Бәйтерек ауылындағы игілікті іс

0 8

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті 2019 жылдан бері «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облыстың шалғай ауылдарында орналасқан мектеп кітапханасын қолдау мақсатында 100 аталым бойынша электронды оқу залын орналастырып, электронды мобильді кітапхананы (100 аталым бойынша), сондай-ақ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтардың QR-коды қойылған баннерді, жаңа кітаптарды сыйға тарту жұмыстарын жүргізуде. Дәстүрге айналған іс-шара Жуалы ауданының Бәйтерек ауылындағы Т.Тастандиев атындағы орта мектепте ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында кітапханалық-ақпарат орталығының директоры Гүлжан Иржанова қатысушыларға еліміздегі кітапхана желісінің сапалы адами капиталды қалыптастыру мен қоғамдық сананы жаңғыртудағы ролін баса айтты. Сондай-ақ оқушыны кітап оқуға қызықтыру үшін сапалы кітап қоры жинақталған кітапхана және оның визуалды көрінісінің көзтартарлық болуы керектігін ескертті. Мектеп кітапханасына арнайы әкелінген кітаптардың мазмұнымен таныстырды. Соның ішінде Дулати университетінің профессоры Зиба Абдуллақызының да жеке кітап қорынан сыйға тартылған оқулықтарды көрсетті. Орталықтың ІТ маманы Сәния Өтеген қатысушыларға электронды кітапханамен жұмыс жасау нұсқаулығын түсіндірді. Мектеп директоры Гүлнар Жорабекова тосыннан жасалған игі іс үшін Дулати университеті ректорының міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлына алғысын білдірді. Себебі ауыл мектептерінің кітапханаларында көркем туындылар мен әдебиеттер тапшы. Тіпті қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз екендігін, оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейтіндігі жайында сөз қозғады.
Ал мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гульвира Алиева сауапты істің мектеп кітапханасын жаңғыртудың құтты қадамы болғандығын жеткізді.
Қазіргі ақпарат ағыны қарқынды дамыған заманда дұрыс ақпарат пен адамға рухани тәрбие беретін кітап оқу маңызды. Осы тұста кітапханашының ролі зор. Себебі алдына келген оқырманның талғаммен кітап оқуын қалыптастыратын бірден-бір тұлға – кітапханашы. Кітап пен кітапханашының ағартушылық қызметінің мәні еш уақытта жоғалмайды.

Балмира Мырзабаева,
«Рухани жаңғыру» жобалық офисінің маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.