Мәселе

«Бәйтеректегі» «сақалды» құрылыс қашан аяқталады?

Written by Aray2005

Мемлекеттің, қоғамның, тіпті халықтың өркениетін өрістететін саланың бірі – құрылыс. Жиырма ғасырдың жауһары атанған көне Таразды тарихтың темірқазығы еткен де қайталанбас сәулет сиқыры. Бүгінде шаһардың шырайын тағы жүздеген жылға жаңғыртқан жаңа нысандар пайда болуда. Десек те аяқсыз қалған іс облыс орталығының ажарын ашпайтыны ақиқат. Яғни, қалада әлі күнге бітпей тұрған «сақалды» құрылыстар Тараздың да, тараздықтардың да көңілін күпті етуде. Оның бірі – «Бәйтерек» ықшамауданындағы алып құрылыс нысаны.

Қазір қаланың керегесі кеңейіп, тағы да жаңа екі ықшамаудан қосылуда. Өз кезегінде «Бәйтерек» те шаһардың шырайын ашқан жаңа ықшамаудандардың қатарында. Бірер жыл бұрын мұнда толығымен асфальт төселіп, жаяу жүрушілерге де арнайы жол жасалды. №3 мектеп лицейі бой көтеріп, ата-аналарды алаңдатқан мәселе де шешімін тапты. Бір сөзбен айтқанда ықшамауданның мәселесі кезең-кезеңімен түбегейлі оң шешімін тауып келеді. Дегенмен мұнда алғашқы қазығы қағылған күйі аяқталмай тұрған алып құрылыс көпшілікті толғандыруда. Аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан нысан екі қабатқа дейін көтеріліп, сол күйі қалды. Оның үстіне шаһардың орталығына білінбесе де, «бәйтеректіктер» екі күнде бір соғатын желге әбден үйренген. Қаланың батыс жағындағы шеткі аумақ болғандықтан жазық даладан соққан жел шаң көтеріп, шатыр ұшыру қаупі бар. Нысанның қоршауы да сан мәрте желдің жетегінде кетті.
– Осы ықшамауданда тұрып жатқаныма бес жылдан асты. Бұл құрылыс дәл біздің үйіміздің артқы жағында, тура тереземіздің алдында орналасқан. Алғашында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатты. Ел болған соң естіп, біліп, өсіп келе жатқан балаларымыздың келешегі үшін ықшамауданымыздың көркейетініне қуанғанымыз рас. Дегенмен әп-сәтте тоқтап, сол қалпы қаңырап қала берді. Ең бастысы үймен іргелес жатқандықтан бала-шаға үйір. Іші толған арматуралар. Оған қоса түнде маскүнемдер жағалап жүреді. Көршілерімізбен бірге құрылыс басында кран тұрғандықтан әйтеуір бір аяқталатын шығар деген үміттеміз. Алғашында қарауылы бар болатын. Қазір көрінбейді, – дейді тұрғын Жібек Мүсірәліқызы.
Қалай дегенмен әлеуметтік, жеке нысан болса да ең алдымен халықтың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан елдің игілігі үшін бой көтеретін кез келген нысан халыққа қауіпсіз болуы қажет-ақ.
– Бір ай бұрын көршімнің баласы түскі уақытта жүгіріп келіп, «Қызыңыз құлап қалды» деп айтты. Жүрегім ұшып, шаруамды тастай сала есік алдына шықтым. Сөйтсем қызым осы ғимараттың ішінде құлапты. Ауладағы балалар ойнап жүріп мысықты қызық көрген. Мысық солай қарай қашып кетсе керек. Артынан қуалап барған бес-алты баланың ішінде менің қызым да бар. Аяғы сымға оратылып, құлапты. Абырой болғанда сүйегі аман, тек тізесі жырылыпты. Әрине қызыма да, көршілердің балаларына да ол жаққа неге барасыңдар деп ұрыстым. Әрқайсымыз өз бала-шағамызға күнде айтып отырамыз. Ойын баласы болғандықтан ұмытып кетеді. Дегенмен ондай нысан қауіпсіз болуы қажет қой. Қоршауының әр жері ашық-шашық. Құрылыс аумағы жалпы кішкентай бүлдіршіндер тұрмақ, ересектер үшін де қауіпті. Кейде шаңқай түсте немесе кешқұрым өрімдей жастар маңайында өріп жүреді. Бір күні байқамай біреуі майып болса, кім жауап береді? – дейді тұрғын Перизат Оразбекова.
Бір ай бұрын құрылыстың №33, 32 үйлер жақ бетіндегі жазық аумаққа топырақ төгіліп, сең қозғалғандай болды. Десек те алып құрылысқа алаңдаған көпшіліктің назы да орынсыз емес. Бұл ретте сәулет және қала құрылысы бөлімі өкілдерінің де пікірін білдік.
– Расымен бұл ғимараттың бітпей тұрғанына 4 жылдай уақыт болды. Басында жерді бөлгенде нысанның иелері басқа еді. Қазір заңды түрде жаңа мердігерге берілді. Ықшамауданның жергілікті тұрғындары жылда шағым айтады. Қоршауын жел ұшырып кеткендіктен шынымен бала-шаға үшін ол нысанның аумағы қауіпті. Сондықтан біз өз тарапымыздан бұл мәселені облыстық әкімдікте де көтердік. Тиісінше мердігерден жуырда қоршауын жаңартуды талап еттік. Қазір қайтадан қоршалды. Бұл нысан сақалды құрылыстар тізімінде жүргеніне де біршама уақыт болды. Енді оның құрылысымен жаңа мердігер «Зана Тараз-су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Дәл қазір коммерциялық нысанның құрылысы тоқтап тұрған себебі, мердігер басқа құрылыс жұмыстарымен айналысу үстінде. Сол аяқтала салысымен осы ғимараттың жұмысына кірісуі қажет,-дейді Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Нұрлан Базарбеков.

Осылайша қазір алып құрылыс жаңа мердігердің еншісіне өтіпті. Қазіргі карантин жағдайы, оның үстіне экономиканың тұралауы кез келген салаға қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Жаңа мердігерлермен байланысқа шыққанымызда олардың да сырқаттанып жатқанын естідік. Дегенмен нысанның құрылысы жоспарлы түрде аяқталатынына сендіріп отыр. Құрыш қолды құрылысшылардың деніне саулық тіледік. Ендігі нәтиже алдағы уақыттың еншісінде.

Н.Серікханұлы.
Тараз қаласы

ПІКІР