Батыр Бауыржанның жиендері Диқан ауылында тұрады

0 1

Бауыржан Момышұлы – қазақ халқының қаһарман перзенті, әскери қайраткер, Ұлы Отан соғысына қатысқан даңқты қолбасшы. Хас батырдың Отан соғысындағы ерлікке толы істері уақытында өз бағасын ала алған жоқ. Батыр өз сөздерінде марапат, атақ пен даңқ үшін соғыспағанын талай рет айтқан. Дегенмен халық Бауыржанды батыр деп танып, оған атақ пен даңқтың, марапаттың да небір түрлерін оның көзі тірісінде-ақ беріп қойған. Батыр 1982 жылы дүниеден өткеннен кейін 1990 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен тарихи әділдік орнап, Б.Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Баукеңе бұл атақ берілген күні батырдың отбасына жолдаған жеделхатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн», деген сөзі тарихта жазылып, халық жадында әрдайым жаңғырып отыратыны сөзсіз.
«Қадірін білмепппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар, сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде», –
деп алдағы келер күнді, болашақты сұңғылалықпен алдын ала болжай білген батырдың рухына кейінгі жас ұрпақ үнемі бас иіп отырады. Баукеңнің ерлік істері де қазақ халқының жадынан әсте шықпай, керісінше жылдар жылжыған сайын жаңғыра береді.
Енді Бауыржан Момышұлының бауырлары жайлы, оның ішінде бала Бауыржанға шеше орнына шеше болған туған әпкесі Үбиан Момышқызы жайлы бірер сөз. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы өзінің өмірі туралы жазған «Ұшқан ұя» кітабында кеңінен баяндайды. Аталған кітаптың бір тұсында: «…Міне, Үбиан әпкем үлкен үйден шықты да, қазан басына бет алды. Мен оны көре сала борсаңдап, сүріне-қабына еркелей жүгірем. Әпкем аяғымды жерге тигізбей қағып алып, аспанға көтереді. Мен сықылықтай берем. Әпкем биікке мені бой создырып мәз болады. Сонан соң ол кенет ет бауыры елжіреп мені камзолының омырауын ашып, қойнына жасырып алады да, жүгіре жөнеледі. Бауыр құшағы қандай ыстық еді, шіркін…
Әкем базардан келе жатқан. Үлкен әпкем мені әкемнің алдынан алып шықты. Әкем қоржынды түзулеп, ерге мені отырғызды. Жалма-жан ердің қасынан шап беріп ұстай алдым. Әкем ат тізгінін жетектеп келеді. Үйге дейін отыз шақты қадам болса да, мен ердің екі жағына алма-кезек ауытқып, қоржын ішіне сырғып түсе бердім. Әкем рақаттанып күліп алып қайтадан ерге отырғызады. Әпкем болса қатарласа жүріп: «Қорықпа, қорықпа! Берік отыр!», – дейді. Бұл мені ат жалына алғашқы қол артуым еді». «Ұшқан ұяда» Үбианның тұрмысқа шыққаны жайында да, әпкесінің Диқан ауылына қалай ұзатылғаны жайлы кеңінен баяндалған.
Бауыржанның Үбиан, Әлиман атты екі әпкесі болған. Үлкен әпкесі Үбиан бұрынғы ата жолымен Диқан ауылына ұзатылған. «Ұшқан ұяда» бұл туралы: «Базар күні еді. Аюбайдың ауылынан жиырма шақты адам келді. Сөз бастары, жөн бастар, жол сілтері Аюбайдың немере ағасы Оңғарбай деген ақсақал екен. Қонақтардың құрметіне мал сойылды. Бүкіл ауыл барын құдалардың алдына тосып, аяғынан тік тұрып күтіп жүр. Барлық сый-сияпаттан соң екі ауылдың игі жақсылары тізе қосып отырып бата алысты. Қонақтар ат-шапан алып, көңілді тарқасты» делінген.
Бауыржан үш жасқа толар-толмаста анасы Рәзия мезгілсіз дүние салған екен. Осы тұста үлкен әпкесі Үбиан бауырларын қамқорлығына алып, анасының орнын жоқтатпайды. Ол кісінің қолынан келмейтіні жоқ ісмер болғанын Диқан ауылының адамдары әлі күнге дейін айтады.
Жақында Диқан ауылындағы, дәлірек айтқанда, Үбиан Момышқызы­ның келін болып түсіп, ұрпақ өрбіткен қарашаңырағына барып, Аюбай ақсақалдың ұрпақтарымен арнайы барып танысқан едік. Қарашаңырақтың иесі, Аюбай Майлыбайұлының немересі Ербол ағаның айтуынша, Аюбай мен Үбианнан Сапарбай, Үсенбай, Июньбай, Мартай, Марат, Аманжол (бұл бала ертеректе қайтыс болған) есімді ұлдар тараған. Ербол Аюбайдың екінші ұлы Үсенбайдан туған.
– Бабамыз Аюбай мен Үбиан апамыздың қалай үйленгені туралы әңгімелердің өзі бір төбе. Атам мен апамның жастық кезіне куә болған қария кісілердің көбісі қазір бұл өмірде жоқ. Аюбай атам төрт ағайынды болатын. Ал атамнан алты бала өмірге келген. Менің әкем Үсенбай екінші бала. Әкем мен анам Құлхан екеуі де шаруа кісілер болатын. Өмірінің соңына дейін колхозда жұмыс істеп, отбасында ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Мен үйдің ең үлкенімін. Менен кейін Ерғали, Нұрғали деген інілерім, Шынар, Майра, Күләш, Шолпан есімді қарындастарым бар.
Әже деген қазақ халқындағы ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Біз ұлағатты әже Үбиан апамыздың қолында өскенімізді қашанда мақтан тұтамыз. Апамыз өте иманы берік, қаталдау мінезі де бар, қолының ісмерлігі бар қайратты, қасиетті кісі болатын. Ол кісі балаларына да, келіндеріне де қатал болды. Әулеттегі немерелердің барлығы Үбиан апамыздың қолында тәрбиеленіп өстік. Бізді бауырына басып, әжелік мейіріммен өсірді. Тәрбие берді. Апамыздың қолында өскен соң ба, әкемізді тәте, анамызды жише деп атайтынбыз. Үбиан апам намаз оқитын. Қазақтың ескі салт-дәстүрлерін, сөздерін жақсы білуші еді.
Біздің әулет Диқан ауылындағы үлкен әулеттердің бірі болған соң шаңырағымызда жиын-тойлар жиі болып, қонақтар да көп келуші еді. Қариялардың қаз-қатар отырып, өсиет-өнеге айтқандарын талай тыңдап өстік. Бала кезімізде қариялардың қолына су құйып, қызмет етіп ақ баталарын алушы едік.
Бала кезде есімде қалғаны, біздің үйімізде Үбиан апамның туған інісі, менің түпнағашым Бауыржан Момышұлы жиі болатын. Ауылға Бауыржан келді деген хабарды естісімен-ақ қариялар, үлкен кісілер біздің үйге қарай ағылушы еді. Бауыржан ата ауылға келген күні біз үшін мереке болатын. Ол кісі кейде жалғыз өзі, кейде жеңгемізді ертіп келетін. Үбиан әпкесіне, балаларға сыйлықтар, көйлек-көншек, тәттілерді көбірек әкелуші еді.
Мен байқаған Бауыржан Момышұлының ерекше қасиеті, мінезі қанша қатал болғанымен балаларды жақсы көретін. Әлі есімде, бір келгенінде мені көтеріп алып, үстіме өзінің кителін кигізді. Менен басқа да жиеншарларын жақсы көрді. Біз де Бауыржан атаны жақсы көретінбіз. Үбиан апамыздың аталас жақын ағайын інілерімен әлі де араласып тұрамыз, – дейді Баукеңнің жиеншары Ербол Аюбаев.
Жалпы Бауыржан Момышұлының өмірі туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Баукеңнің Ұлы Отан соғысындағы, жалпы әскери саланы дамытудағы ерлік істерінен бөлек, батырдың қазақ халқының арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрлерін, шежіресін жетік білетіндігі адамды таңғалдырмай қоймайды. Баукең өзінің бір естелігінде Үйсіннің шежіресін өзінен басқа бір-екі ғана қарияның білетінін жазып қалдырған еді. Батырдың артында қалған телегей-теңіз мұралары, ауызша айтқан өсиет сөздері, берген баталары жас ұрпақтың қажетіне жарап, келешек ұрпаққа да өнеге болып қала береді.
Ендігі кезекте Үбиан Момышқызының қалай «Музей апа» деп аталғандығы жайында жазып қалдырған Баукеңнің естелігіне ойысайық. «Менің «Наша семья» деген кітабымды оқығандардың көбінің есінде туған апам Үбиан да болар… Үбиан биыл алпыста. Ол кісінің шын атының ұмытылғанына жиырма шақты жыл болды. Үлкеніміз бар, кішіміз бар ол кісіні Музей апа деп атаймыз. Оған себеп мынау әңгіме.
Менің балам кішкене кезінде Алматының музейіне барып, онда жаулық киіп, күндік орап тұрған экспонатты көреді. Үйге қайтып келсе, кең кимешек, басында үлкен күндік ораған Үбиан төрде жайбарақат шай ішіп отыр екен. Бақытжан мамасын үйге шақырып алып:
– Төрде шай ішіп отырған апа жаңа ғана музейде тұр еді ғой, ол бізден бұрын үйге қайдан келіп отыр? – деп сұрапты.
– Иә, ол кісі жаңа музейде тұрғаны рас. Күні бойы балалар көрсін деп тұрып, мүлдем шаршапты. Енді біздің үйге келіп демалып, шай ішіп отыр. Ол –
сенің папаңның туған апасы. Демек, сенің де апаң болады, – деді мамасы. – Ал мен сол Музей апаның қасына барсам, маған ұрыспай ма? – Жоқ. Ұрыспайды, барғын!
Үбиан Бақытжанды қарағым-шырағымдап, аймалап сүйіп, қарсы алып, еркелетіп қасына отырғызды, көшеде ертіп жүреді, ойыншықтар алып береді… Содан бастап Үбиан Музей апа атанады да кетеді.
Музей апа соғыс жылдары алты баламен жесір қалған. Соғыс жылдары, соғыстан кейінгі алғашқы жылдар ауыртпалығының барлық азаптарын өзі де, балалары да көрді. Бірақ та көштен қалып, аштан өлген жоқ. Колхоз, ағайын-туыстары, төркіндері қарасып тұрды. Оның үстіне Үбианның өзі де белді бекем буып, белсене жұмыс істеп жүріп, ептеп-септеп балаларына аштықты да, жалаңаштықты да көрсеткен жоқ. Әрине, тапшылықты мейлінше көрді.
Үлкені Сапарбай – әскерге барып-қайтып келіп, ауылда мұғалім болды. Оның үш баласы бар, одан кейінгісі Үсен де әскер қызметін атқарып қайтқан. Ол аудандағы алдыңғы механизаторлардың бірі болып есептеледі. Оның да екі баласы бар. Июньбай болса – Теміртауда озат горновой болып істейді. Оның бір баласы бар, басқа балалары студенттер. Ауылдағы үлкен екі баласының түнкелеп жапқан үш-төрт бөлмелі үйі бар, көрпе-жастықтары жұмсақ, қазан-ошақтары сай, тамақтары тоқ, киімдері бүтін, төрт мүшесі түгел…», –
деп жазады Баукең.
Аюбайдың Диқан ауылындағы қарашаңырағы әлі де сол күйі сақтаулы. Іргетасының осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қаланғанына қарамастан, үш бөлмесі де кең бұл үй қазір де тұруға жарамды. Ата ұрпақтары бұл қасиетті шаңырақты бұзбай, сол күйінде ұстап отыр.
– Атамыз бен апаларымыз дәл осы қарашаңырақта отыратын. Менің әкем мен бауырлары, одан кейін біз де осы үйде өстік. Біле білген адамға бұл үй – қасиетті әрі құтты шаңырақ. Бауыржан нағашымыз ауылға келген сайын осы үйде болатын. Кейде бір-екі апта жатып, саумал-қымыз ішетін. Сөйтіп, денсаулығын түзейтін.
Біздің қазір тұрып жатқан үйіміз бұрынғы қарашаңырағымыздың дәл жанында. Әлі де бұл үйде ас ішеміз. Кейде осында түнейміз. Қасиетті қарашаңырақ болғандықтан бұл үйде біраз жылдар жас отбасылар тұрды. Сонда бір байқағаным, бұл үйде тұрғандардың барлығы осында өсіп-өніп, мал-жаны көбейіп, кейіннен баспаналы болып кетеді. Біз осыған қуанамыз, – дейді Ербол Үсенбайұлы.
Баукеңнің жиеншарлары Ербол, Ерғали, Нұрғалидың отбасылары Диқан ауылында тұрады. Ата-апасының қарашаңырағын қасиеттеп отырған Ербол мен Дариғаның шаңырағында Нұрбол, Жаннұр, Нұрбақыт есімді үш ұл, қыздардан Гүлнұр мен Мадина тәрбиеленген. Барлығының белгілі мамандықтары, отбасылары, ұл-қыздары бар. Тек кіші қыздары Мадина білімгер. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биотехнология факультетінде оқиды.
Ербол Үсенбайұлы колхозда механизатор болып жұмыс істеген. Қазір жеке шаруашылықпен айналысады. Жұбайы Дариға Аюбаева ұзақ жылдар аудандық орталық ауруханада, 1996 жылдан аудандық емханада рентгенші болып жемісті жұмыс жасап, жақында ғана зейнет демалысына шыққан екен.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, ата жолын қуып, еңбек етіп, өз жұртының да мерейін өсіріп, түпнағашы жұртын да қастерлеген атпал азамат Ербол Үсенбайұлының шаңырағынан біз де қанаттанып қайттық. Қанаттанбай қайтеміз? Есімі исі қазаққа ұран болған Жуалының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының аунап-қунап, демалған, қариялармен әңгіме-дүкен құрған қасиетті шаңыраққа біз де табанымызды тигізіп, оның табалдырығына тәу еттік. «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген халық даналығы осы болар, бәлкім?!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.