Бауырлас елдердің Бас консулдарын қабылдады

0 0

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов облыс әкімдігінде Алматы қаласындағы Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларының Бас консулдарымен кездесті. Кездесу барысына тараптардың өзара ынтымақтастығы, тығыз қарым-қатынасқа негізделген алдағы жоспарлы жұмыстары арқау болды.

Алдымен Өзбекстан Республикасының Бас консулы Аброр Фатхуллаевпен кездескен аймақ басшысы екі елдің іскерлік және достық тығыз қарым-қатынасы туралы айтып өтіп, Джизақ және Жамбыл облыстарының экономикалық байланысына айрықша тоқталды.
Өз сөзінде Бас консул екі елдің іскерлік, достық байланысын атап өтіп, әріптестік қарым-қатынас алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді. Өзіне жүктелген міндет ретінде осы бағытта аянбай жұмыс жасайтынын жеткізді. Сондай-ақ Джизақ және Жамбыл облыстарының экономикалық байланысына да тоқталып өтті. Ол өңірдегі туризм, экономика, білім, мәдениет салалары аясында қос елдің әріптестік байланысын арттыруға бейіл екенін білдірді.
Асқар Исабекұлы қонаққа жылышырай танытып, кез келген бағытта бірлесе жұмыс жасауға, арадағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар Өзбекстан Бас консулдығымен әріптестік байланыс орната отырып, ұтымды ұсыныстарға қолдау болатындығын тілге тиек етті. Өңірдегі өркенді істер мен тарихи Тараздың болмысын айшықтайтын баянды бастамалар туралы қонақты хабардар қылған облыс басшысы бұған дейін де бірлескен жемісті жобалар жүзеге асып жатқанын баса айтты.
Бұдан соң Тәжікстан Республикасының Бас консулы Назир Бахадурмен кездескен облыс әкімі екі тараптың ынтымақтастығын дамыту жолында жергілікті билік қашанда әзір екенін тілге тиек етіп, бірлесе жүзеге асыратын жобаларға барлық қолдаулар болатынын білдірді. Сонымен қатар өңірдегі оң өзгерістер туралы хабарлады.
Өз кезегінде Бас консул да іскерлік және достық қарым-қатынасты нығайтып, ауыл шаруашылық саласында бірлесе әрекет етіп, табысты тірлік етуге дайын екендіктерін жеткізді. Әсіресе жүзім, дәнді дақылдар, жержаңғақ өсіру бойынша өзара тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар жүргізу жоспарланды.
Айта кетейік, екі елдің тауар айналымы өткен жылы 700 миллион АҚШ долларынан асса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 1 миллиард доллардан асыру көзделуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.