Sport

Байқау, байқау басты шайқау…

Жастарды жалықтыратын шаралар кімге керек?

2004 жылы Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданып, жер-жерде жастар орталықтары ашыла бастағанда қуанбаған жұрт қалмады. Расында да, егемен еліміздің ертеңі саналатын жастардың басын қосатын мекеме-кәсіпорындар керек-ақ еді. Осы тұрғыдан алғанда орталықтардың жұмысы аз уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. Дегенмен, ортақ жүйенің болмауы олқылықтардың орнын толтыра алмағаны жасырын емес. Міне, сондықтан да аталмыш мекемелердің жұмысын үйлестіру мақсатында жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма құрылып, іске кірісті.

Біздің өңірде де облыс әкімдігінің құрылымдық бөлімшесі ретінде өмірге келген жастар бас­қар­масының құзіреті кең, құрығы ұзын. Бұл тұр­ғы­да ең басты міндет – мемлекеттік жастар сая­сатын жүзеге асыру. Бір сөзбен айтқанда, облысы­мыз­дағы әрбір жаспен жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Бірақ, аты дардай мекеменің жекелеген жастар тұрмақ, жер-жердегі жастар ресурстық орталықтарының жұмысын толыққанды үйлестіре алмай келе жатқаны байқалады. Оған апта басында Тараз қалалық мәдениет үйінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйым­дас­тыруымен тұңғыш рет өткен «Үздік ресурстық орталық» атты облыстық байқауда тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.

Жалпы, жарнамасы жер жарған бұл байқауды облыстық деңгейде өтті деп айтуға ауыз бармайды. Сала қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, имиджін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара шалғай аумақта жатқан шағын ауылдағы сайыстардың деңгейінен аса алған жоқ. Оған қатысушы жастардың өзі куә. Тіпті, тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқауға Меркі, Қордай, Талас аудандары мен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұжымдары төбе көрсетпеді де.

Хош, делік. Сонымен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарындағы «Жастар ресурстық орталығы» мамандары не көрсетті? Командалар «Таныстыру», «Жоба қорғау», «Бес әзіл», «Бейнеролик» және «Жағдаяттық тапсырма» атты 5 кезең бойынша сынға түскен сыңай танытты. Байқау барысында техникалық ақаулардың көп болғанын айтпағанның өзінде, ел сенім артқан жастар ұжымдарының денінің додаға дайындықсыз келгендігі еріксіз жерге қаратты.

Кейбір үміткерлер таныстыру кезеңінің өзінде-ақ сөзден сүрініп, бас-аяғы төрт-бес шумақ өлеңдерін, тіпті қара сөзбен әзірлеген мәтіндерін жатқа айта алмай, күмілжіді. Байқауға дайындалған бейнероликтердің де бір-бірімен алмасып кетуі де жұртшылықтың зығырданын қайнатты. Микрафонның да жиі-жиі істен шығуы ұйымдастырушылардың ұқыпсыздығын аңғартып тұрғандай. Жүргізушілердің «Т.Рысқұлов ауданынан келген «Құлан» командасы деудің орнына «Құлан ауданынан келген Құлан командасы» деп жарияға жар салуы санаға едәуір салмақ түсірді. Бір мәрте айтса мейлі ғой, бірнеше мәрте қайталап көпшілік ашуын тудырды. Сауатсыздықтың тағы бір нышаны жобаны қорғау кезеңінде көзге шыққан сүйелдей байқалды. Көпшілікке экран арқылы таныстырылған кейбір жоба мәтіндерінде «жобаның мақсаты» деген сөздер «жобаның масаты» деп жазылған. Осындай орфографиялық қателерден көз сүрінеді. Сондай-ақ ұсынылған жобалардың көбінің мазмұны төмен. Логика жоқтың қасы. Мәселен, аталмыш «Құлан» командасы 2 беттен тұратын аудандық жастар газетін ашсақ деген ұсынысын ұрандата жеткізуі қай қисынға саяды? Мысалы, бір жапырақ қағаздан тұратын басылым аудан жастары тарапынан қаншалықты сұранысқа ие? Оның үстінде бұл шаруаға жұмсалатын қаржының қайтарымы бар ма? Елбасы бастамасымен «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы кең өріс ала бастағанда, ертеңгі күні болмашы бір брошюраға айналатын газеттің аудан жастарына қажеті қанша? Оның орнына заманауи үлгідегі сайт жұмысын қалыптастыруды немесе мобильдік жүктемелерді неге жүзеге асырмасқа? Әлде, оған олардың ынта-ықыласы жетпей ме?

Міне, осындай кемшіліктерге толы шараның үш жарым сағатқа созылғаны да ақылға қонымсыз іс болды. Байқаудың ортасына таяғанда залдағы көрермен жастардың жартысы бытырадай шашылып, жан-жаққа тарап кетті. Ал, ұйымдастырушылар олардың алдарынан кесе көлденеңдеп, құдды бір қой қайырғандай безек қағып жүр. Парадокс. Жастар үшін ұйымдастырылып отырған шараға жастардың өзі қызығып та қараған жоқ. Ендеше, көңілі күпті көпшілік жастарды күштеп ұстау керек пе? Жалпы, жоспарды орындау үшін ғана ұйымдастырылған байқауға жастарды алыс ауылдардан сабылтудың қажеті қанша? Сонда біз әлі бәз-баяғы сүрленген стеоротиптердің сеңін бұза алмай жүргеніміз бе? Санаға салмақ салған осындай сауалдармен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтенмен байланысқа шықтық.

– Облыстық байқауды жастар үшін стимул болсын, ынталансын, тәжірибе алмассын деп қолға алған едік. Мен шараның бас жағын көргенімде техникалық ақауларға байланысты кемшіліктер орын алды. Жүргізушілер аудан аттарын шатастырып айтып, бейнероликтер ашпай жатты. Бәлкім, көрерменді күттіріп қоймас үшін жүргізушілер дайын командаларды ертерек сахнаға шығарғысы келген шығар. Мұндай олқылықтар шараның тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғандығынан болар деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұл шараның ауқымын кеңейтіп, жастарға барынша қызықты форматта ұйымдастыратын боламыз, – деді басқарма басшысы.

Біз байқауға мүлдем қатыспаған аудандардың өкілдерімен де байланысқа шығып, төбе көрсетпеу себептерін сұрадық. Тараз қаласы мен Қордай, Меркі аудандарының жастары Ұлы Жеңіс күніндегі шараларға қатысқандықтан, дайындалуға уақыттары болмағанын айтса, Талас ауданында «Жастар ресурстық орталығының» басшысы әлі тағайындалмапты. «Дәл сол байқау өтетін күні «Адал жол» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон біздің ауданда өтті. Мамандарымыздың барлығы сол шарада жүрді. Бізге басында «Байқау 10 мамырда өтеді» деген хат келген. Біз «Мереке қарсаңында үлгере алмаймыз» деп жауап қайырғанбыз. Алайда, бізге байқаудың күні 15 мамырға ауысқаны жөнінде ешқандай хабар берілген жоқ. Сөйте тұра, облыстан байқауға бір күн қалғанда байланысып, «Дайынсыздар ма?» деп сұрады» дейді Талас аудандық «Жастар ресурстық орталығының» бөлім меңгерушісінің міндетін атқарып отырған Бақытжан Қойшыбеков.

Ал, басқарма мамандары «Байқауға қатысу туралы хатты аудандарға сәуір айының соңында жіберіп қойғанбыз» деп сендіріп отыр. Жоғарыда аталып өткен Қордай ауданындағы жастар орталығының басшысы да нақты уақытта еңбек демалысында екен. Бірақ, мекеменің басқа да мамандары бар емес пе? Мерекеден кейінгі 5 күнде дайындалуға болар еді ғой…
Хош, сонымен бұл байқауда тек бірінші орынды иеленген «Сарысу-90» командасының жігіттерін ғана жеңіске шынайы лайық деп айтуға болады. Жалпы, байқаудың сәл де болса сәнін кіргізген осы ауданның жігіттері. Ал, екінші орынды иеленген «Шу жастары» командасының басшылары да шараға келмеген. Бірақ, мамандары орнын жоқтатқан жоқ. Сол сияқты жүлделі үшінші орынды «Жуалы жастары» мен «Жамбыл жастары» командалары өзара бөлісті. Жеңімпазға ұйымдастырушы тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Әйтсе де, соңғы кездері жастарды ынталандыруға бағытталған байқаулардың көбінің осы сарында ұйымдастырылып жүргені жасырын емес. Облыстық деңгейдегі шараларды неге жастарды жалықтырмайтын, қайта құлшындыратын жаңа форматта ұйымдастырмасқа? Осы мәселені басқарма мамандары ескереді деген сенімдеміз. Біздікі сынау емес, жастарға жанымыз ашу деп түсінген абзал болар.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР