін ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Бес күн бұрын Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында да батутты жел ұшырып әкеткен. Абырой болғанда, оның ішіне балалар әлі міне қоймаған екен. Міне, бұлар соңғы бір аптаның ішінде болған оқыс оқиғалар.
Осыдан-ақ батут бизнесіне қатаң бақылау қажет екенін аңғаруға болады. Әйтпесе бала қауіпсіздігін табыстан кейінгі орынға қоятын бизнестің бұл түрінің бүлдіршіндерге тигізер залалы мен зардабы мол болмақ.
Көңілге демеу болатын тағы бір жайт, жамбылдық бүлдіршіндер әлі батутта ойнау кезінде жазатайым оқиғаға тап болған жоқ. Дегенмен бұл біздегі батуттардың қауіпсіз екенін білдірмейді. Тек сол оқыс оқиғаның алдын алып, болдырмаудың амалын қарастырған жөн. Әйтсе де «шағым болмай дабыл қағуға жол бермейміз» деген сыңай танытқан жергілікті құзырлы органдар балалар алаңдарының қауіпсіздігіне бас қатырмайтын сыңайлы.
Мәселенің мәнісін білмекке алғашында шаһардағы бизнес өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, олардың өз кәсібін заң талабына сай жүргізуіне жауапты Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне хабарласқанбыз. Қойған сауалымызға бөлім мамандары қысқа ғана жауап берді. Батут бизнесімен айналысушылар рұқсатты кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінен емес, кәсіпкерлік нысан орналасқан аумақтың иесінен ғана алады екен. Мәселен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта орналасқан батут иелеріне кәсібін дөңгелетуге рұқсатты «Жасыл ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі берген. Ал бұл серіктестік басшылары батутты орналастыруға арнайы жер бөліп бергенімен, оның қауіпсіздігін қадағалауды міндеті санамайтынын жеткізді. Сол секілді полиция, төтенше жағдайлар департаменттері, тұтынушы құқығын қорғау басқармасы сынды құзырлы органдар да өз қызметі шеңберінде бұл саланы тексерудің заңдылықтары барын айтады. Батут қызметін құқық қорғау органдарының тексеруі үшін тұтынушыдан арыз керек көрінеді. Сондай-ақ облыс әкімдігі білім басқармасының бала құқығын қорғау бөлімі мен Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі де батутты бақылау жауапкершілігінің қызметтік құзіретіне кірмейтінін айтып, ат-тондарын ала қашты. Осылайша балалардың алаңсыз демалысын ұйымдастырып, олардың қауіпсіздігін сақтауға мүдделі талай мекемеге батутта ойнауды қамтамасыз ету мәселесі бойынша сұрау салған әрекетімізден түк шықпады.
Сондықтан да біз батуттардағы қауіпсіздік ережесін қаншалықты жолға қойғанын кәсіпкерлердің өзінен сұрап білдік. Қазір адам аяғы үзілмейтін Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтағы батут қызметіне сұраныс жоғары. Ал осы қызмет түрін нәсібіне айналдырған жеке кәсіпкер Әли Жартыбаев өз батутында қауіпсіздік ережелері мұқият сақталғанын айтып сендірді.
– Әрине, батуттағы балалар­дың қауіпсіздік шараларын ұйым­дас­ты­ру оңай шаруа емес. Әрі тұтыну­шы­ла­ры­мыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзіміз үшін қажет. Сондықтан да осы саябаққа батутты қоймас бұрын төтенше жағдай қызметінде жұмыс жасайтын танысымның ақыл-кеңесіне жүгінуге тура келді. Ол маған батуттың 6 бұрышынан 13 сантиметр тереңдікке қазық қағып, жіппен бекіту туралы кеңес берді. Оператор да қауіпсіздік ережесімен мұқият таныстырылған. Батутты үрлеп тұрған қондырғыға электр тоғы жетпей қалғанда автоматты түрде сақтандырғыш іске қосылады. Ал басқа себептермен батуттың желі шыға бастаса, оператор тез арада балаларды шығарып алады. Негізінен, батуттағы оқыс оқиғалардың көбі олардың тозығы жетуінен болады. Сол себептен де бұл бизнеспен айналысып, табысқа кенелгісі келгендер, ең алдымен, батуттың жаңа болуын назарда ұстағаны абзал. Дегенмен қандай жағдай болмасын балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, мейлінше сақтық шараларын сақтауға тырысамыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Ал ата-аналардың айтар уәжі басқа. Олар бауыр еті баласының көңілін қалдырмай батутта асыр салуға рұқсат бергенімен, шыбын жанын шүберекке түйіп тұратынын айтады.
– Өйтпеске амалымыз жоқ, теле­ар­налардан, сайттардан ара-тұра батуттардың желге ұшуы, төңкеріліп қалуы туралы ақпараттарды көзіміз шалып қалады. Әзірге Таразда ондай жағдай орын алмағанымен, батуттарға келгенде қауіпсіздік ережелерінің жіті сақталмайтындығын байқаймыз. Кәсіпкерлер сақтық шараларының қолға алынатынын қанша айтып сендірсе де, жазым аяқ астында емес пе? Сондықтан да қаладағы балаларға арналған жалпы ойын алаңдарын қауіпсіз ету мәселесіне тиісті бақылау болғаны дұрыс деп білемін. Оған қоса тиісті органдар батут қызметіндегі бағалардың тұрақтылығын қадағаланы жөн. Өйткені баға әр жерде әрқилы. Жеке кәсіпкер бағаны қалауынша қояды. Бұл сома бірнеше баласын қыдыртуға алып шыққан ата-ананың қай-қайсысының болмасын қалтасына салмақ салады. Тағы бір айта кететін жайт, батуттардағы нұсқаулықтар түсініксіз жазылған. Батуттағы қауіп­сіздік шараларында ата-ананың, қызметті ұсынушының жауапкершілігі қандай екенін білмекке нұсқаулық жазылған тақтаға үңілсеңіз, ондағы жазудың мәнін түсіну мүмкін емес, –
дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұрбану Мейрамбекқызы.
«Батутта ойнаймын» деп қиғылық салған бүлдіршінімен кезекке тұрған ана Бибігүл Атабайды сөзге тартқанымызда, ол да балалардың ойын алаңдарындағы қауіпсіздікті сақтау шараларының тиісті деңгейде ұйымдастырылмайтындығына назар аударды.
– Баламен батуттарға барғанда міндетті түрде олардың қазықтарға мұқият бекітілуін қадағалаймын. Кейде батуттар электр тогынан ажырап желі шығып, операторлар балаларды жанұшыра сыртқа шығарып әлек болып жатады. Осының өзі ондағы қауіпсіздік ережелерінің тиісті деңгейде сақтала бермейтіндігін көрсетеді. Мұнда тиісті мекемелердің де жауапкершілік жүгін сезіне алмай отырғанын аңғару қиын емес, – дейді Бибігүл Бекетқызы.

Әрине, батуттың бәрі бірдей бала өміріне қауіпті болмауы мүмкін. Десе де сақтық шараларын мұқият ойластыру оқыс оқиғаның алдын алуға бастайтынын ескергеніміз абзал.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР