Жамбыл жаңалықтары

Байзақта қордаланған біраз мәселе бар

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Бердібек Машбекұлы сапар барысында құрылысы заман талабына сай қолға алынған нысандар мен елді мекендерге тартылған инфроқұрылымдық жобалармен танысты. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтып отырған шаруалардың егіс алқабына барып, жайқалып тұрған бақша дақылдарының жай-күйін бағамдады. Өз кезегінде өңір басшысы орталық ауруханаға да атбасын бұрып, ақ халаттылар тарапынан жүргізіліп жатқан індетпен күрестің барысы және сауықтыру шараларының мән-жайына қанықты.

Бердібек Машбекұлы жұмыс сапарын Байзақ ауылында құрылысы сәуір айында қолға алынған су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің жұмысымен танысудан бастады. Жалпы бұл ауылда 6 мыңнан аса тұрғын бар. Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту үшін су жинау және тарату жүйесі Байзақ ауылынан 600 метр қашықтықта салыныпты. Ауызсу сорғылар арқылы 170 метр тереңдіктен алынады екен.
– Бұл нысанның бой көтеруі үшін қазынадан 896 милион теңгеден астам қаржы қаралған. Бүгінде оның 600 миллион теңгесі бөлінді. Құрылыс жұмыстарын келер жылдың наурыз айына аяқтау жоспарланған. Егер де қалған қаражат бүгін-ертең бөлінетін болса, жұмысты осы жылдың қараша айына дейін тәмамдауға әлеуетіміз толық жетеді. Құрылыс басында қазір 35 адам жүрсе, оның 18-і осы ауылдың тұрғыны. Оның ішінде жетеуі жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылып отыр. Болашақта су қабылдау имараттарында оншақты адамға тұрақты жұмыс орны ұсынылады. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 90-100 мың теңгені құрайды. Бүгінде ауыл ішіне су құбырын жүргізу жұмыстары да қарқын алды. Қазір 35 шақырымдай жерге су құбыры жүргізілді, – деді «Таразстрой — 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс алаңы басшысы Сапар Райымбеков.

Басты мәселе тұрғындардың таза ауызсу тұтынуы екенін меңзеген өңір басшысы техникалық қадағалаушы «Adisan» және авторлық қадағалаушы «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерінен жұмыстың талапқа сай және сапалы атқарылуы жайын сұрап, құрылыстың әрбір кезеңін бақылауда ұстауды міндеттеді. Облыс әкімі аталған ауылдағы көше-көшеге тартылған орталықтандырылған су құбыры желілері мен әрқайсысының ұзындығы үш шақырымды құрайтын үш көшеге асфальт төсеу жұмысымен де танысты. Өңір басшысы мердігерлерге құрылыс жұмыстарын ертерек әрі сапалы етіп аяқтау қажеттігін ескертті. Ауыл тұрғындарымен тілдескен облыс басшысы олардың көше бойымен өткен ауызсу құбырына қосылуы үшін әрқайсысы 33 мың теңге қаражат төлегенін білді. Өз кезегінде облыс әкімі кей үйлерде су құбыры үй іргесіне дейін келіп тұрса, енді бірінде 60-70 метр қашықтықтан құбыр тартуына тура келетінін аңғарып, су жүйесіне қосылу нүктесін қалдырудағы олқылықты сын тезіне алды.
Жаңатұрмыс ауылдық округі Көкбастау ауылында бұрын мәдениет үйі болмаған екен. Қазығы мамыр айында қағылған мәдениет үйінің құрылысын «Бер-Нұр-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Мұндағы құрылысқа 40 шақты адам тартылған. Көкбастаулықтардың көз қуанышына айналғалы тұрған нысан 90 орындық көрермен залы, кітапхана, киім ілгіш бөлмесімен және санитарлық тораппен қамтамасыз етіледі. Алайда жобалаушылар мұнда үйірме бөлмелерін салу жағын ойластырмапты. Облыс әкімі бұл тұрғыдан аудан әкімі Нұржан Нұржігітовке ескерту жасады.
– Білдей мәдениет үйінде үйірме бөлмелерінің болмауы таңғалдырады. Үйірме балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, олардың бойындағы дарынды ашу үшін қажет. Сондай-ақ ғимаратқа ауызсу жүйесін тарту да қарастырылмаған. Жобалық-сметалық құжат жасағанда осындай мәселелер ескерілмеген, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан кейін облыс әкімі осы ауылдағы Амангелді атындағы орта мектепке бас сұқты. Бұл білім мекемесінің оқу ғимараттары мен спортзалы бөлек-бөлек орналастырылыпты. Өңір басшысы мектеп мұғалімдерімен тілдесіп, жаңа оқу жылына дайындықтың жайын сұрады. Өткен оқу жылында мектепті 11 бала бітірсе, биыл бастауыш сынып табалдырығын 30 бала аттайтын көрінеді. Орайы келгенде Бердібек Машбекұлы бастауыш сынып оқушыларын бір сыныпта 15 баладан асырмай, барынша санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі тәсілмен оқытуды ұсынды.
Жаңатұрмыс ауылындағы су құбырлар желісінің жұмысымен танысқан облыс әкімі мердігер «Тараз прогресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің татымды тірлігіне тәнті болды. Өйткені сапалы, әрі тиянақты жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысына 150 адам жұмылдырылған. Оның 70-і Жаңатұрмыс ауылынан, олар құрылысқа аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы келген. Су ғимаратында жиналуы тиіс таза ауызсудың көлемі де көңіл көншітеді.
Бұдан кейін облыс әкімі Түймекент ауылына барып, ондағы 18 гектар көкөніс алқабын аралады. «Ақжар» шаруа қожалығына үш отбасы бірігіп, бақша дақылдарын өсіріп отыр. Екі гектарға егілген қауын-қарбыз жиналып қойған. Шаруалар 10 гектар қызанақтың 1 келісін алқап басынан 180 теңгеден өткеріп жатыр. Бұдан бөлек қырыққабат, қияр сияқты көкөністер де жайқалып тұр. Тамшылатып суару технологиясы арқылы су үнемдеп отырған диқандардың жұмысына өңір басшысы табыс тіледі.
Түймекент ауылдық округіндегі Түймекент орта мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Іргетасы 1967 жылы қаланған бұл білім мекемесі 624 орындық болғанымен, қазір мұнда 1120-ға тарта оқушы екі ауысымда оқиды. Бүгінде мектептегі оқу бөлмелерінің едендері мен есіктері жаңасына ауыстырылып, іші-сырты толық әрленуде. Десе де Бердібек Машбекұлы ғимараттың негізгі кіреберіс қас бетін білім мекемесі екенін айқындайтындай етіп безендіру қажеттігін ескертті. Бұдан кейін «Денсаулық» саяжайы маңындағы Талас өзені жағалауын нығайту жұмыстарымен танысты. Өзен арнасына жақын орналасқан елді мекендерді су шайып кетпес үшін «Гидрология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұзындығы 800 метрлік дамба тұрғызған. Мұндағы тірлікті де тиянақты әрі уақтылы атқару жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктелді.
Облыс әкімі Сарыкемер ауылындағы аудандық жастар ресурстық орталығына да барды. Кездесуде өңір басшысы жастарды індетпен күресте белсенді болуға шақырып, ерікті түрде қайырымдылық іспен айналысудың ұрпақ үшін тәлімі мол екенін, халық үшін қайырымдылықтан қол үзбегенін жеткізді.
Сонымен қатар облыс әкімі Бәйтерек ауылында 3 баланың анасы Н.Юлдашеваға асарлатып салынып жатқан баспанасына бас сұқты. Үш бөлмелі үйдің қабырғасы қаланып, шатыры жабылғанымен, әлі әрлеу, сылау, есік-терезе салу жұмыстары бар. Құрылыс материалымен демеушілер қамтамасыз етіп жатқан көрінеді. Өңір басшысы асарлатып салынған үйдің құрылысы көзге оғаш көрінбеуін, мұнтаздай әрі қыста жылы болуын қатаң тапсырды. Сондай-ақ Сарыкемер ауылындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияның ішкі санитарлық торабын ағымды жөндеуден өткізу жұмыстарымен де танысты.
Облыс әкімі аталған аудандағы жұмыс сапарын аудандық орталық аурухана дәрігерлерімен кездесумен қорытындылады. Аудандық орталық аурухана індеттің кең етек алуына байланысты осы айдан бастап, провизорлық деңгейде қызмет етуге көшіпті. Аталған медицина мекемесінің жай-күйімен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков таныстырды. Мұнда 21 дәрігер мен 104 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Бүгінде аурудың таралуы бәсеңсігенімен босаңсуға болмайды. Ауруханада өкпені жасанды желдету аппараттары жетіспейді және компьютерлік томография аппараты да жоқ. Ең негізгі мәселе медициналық мекемеде қайтыс болған адамдарды сақтайтын мәйітхананың болмауы болып тұр.
– Бүгінгі таңда біз өкпені жасанды желдету аппаратын мемлекет есебінен де және демеушілер арқылы алу мәселесін ойластырып жатырмыз. Өйткені ең бірінші жағдайы ауыр науқастарды аппараттармен қамтамасыз етуіміз керек. Әрбір ауданға бір-бір компьютерлік томография аппаратын алып беру жағы да қарастырылып жатыр. Себебі бірде-бір ауданда мұндай қондырғы жоқ. Облыс бойынша небәрі 10 компьютерлік томография аппараты болса, оның екеуі ғана мемлекеттік мекемеде. Қалғаны жеке меншіктегі медициналық ұйымдардың балансында. Магниттік-резонанстық томографияны айтпағанда, КТ міндетті түрде барлық аудан орталығында болуы керек. Қазір облыс бойынша бір айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры болғанымен, «СК-Фармация» компаниясымен жасаған келісімшарт бар. Олар алдағы бірер айда дәрі-дәрмекпен толық қамтитын болады.
Байзақ ауданында індет жұқтыру көрсеткіші өршіп тұр. Олардың дені зейнеткерлер. Өткенде бір зейнеткер өзі індетке шалдыққанымен қоймай, сегіз адамға жұқтырды. Сондықтан, құдалық, той, жаназа, ас беру секілді жиындарға баруды тоқтатпасақ, індет тарала береді. Қанша жерді көріп жүрміз, білдей бір ауданда мәйітхана болмау деген ақылға сыймайды. Жаңадан салынып жатқан мәйітхана аудандық ауруханаға қарайтын болсын. Сол жерден марқұмды мамандар арнайы қорғаныс киімін киіп, жуып-шайып, жерлеуге алып барсын. Қабірдің басынан жаназасы шығарылып, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі қатаң талапты сақтай отырып жасалуы керек. Тұрғындарға бұл індеттің қауіптілігі үшін жасалып жатқан шара екенін түсіндіру қажет. Індеттен көз жұмған адамның сүйегіне түсу, жаназаны үй жағдайында шығару қауіпті.
Тағы бір айта кетерлігі жедел жәрдем мәселесі де қазір шешімін таппай тұр. Олар қызметін аудан тұрғындарына ұсынады. Мәселенің барлығы ауданда. Бірақ жедел жәрдемнің бағынышты мекемесі Тараз қаласында орналасқан. Осының барлығын реттемесе болмайды, – деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы аудандық емхананың індетпен күрес жөніндегі жұмысын осы мекеменің бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі қызмет басшысы Гүлнар Маханбаевадан сұрап білді. Керекті мәліметке қаныққаннан кейін медицина қызметкерлері мен аудандық әкімдік өкілдері бірлесіп жұмыс істеуін, жұрттың карантин талаптарын сақтауын, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы мен көтерме жәрдемақысын уақытылы алуын баса айтты.

Нұрым Сырғабаев

Байзақ ауданы

ПІКІР