Байқамаса, батуттан да қауіп көп

0 8

Жайдары жаз басталысымен балалар ойын алаңдарының жұмысы қыза түсті. Қазір Тараз қаласының адам аяғы көп жүретін аумақтарында түрлі аттракциондар, батуттар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Себебі кәсіпкерлер де дәл осы берекелі маусымда жақсы табыс тауып қалуға тырысады.

Алайда, байқамасаңыз батуттан да қауіп көп. Мәселен ойын балаларын еріксіз өзіне қарай тартып тұратын түрлі аттракциондар мен батуттарда қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан республика аумағында әр жылдары түрлі оқыс оқиғалар орын алуда. Мәселен бұрнағы жылы Қарағанды қаласының орталық саябағында қатты желдің салдарынан үрмелі батут аударылып, оқиға салдарынан 11 жастағы бала қайтыс болған. Сол секілді Шығыс Қазақстан облысында да батут аударылып, 5 бірдей жеткіншек жарақат алған болатын. Ал осы жылдың 28 мамырында Шымкетте 17 жастағы бала аттракционнан құлап, көз жұмды.

Міне, осындай оқыс жағдайлардан кейін қауіпсіздікті бірінші, табысты кейінгі кезекке қойған жөн болар. Сондай-ақ жоғарыда келтірген мысалдар батут бизнесіне қатаң бақылау керектігін аңғартады.

Көңілге демеу болатыны, жамбылдық бүлдіршіндер аттракциондарда, батуттарда ойнап, жазатайым оқиғаға тап болған жоқ. Дегенмен бұл біздегі ойын-сауық құрылғыларының қауіпсіз екенін білдірмейді. Қалай болғанда да оқыс жағдайлардың алдын алып, болдырмаудың амалын қарастырған жөн.

Мәселенің мәнісін білу үшін шаһардағы кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатып, олардың өз кәсібін заң талабына сай жүргізуіне жауапты Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне хабарласқанбыз. Алайда аталған бөлім басшысы Айдын Алтай ойын-сауық бизнесімен айналысушылар бөлімнен рұқсат алмайтынын жеткізді. Бірақ қазіргі таңда арнайы топ құрылып, алдағы уақытта барлық ойын-сауық құрылғыларының техникалық ақауларын тексеретіндерін айтты.

Келесі кезекте батут пен аттракциондарда қауіпсіздік ережесі қаншалықты сақталатынын кәсіпкерлердің өзінен сұрап білдік. Қазір «Жеңіс» саябағында ойын-сауық кешендерінің барлық түріне сұраныс жоғары. Ал осы батут қызметін табыс көзіне айналдырған жеке кәсіпкер Қанат Манасов қауіпсіздік ережелері толығымен сақталғанына сендірді.

– Әрине, батуттағы балалардың қауіпсіздігі өзіміз үшін қажет. Қауіпсіздікті жеке өзім және үш оператор жігіт қадағалайды. Ауа райы қолайсыз болып, жел тұрған жағдайда батут бірден жиналады. Сонымен қатар электр тогы батутты үрлеп тұрған қондырғыға жетпей жатса немесе қандай да бір ақаулар шыққан жағдайда автоматты түрде сақтандырғыш генераторы іске қосылады. Басқа да себептермен желі шыға бастаса, оператор жігіттер тез арада бүлдіршіндерді бірден сыртқа шығарады. Батутты орнату барысында қауіпсіздік үшін 12 қазық қағылып, әр қазыққа жеке-жеке 2 арқан байланған, – дейді жеке кәсіпкер.

Десе де ата-аналардың айтар уәжі басқа. Олар балаларының көңілін қалдырмай ойын-сауық кешендерінде асыр салуға рұқсат бергенімен, алаңдап отыратындарын айтады.

– Алаңдамай отырумызға ешқандай негіз жоқ. Себебі әртүрлі сайттардан, телеарналардан, әлеуметтік желілерден оқыс жағдайларды көзіміз шалып қалады. Сол себепті балаларымыз әткеншекке немесе батутқа отырған кезде өзіміз де алаңдап тұрмыз.

Сондықтан тиісті органдар батуттарды қауіпсіз ету мәселесін арттырса деймін. Жалпы балаларымды ойын-сауық кешендеріне жиі алып келмеймін. Себебі баға тұрақтылығы жоқ. Бағалар аса қымбат емес, бірақ көпбалалы аналар үшін айтарлықтай салмақ салатыны рас, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айман Зеберше.

Әрине, барлық ойын-сауық құрылғылары адам өміріне қауіпті болмауы мүмкін. Десек те сақтық шараларын күшейту оқыс оқиғаның алдын алатыны анық. Аттракциондар мен батуттардың қауіпсіздігі адам өмірі үшін маңызды екендігін естен шығармайық.

Жансая ДҮЙСЕНҚҰЛ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік

университетінің 1-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.