"Көңілашар"

Батырлар аманаты – бейбітшілік

Written by Aray2005

Осыдан 74 жыл бұрынғы дәл осы сәт… Халықтың қайраты қажалған, рухы күйзелген, тағдыры күйреген. Ардақты алаштың алтын басты ұлдары түздегі төмпешікке айналған, жетім мен жесірдің көз жанары күте-күте көкжиекке байланған, аналардың ақ шашына қайғының қолымен жазылған қасіретті кез. Адамзаттың басына зілді бұлт үйірілген осы уақытта жарқ еткен найзағайдай бабалар ерлігі қара аспанды қақ жарып, жарық күнді ту етті. Ол ту қазір аманатқа адал ұрпақтың бейбітшілік байрағына айналды. Тәубә, соғыс атты сұмдықты тарихтан ғана оқитын күн туды.
«Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма,
Оңайлықпен мені өлім!» деп Қасым Аманжолов жырлағандай, қайтпас қайсар рухтың өртке салса жанбайтын өр мінез, өжет жігерінің арқасында осы күнге жеттік.
Адамзат тарихында ірілі-уақты он бес мыңға жуық соғыстар өткен екен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құрбандықтары мен алапаттығы жөнінен ең жантүршігерлігі осы Ұлы Отан соғысы болды. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1 418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін қанқұйлы соғыс жүріп жатты.
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда көзсіз ерлік көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Балтық жағалауы елдерін азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық екендігін ерлігімен тағы да мойындатты. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Мысал ретінде айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының Батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 миллион қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. «Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады… Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі», деп даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқан осы сөз келешек үшін жүрек ұранына айналды. Олардың қай-қайсысы да мәңгілік құрметке лайық.
Соғыс селдей жайылған қанды тасқын,
Апат болды басына кәрі-жастың.
Соғыс қиып өмірін жігіттердің,
Махаббатын ұрлады қарындастың.
Өлді олар еш қызық көре алмады,
Жер бетіне жас дәнді себе алмады.
Олар қайта еліне оралмады,
Күзде піскен егінді ора алмады, – деп ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, сұрапыл жылдардың жарасы әлі де толық жазыла қойған жоқ. Біз Отан үшін кеудесін оққа тосқан оғландардың ерлігін ұмытпауымыз керек. Батырлардың қайсарлығы мен қажымас қайратының арқасында келген бейбітшілікті бағалауымыз қажет. Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР