Диагноз

Байыпты бағдарламаның лайықты нәтижесі

Кез келген елдің жоғары деңгейде өркендеп дамуының басты алғышарттарының бірі – халқының мықты денсаулығы. Міне, сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласының халықаралық стандарттарға сай болуына, инновациялық технологиялардың емдеу орталықтарында кеңінен қолданысқа енгізілуіне және медицина мекемелерінің білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне барынша басымдық беріп келеді.

Мемлекет басшысының ұлт денсаулығын жақсартуға деген шынайы жанашырлығының нәтижесінде, елімізде Орталық Азияда, тіпті, Шығыс Еуропа елдерінде баламасы жоқ медициналық кластер клиникалары бой көтеруде. Осылайша, еліміздің емханаларында әлемнің озық медициналық орталықтарында ғана жүзеге асатын оталар жасалып, адам өмірін ажалдан арашалап қалудың мүмкіндіктері артты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, ерекше жетістіктерге қол жеткізілді. Үкімет тарапынан осы бағытта түрлі бағдарламалар қабылданып, жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда көптеген әлем елдерінің, соның ішінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жұқпалы аурулардың ұлғаюы, жаңа технологияларды енгізу есебінен денсаулық сақтау жүйесіндегі ресурстардың артуы сынды бірқатар жаһандық қауіп-қатерлер тұр. Алдыңғы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті нығайып, нарықтық механизмдердің элементтері енгізіліп, заманауи медициналық технологиялардың трансферті жасалған болатын. Сонымен бірге «Денсаулық» бағдарламасы азаматтардың, жалпы қоғамның денсаулығын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға, медициналық көмектің сапасы мен толыққандылығын, қолжетімділігін арттыруға, тегін амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау саласындағы бейресми төлемдер ауқымын төмендетуге, заманауи, қауіпсіз медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп жатыр.
Бүгінде аталмыш мемлекеттік бағдарламаның өңірде іске асырылу барысы көңілге қонымды. Мәселен, осы жылдың 6 айында нәрестелердің өлім-жітім көрсеткіші 1 000 балаға шаққанда 8,7 пайызға төмендеген. Ал, үстіміздегі жылдың есепті кезеңінде өткен жылмен салыстырғанда туу көрсеткіші 263 сәбиге өсіп отыр. Елімізде бала өлімін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған нәрестелердің өмір сүру мүмкіндігі ұлғайған. Яғни, соңғы 5 жылда салмағы 1500 грамға дейінгі санаттағы балалардың тіршілікке қабілеттілігі жақсаруда. Бұдан бөлек, туабітті кемістіктерді уақытылы анықтау үшін генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасалуда.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы уақытта өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайтып, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамытумен қатар, аурулардың профилактикасын және басқаруды жетілдіру қолға алынбақ. Бұл бағыттағы шаралар бүгінде өз жұмысын бастап та кеткен. Осы бастамалардың аясында аймақта халықты жаппай спорттық шараларға тарту, мектептерде бірыңғай тамақтану стандарттары енгізіліп, газдалған, тәтті сусындарға тыйым салынған.
Жалпы, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 442 238 адам скрининг­тен өтіпті. Соның нәтижесінде
26 537 адамның дімкәс екені анық­талған. Бүгінде оның 16 441-і диспансерлік тізімге алынған. Қоғам­дық денсаулықты дамыту бойынша облыста балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтың алдын алу бойынша да жол картасы енгізіліп, 15-17 жастағы жеткіншектер арасында суицид деңгейі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 66 пайызға төмендеген. Биыл Тараз қаласында 1 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, өткен жылдың алты айында осындай 3 оқиға тіркелген болатын.
Қазіргі таңда медицина саласы қарқынды дамып, емханалар заманауи құрылғылармен жабдықталса да, оларды игеретін мамандар жетіспеушілігі әлі де байқалады. Дейтұрғанмен, аймақта бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жүйесін тауып келеді.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде бүгінгі күнге облысымызға 21 жас дәрігер келіп, жұмыс атқарып жатса, оның ішінде 18 маман аудандарға жолданды. Биыл келген 64 жас маманды ауылдық жерлерге тұрақтандыру мақсатында әрқайсысына 800 мың теңге көлемінде ақшалай көмек бөлініп, жалпы сомасы 51 200 000 теңге берілді. Бүгінде аталған әлеуметтік көмек 16 жас маманға рәсімделуде. Сарысу ауданына еңбек етуге барған 5 және Жуалы ауданына жол тартқан 1 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 3 маман тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие рәсімдеуде, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Сейтбекұлы.
«Денсаулық» бағдарламасы биыл жүзеге асырылу мерзімі аяқталатын «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы екендігі белгілі. Сондықтан, аталмыш бағдарламаның денсаулық сақтау жүйесін 2050 жылға дейін жоспарлы түрде дамытудың негізі болатынына сенім мол.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР