Қоғам

«Бәйтеректегі» қуаныш

Written by Aray2005

Жиырма ғасырдан астам жауһар тарихы бар Тараз шаһарында Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесі қоныстойдан бастау алды. Басты тарту баспана болған шараға облыс басшысы Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, көпшіліктің көптен күткен қуанышымен бөлісіп, пәтер кілттерін өз қолымен тапсырды.

Ұлттық жауынгерлік рухымыз асқақтаған күні «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген «Бәйтерек» ықшамауда­нындағы 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үйлер кілті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, әлеуметтік аз қамтылғандар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне табысталды. Олардың ішінде барлығы 35 көпбалалы отбасы баспаналы болды.
–Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды. 8 наурыз мерекесіне Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тарту етілсе, 1 мамырда Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер тапсырылды. Оның ішінде 57 пәтер көпбалалы отбасына берілді. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, жұрт тағы да 80 пәтерге қол жеткізді. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлініп отыр,– деді Асқар Исабекұлы өз сөзінде.
Айта кетсек, құрылысын «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген жалдамалы көппәтерлі тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріліп отыр. Тағы бір ескере кететін жайт, «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы №62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал мереке қарсаңында ондағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды.
– Біз үшін бұл көптен күткен қуаныш. Енді міне, өз баспанамыз бар. «Отан отбасынан басталады» дейді халқымыз. Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында бұл үлкен тарту болды. Отбасымыз үшін ұмытылмайтын сәт. Сондықтан осыншама халықты қуанышқа бөлеп, ардагерлер мен көпбалалы аналарға құрмет көрсетіп отырған, ұл-қыздарымыздың өз үйінде емін-еркін өсіп өнуіне жағдай жасап, қарайласқан мемлекетіміздің саясатына, облыс басшысы Асқар Исабекұлына зор алғысымды айтамын, –
дейді жаңа пәтер иесі Динара Саипова.
Салтанатты шара соңында баспаналы болған тұрғындар облыс басшылығына алғыстарын жеткізіп, шарапатты күні шаттыққа бөлеген шаңырақтарына шашу шашты.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР