Диагноз Қоғам

Бауырына БІР бүйрегін берген Руслан

Өмір кей-кезде адам баласын үлкен сынаққа салады. Сол сәтте, жаныңнан қол ұшын берер жақының табылса, көңілге демеу. Әсіресе, өмір мен өлімнің арасында жатқан бауыры үшін бір бүйрегін беріп, батыл қадамға бару екінің бірінің қолынан келмейді. Міне, сондай ерлік жасаған жанның бірі – тараздық тұрғын Руслан Куватов.

Русланның інісі Ерлан Құрманғазыұлының осыдан 11 жыл бұрын екі бірдей бүйрегі сыр береді. Оған дәрігерлер «созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі» деген диагноз қойған. Сол уақыттан бері Ерлан бүйрек ауруының зардабын тартып келген.
– Ол кезде Алматы қаласында тұрып жатқанмын. Бір күні тұмауратып, соңында ауруым асқынып, аяқ-қолдарым ісіп кеткеннен соң, жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға түстім. Содан бастап үнемі дәрігерлердің бақылауында болдым. Астанаға да барып емделіп тұрдым. Кейін бүйректің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін «фетальді жасуша» орнатты. Одан денсаулығым дұрысталғандай болған. Биыл қайта ауырдым. Ешбір дәрі көмектеспегеннен кейін, дәрігерлер бүйрегімнің әбден шаршап, істен шыққанын, шұғыл ауыстыру қажеттігін айтты. Донор іздегенімізбен бүйрек сәйкестігі тек 33 пайызға келетіндері табылды. Егер ондай бүйрек салдырсаң, оны 10-15 жылдан кейін қайта ауыстыру керек. Осылайша, тығырыққа тірелген сәтімізде бауырым мен үшін батыл қадамға барып, бір бүйрегін берді, – дейді Ерлан өткен күнді еске алып.
Негізі, дәрігерлер донорлыққа туысының бірі болса, дұрыс болатындығын бірден айтқан. Осыны естіген Руслан інісі үшін ойланбастан ота үстеліне жатады.
– Бауырымның екі бүйрегі де жұмыс жасамай, дәрінің ғана күшімен жүргенін көріп, жаным ауыратын. Бүйрегін ауыстырмаса, өміріне қауіп төніп тұрғанын естігенімде, тіпті, жанымды қоярға жер таппадым. Дәрігерлер менің ағзамды жіті тексеріп, бауырым екеуміздің бүйрек сәйкестігіміз 53 пайыз екенін айтқанда қуанышымда шек болмады. Құдайға шүкір, ота сәтті өтті. Қатты қиналдым деп айта алмаймын. Тек, інім сауығып кетсе, мен үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді Руслан.
Тараз қаласындағы Сейітхан Жошыбаев­тың жүрек ғылыми-клиникалық орталығында білікті хирург Жақсылық Досқалиевтің басқаруымен 3 сағатқа созылған күрделі ота сәтті аяқталып, бүгінде ағайындылардың денсаулығы жақсы. Ерлан өзіне екінші өмір сыйлаған бауырының ерлігіне дән риза.
Інісінің өмірі үшін тәуекелге барған Руслан да бір үйдің отағасы, екі баланың әкесі. Бүгінде Екібастұз қаласында тұратын ол гидроэлектр стансасында инженер қызметін атқарады.
Ал, екі ұлына бірдей ота жасатқан Мира Керітбаеваның қуанышында шек жоқ. Алтын қолды дәрігерлердің арқасында қос перзентінің жағдайы жақсы екенін айтады. «Екі ұлым да ота үстелінде жатқанда қатты қорықтым. Бүгінде барлығы артта қалды» деген анасы баласының отадан кейінгі өміріне алаңдаулы. Себебі, І топтағы мүгедек жігіттің бүгінде басында баспанасы да, істейтін жұмысы да жоқ. Осы уақытқа дейін ауыр дертімен арпалысқан Ерлан әйелі мен 5 айлық қызын асырау үшін анасының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ұлының келешегіне уайымдаған анасы қайырымды жандардан көмек болса дейді.

ПІКІР