"Нұр Отан"

Байзақ ауданында «Nur Otan» партиясы филиалының кезектен тыс конференциясы өтті

Written by Aray2005

Сарыкемер мектеп-гимназиясында “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясы болып өтті. 36 бастауыш партия ұйымдарынан сайланған 141 делегат қатысқан конференцияның күн тәртібіне екі мәселе шығарылды.

“Nur Otan” партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев төрағалық еткен конференцияға облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Мейрамбек Төлепберген, аудандық партия филиалының Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, аудандық мәслихаттың хатшысы және бірқатар аудандық мекемелер мен ауыл, ауылдық округ әкімдері, партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени орталықтардың жетекшілері, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференция алдында делегаттар өкілдерінің кеңесі мақұлдаған жұмысшы органдар тізімі таратылғандығын хабарлай келе, хатшылықты, мандат және редакциялық комиссияның құрамына бекіту ұсынылып, конференция хатшылығы, редакциялық комиссияның құрамдары сайланды.

Төрағалық етуші аудан басшысы Рахматілдә Сегізбайұлы күн тәртібіндегі “Партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың партияның кезекті XVIII cъезінде берген тапсырмаларын – «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл — ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын іске асыру барысы” және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелермен таныстырып өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова баяндама жасады. Өз баяндамасын: “Ағымдағы жылдың 27 ақпанында бүгінде жалпыхалықтың сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінің өткендігін Сіздер жақсы білесіздер”, — деп бастаған Шолпан Қайратқызы партияның съезінде Елбасы, Партия Төрағасы көптің назарына, барша қоғам алдына партияның «Бақытты отбасы», «Ауыл  –  ел бесігі», «Құтты мекен» және «Халыққа көмек» жобаларын ұсынғанын, бүгінде бұл бағдарламалардың барлығы да – жергілікті тұрғындар мен халықтың аса жоғары қолдауына ие болып отырғанын жеткізді. Партиялық жобалардың мақсат-міндеттері мен осы бағытта аудан аумағында атқарылған ауқымды жұмыстарды байланыстыра баяндап берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9-ыншы маусымына Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, елімізде бүкілхалықтық үлкен саяси науқанға ресми түрде бастау бергенін алға тартып, алдағы Президент сайлауы – ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің келешегі үшін өте маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар, алдағы Қазақстан Республикасы Президенті сайлауында партия мүшелерін қолдау көрсетіп, белсенділік танытуға шақырды.

Баяндама бойынша конференция делегаттары, партия ардагері Серік Балабеков пен «Мерей» бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлбахрам Ермекова жарыссөзге шығып, ой-пікірлерін білдірді. Ал, облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Мейрамбек Төлепберген партия ұстанымы — әлеуметтік саясат екендігіне маңыз бере отырып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе — «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясына облыстық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросы қаулысымен бекітілген өкілдік нормаға сәйкес, құрамы 22 адамнан тұратын делегаттар сайланды. Кезектен тыс конференция соңында қаралған мәселелерге байланысты тиісті қаулылар қабылданған соң, конференция жұмысы партия әнұранымен аяқталды.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ

ПІКІР