Бауырлас ұлттар бас қосты

0 2

Жуырда Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы және Наурыз мейрамы қарсаңында көне Тараз шаһарына арнайы сапармен келді.

Түркі халықтарының мерекесіне орай ұйымдастырылған кездесуге өңірлік ассамблеяның этномәдени бірлестік басшылары, облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері мен өнерпаз жастары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері және журналистер қатысты.
Өз кезегінде жиылған қауымға «Жамбыл облыстық «Тәжік» этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен кең дастарқан жайылып, тәжік халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен сыр шертетін үлкен көрме ұйымдастырылды. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде Тәжікстанның түрлі аймақтарынан келген тәжік этносының ұлттық киімдері, кестеленген дастарқан жапқыштары, шимен тоқылған қамқа кілемдері, ұлттық жәдігерлері, қыз-келіншектерге арналған зергерлік бұйымдары, жібек матадан тігілген көрпе-жастықтары, сонымен бірге ұлттық аспаптары да жұрттың назарын өздеріне аудармай қоймады. Сондай-ақ тәжік халқының «Бесік жыры», бата беру ғұрыптары, сүмәләк, палау тағамдарын өзге этностардың рецептіне ұқсатпай, яғни өзіндік ерекше тәжіктік дәмін келтіріп дайындау тәрізді салт-дәстүрлері тамашаланды.
Елшіге ең бірінші болып қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды. Ұлттық брендімізге айналған құрт, ірімшік, бауырсақ, талқан, сүзбе, жент, қатық сияқты қасиетті 7 тағам тәжік дастарқанының төрінен орын алды. Сонымен қатар Хайрулло Ибодзода бастаған делегация түркі халықтарының жаңа жылының басты нышаны болып табылатын сүмәләк тағамынан дәм татты.
Ал аталмыш тағамнан ауыз тиген ақ жаулықты Нилуфар әже жұртқа ақ батасын берді. Тәжікстан елшісі жамбылдық тәжік бауырластарына және өңірлік ассамблеяға қарасты «Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен іс-шараға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
– Қазақстан Республикасы – Тәжікстанмен бауырлас, стратегиялық серіктес ел. Қазақстанда ассамблеяның бар болғаны – көңіл қуантарлық саясат. Мұнда 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүреді және жалпы Қазақстан бойынша әртүрлі аймақтар мен қалаларға барған кезімізде Қазақ еліндегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқандығын көреміз. Бұл өзара түсінісушілік бейбітшілік пен келісімде ортақ жол тапқан мамыражай Қазақстанның әлемдік қауымдастықта жоғары беделге ие болуына негіз сала білді, – деді ол.
Сондай-ақ облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Парида Мамедова да тәжік делегациясын бірнеше этносты бір шаңырақтың астына біріктірген Достық үйінің құрылымымен, сондай-ақ тәжік этномәдени орталығының тыныс-тіршілігімен таныстыра кетті.
– Наурыз мейрамы – барша түркі халықтарының басты мерекесі. Тәжік этносы үшін бұл мейрам сүмәләк тағамын дайындаумен ерекшеленеді. Бұл тағам адамдарға күш-жігер беріп, рухани азықты болуға зор пайдасын тигізеді деген наным бар. Әрине, бұл халықтың байырғы заманнан келе жатқан сенім-ниеті, яғни тәжік халқының салт-дәстүріне жатады десе де болады. Атап өтейік, «Тәжік» этномәдени бірлестігі облыста этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға өз деңгейінде қатысатындықтан, бұл бас қосу – халықтардың достығы мен бірлігін бекітіп, серіктестікті кеңейте түсері анық, – деді Парида Иманжанқызы.
Іс-шара барысында облыстық «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов та өңірімізде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, этнос өкілдерінің экономиканы ілгерілетуге қосып жатқан үлесі жайында кеңінен айтып өтті. Тәжікстан елшісі Хайрулло Ибодзода қорытынды сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ел саясатын жүзеге асыру үшін құрылған, әлемде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы жайында айта келе, этномәдени бірлестіктер қызметін дамытуға барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ мерекелік кездесуде тәжік халқының ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен түрлі сарындағы музыкалық шығармалар шырқалып, «Асылжан» би ансамблі қазақ халқының ұлттық биін биледі.
Іс-шараның соңы тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Алижон Шукурұлы бастаған бірлестік мүшелері мен Тәжікстан елшісінің бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етуімен аяқталды.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.