Sport

«Байқоңырдан» басым түсті

Футболдан Қазақстан бірінші лигасының екінші айналымының соңғы ойынында жергілікті «Тараз» командасы қызылордалық «Байқоңыр» командасын өз алаңында қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Біріншіліктің кейінгі турларында қарқын алған «Тараз» футболшылары жүрісінен жаңылмай келеді. 22-тур барысында «Байқоңырға» да дес бермеді. Турнир кестесінің 9-сатысында келе жатқан қызылордалық ұжым 3 ұпайды оңайлықпен ұстата қоймады. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен тараздықтар шабуылды үсті-үстіне үдеткенімен қонақтар қорғаныста жақсы ойнады. Матчтың бірінші бөлігінде «Тараз» командасының гол соғатын мүмкіндіктері өте көп болды. Дегенмен, қақпадан еш саңылау таба алмады.
Есесіне, 1-тайм түгесілер тұста тараздық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған байқоңырлық шабуылшы Аян Нұрмағанбетов айып алаңының сыртынан әдемі соққы жасап, теңбіл допты Самат Отарбаев қорғаған қақпада тулатты. Ойынның екінші бөлігінде ойынды теңестіріп қана қоймай, алға шығуды мақсат тұтқан Нұркен Мазбаевтың жігіттері негізгі күшті шабуылға жұмсады. Ол нәтижесіз де болмады. Матчтың 57-минутында Әлішер Сүлейдің асырған добын Дінмұхаммед Қараман қақпаға тура бағыттай білді. Араға 5 минут салып барып «Тараз» екінші голын соғып, есепте алға шықты. Бекзат Бейсеновтың алыстан бағыттаған соққысына «Байқоңыр» қақпашысы Нұрымжан Салайдин ешнәрсе жасай алмады. Бұл жолы да нәтижелі пас шығарған Әлішер Сүлей. Ол ойынның 55-минутында Айдос Тәттібаевтың орнына шыққан болатын. Осы орайда, бапкердің тактикасы өз жемісін берді деуге әбден болады. Ойын 2:1 есебімен қорытындыланды. Дегенмен, тараздықтар кездесу соңына қарай қанша шабуылдағанымен сәттілік жетіспеді.
22-турдың қорытындысы бойынша әлі де болса біздің командадан 1 ұпайы көп «Оқжетпес» турнирлік кестенің көш басында. «Тараз» 48 ұпаймен екінші орынға жайғасса, үшінші орында «Қыран» тұр. Олардың да еншісінде 48 ұпай. Екінші айналымның соңғы турында «Қыран» қарағандылық «Шахтер-Болат» командасына қонаққа барып, жауапсыз 4 гол соққан болатын. Ал, көш басындағы «Оқжетпес» командасы өз алаңында «Жетісу-Б» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
«Тараз» командасы біріншіліктің үшінші айналымында, яғни, 14 тамыз күні «Шахтер-Болатқа» қонаққа баратын болады. Мұнан соң 20 тамыз күні қайтадан қызылордалық «Байқоңырды» өз алаңында қабылдамақ.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР