Рухани жаңғыру

Баянды бағдарламаға бейжай қарамайық!

Written by Aray2005

Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша кеңес отырысы өтті. Селекторлық режимде өткен жиынға барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Кеңесте облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Серікбол Берікқожа 6 айдың қорытындысы бойынша есеп берді. Серікбол Қайратұлының айтуынша, есепті кезеңде жүргізілген мониторингке сәйкес, барлық бағыттар бойынша 59 жоба, 648 іс-шара өткізіліп, оған 271 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл шараларға жалпы 926 миллион теңге жұмсалса, оның 88 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. «Туған жер» арнайы жобасы аясында барлығы 233 607 тұрғынды қамтыған 461 іс-шара өткізіліпті. Ең көп іс-шара облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Тараз қаласы және Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында өткен.
– «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында барлығы 2 733 адамды қамтыған 24 іс-шара өткізілді. Тараз қаласы мен аудандар арасында жоба аясында облыс орталығында 14 іс-шара ұйымдастырылып, оған 1 773 тұрғын қатысса, Меркі ауданында 480 адамның қамтылуымен 3 іс-шара, Т.Рысқұлов ауданы 200 адамның қатысуымен 1 ғана шара ұйымдастырса, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарында ешқандай жұмыстар жүргізілмеген, –
деді Серікбол Берікқожа.

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Меркі аудандарын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қордай, Шу, Талас, Жуалы аудандарында іс-шараларды ұйымдастыру деңгейі төмен.
Ал «Қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшіру» арнайы жобасы аясында барлығы 21 567 адамды қамтыған 73 іс-шара өткен. Жобалық офис жетекшісі облыстық білім басқармасының және оған қарасты орта кәсіптік оқу орындары мен орта білім беретін мекемелердің белсенділігі жоғары болуы керектігін айта келіп, жоғары оқу орындарының да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда сылбырлық танытып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Тек М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуіне байланысты арнайы кабинет жасақталғаны жетістік ретінде айтылды.
Басқосуда Сұлушаш Сәтбекқызы «Рухани жаңғыру» бағыты бойынша жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айта келе, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа кітап», «100 жаңа есім», «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобалары бойынша аудандардың белсенділігі өте төмендігін, шараларға халықты қамту жағы бәсең екенін тілге тиек етті. Жиын барысында Шу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасарларын онлайн байланыс арқылы тыңдап, оларға жұмысты ширатуды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын бақылайтын арнайы маманды бекітуді тапсырды.
Жиында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова сөз алып, кейбір іс-шараларды жауапты мамандар дұрыс жинақтап, тізімді бере алмай отырғанын, сондықтан бұл жалпы көрсеткішке кері әсер еткенін мойындап, кінәлілерге жаза қолданатындарын айтты.
Жиынды қорытындылаған Сұлушаш Құрманбекова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялану деңгейіне арнайы тоқталып, осы күнге дейін 875 мақала жарық көргенін, алайда сапасы сын көтермейтін дүниелер бар екенін айтып, басқарма мен аудандардың бірінші басшылары, орынбасарлары мақаланы қызметкерге жүктемей, өздері жазуы керектігін ескертті. Сондай-ақ Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын БАҚ беттерінде жариялауда облыстық газеттердің бас редакторлары мен жергілікті телеарна директорларын белсенді болуға шақырды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР