Жамбыл жаңалықтары

Бауырластық белестері

Written by Aray2005

Апта басында Қырғыз Республикасы Үкіметінің Талас облысындағы өкілетті өкілі Марат Мұраталиев бастаған делегация өңірімізге жұмыс сапарымен келді.
Меймандар Тараз қаласындағы «Достық» үйінде болып, онда Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің өнеркәсіп және ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесін аралап көрді.

Шара екі облыс басшыларының қатысуымен өткен жиынмен жалғасты. Басқосуда көршілес жатқан қос аймақтың алдағы уақыттағы ынтымақтастығы мен өзге де мәселелер талқыланды.
Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, екіжақты ынтымақтастықтың тиімді тұстарына тоқталды. Өз кезегінде сөз алған Марат Мұраталиев екі елдің рухани достығы мен іскерлік байланысын нығайта түсудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан соң хабарлама жасаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов Қырғыз Республикасынан әкелінетін тауарларға облыста сұраныстың жоғары екендігін айтты. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы бұрнағы жылға қарағанда 25,8 миллион немесе 13,5 пайызға артқан екен.
Жиында Талас облыстық мемлекеттік су шаруашылығы мекемесінің басшысы Болат Батырқұлов сөз алып, Шу, Талас өзендерінің достық арнасы екендігін, Жамбыл жеріне қажетті ағын су тиісті мөлшерде бөлініп жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында қос тарап тиімді даму жоспарларын екіжақты ынтымақтастық меморандумымен бекітті. Бұл күні екі өңірдің туризм басқармалары басшыларының арасында да келісімдер жасалды.
Сапардың соңы «Баласағұн» орталық концерт залында «Бірлігіміз жарасқан» атты Жамбыл облысы және Қырғыз Республикасы Талас облысы мәдениет майталмандарының қатысуымен өткен фестивальмен түйінделді.

Кеш барысында екі ел өнерпаздары көрермендерін ақындар айтысы, мың бұралған би және сырлы әндерімен тәнті етті.

Айжан Өзбекова

ПІКІР