Қоғам

Байзақта қордаланған біраз мәселе бар

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ ауданында жұмыс сапарымен болып, аймақтағы бірқатар кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ өңір басшысы жергілікті тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп, халықты әлеуметтік қолдау шаралары, бизнес құрылымдарын мемлекеттік қолдау тетіктері сынды мәселелерді жан-жақты талқылады.

Облыс әкімінің аймаққа сапары Қызыл жұлдыз ауылындағы «Рола 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. 11 жылдан бері макарон өнімдерін шығарумен айналысып келе жатқан кәсіпорында 27 өнім түрі шығарылады. Өткен жылы «Рола 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 536 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Алайда экспортта жоғары сұранысқа ие макарон өндірісін жолға қойған кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыруға кедергі келтірген жайттар да бар.
– Қазіргі таңда «Рола 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріске қажетті шикізаттың 85 пайызын Солтүстік Қазақстан облысынан алады. Оған қоса кәсіпорын 50-60 пайыздық жүктемемен ғана жұмыс жасауда. Ал оны 80 пайызға дейін көтеру үшін ешқандай қаржылай қолдау шаралары қажет емес. Тек шикізатпен қамту мәселесін шешу керек. Облыс шеңберінде макарон цехына қажетті шикізатпен қамтуға мүмкіндігі бар агроқұрылымдар жеткілікті. Мұнда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өндіріс ошақтары арасында байланысты жолға қоя білген жөн. Бұл жұмысты аудан әкімдігі өз деңгейінде ұйымдастыра алмай келеді. Мәселен, «Рола 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі шығынның 20-30 пайызы шикізат тасымалына жұмсалуда. Оған қоса кәсіпорынға жаңадан келген инвесторлар электр энергиясы мен газ бағасын төмендету, артық шығынды субсидиялауды сұрауда. Аудан әкімдігі өз құзыры шеңберінде электр энергиясын тасымалдаушылар қызметін ең төменгі деңгейге дейін төмендеткен жағдайда қалған соманы субсидиялау тетігін қарастыра алады. Дәл осы секілді кәсіпорындардағы өңдеу ісін жолға қоюға кедергі болып отырған өзекті мәселелер жақында қабылданатын қарапайым заттар экономикасының жол картасына енгізіледі. Сәйкесінше оны шешу алгоритмі де осы картада мұқият қаралады, – деді Асқар Исабекұлы.

Өңір басшысы аудан әкімі мен салалық басқармалар, тиісті мекеме жетекшілеріне өңдеуші кәсіпорынды шикізатпен тұрақты қамту, электр энергиясы мен газға жұмсалған шығындарды субсидиялау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сәйкесінше кәсіпорын құрылтайшысы Марат Қасымбекұлы шикізатпен қамтуды жүйелеу арқылы өндірістік әлеуетті 2 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін айтады.
Мұнан соң облыс әкімі бастаған топ «М.Есенбаев» жеке кәсіпкерлігінде болды. Тәулігіне 8,5 тонна өсімдік майын өндіретін бұл кәсіпорында да шикізатпен қамту мәселесі қос бүйірден қысып тұр. Жеке кәсіпкер өсімдік майын өндіру үшін қажетті күнбағысты Шығыс Қазақстан облысынан, ал мақтаны Түркістан облысынан тасымалдауға мәжбүр.
– Тәулігіне 8,5 тонна өсімдік майын өндіру үшін 40 тонна шикізат жұмсалады. Тұрғындар арасында күнбағыс майына сұраныс өте жоғары. Алдағы уақытта өндірістік қуатты 2 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізге шикізаттың мол қоры керек, – дейді «М.Есенбаев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Болат Маратұлы.
Осы орайда өңір басшысы Асқар Исабекұлы салаға жауапты мекеме басшыларына облыстағы өсімдік майына сұраныстың көлемін зерделеуді, жеке кәсіпкерге қажетті шикізатты жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көмегімен әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Кооператив – ауыл тұрмысын түзеудің таптырмас тәсілі

Темірбек ауылдық округіндегі «Көк жайлау» шаруа қожалығының жұмысымен танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов әрбір ауылда кооператив құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл іске салалық басқармалардан бөлек, қаржы институттарын да көптеп жұмылдыруға шақырды.
– «Көк жайлау» шаруа қожалығы 2017 жылдың қыркүйек айынан өз жұмысын бастады. Қазір қаржылай қолдау шаралары бойынша «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамына өтініш берілді. Бұл қаржыға Франциядан ірімшік өңдейтін құрылғы алу келісіміне қол жеткізілді. Несие алуға кепілдік те дайын, – деді қожалық жетекшісі Бақтияр Баратов.
Алайда сүт бағытындағы ірі агроқұрылымды дамытуды көздеген бизнес жоспармен жауапты басқармалар мен ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын қаржы институттары таныс болмай шықты. Бұл мәселенің өзектілігін ескерген өңір басшысы облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаевқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің даму жоспары енгізілетін ортақ мәліметтер базасын әзірлеуді тапсырды.
Жұмыс сапары барысында көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі де назардан тыс қалмады. Ең алдымен облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Үлгілі-2005» шаруа қожалығындағы пияз егу жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін «Бірлік-Түймекент» ауыл шаруашылығы кооперативінде болған аймақ басшысы бұл құрылымдардың бүгіні мен болашағын жан-жақты талқылады. Бүгінде кооперативке елді мекендегі 4 ірі шаруа қожалық тәулігіне 600 литр сүт өткізеді. Кооператив мүшелері жақында ғана Ресейден сүтті қайта өңдеуге қажетті құрылғылар мен техникалар алдырған. Сол арқылы мұнда шикізат тапшылығына байланысты 2015 жылдан кейін тұралап қалған йогурт, қаймақ сынды сүт өнімдерін өндіру ісі қайта қолға алынбақ.
– Кооператив мүшелерінің иелегінде 405 сауын сиыры бар. Оған қоса Көделі жайлауында да біраз шаруалар біздің кооперативке сүт өткізуге ниет танытып отыр. Біздегі 1500 литрлік арнайы автокөлік шалғайдағы малды ауылдардан сүтті тасымалдауға жарап тұр. Алдағы уақытта сүттің мол қорына қол жеткізу үшін 40 сауын сиырын алу жоспарланып отыр, – деді «Бірлік-Түймекент» ауыл шаруашылық кооперативінің төрайымы Марина Байжарықова.
Алайда өңір басшысы агроқұрылым жетекшісінің бұл жоспарын кооперативті құрудағы, оның жұмысын жолға қоюдағы негізгі мақсатпен үйлеспейтіндігін айтып, ауылдағы ұсақ шаруаларды біріктірудің мән-мазмұнын жете түсіндіріп берді.
– Кооператив құру оның негізін қалайтын бірнеше шаруа қожалықты мемлекеттік қолдау көрсету арқылы олардың табысының еселенуіне жол ашу емес. Бұл ең әуелі ауылдағы ұсақ шаруаларға мүмкіндік беруге, ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталып отырған бастама. Мәселен, «Бірлік-Түймекент» ауыл шаруашылық кооперативін шикізатпен қамтамасыз етуге қабілетті ұсақ шаруалар бар. Осы Түймекент ауылының өзінде 1000-ға жуық аула есепке алынған. Олардың көбі мал шаруашылығымен айналысады. Демек, ауылдықтар ауласындағы бір-екі сиырдан сауылған сүтті кооперативке өткізу арқылы табыс тауып отыр. Бұл жағдайда сіздерге қосымша сауын сиыр алудың қажеті қанша? Одан соң азын-аулақ малымен кооператив мүшесі деп танылған ұсақ шаруалар күні ертең төрт түлікті жем-шөппен қамтуда көп көмек алады. Есесіне ол есік алдындағы жерге мал азықтық дақылдың орнына бақша дақылдарын егеді. Соның өзімен ауылдықтардың тұрмысы түзеледі. Осы орайда аудан, ауыл әкімдері кооператив құрудағы осы мақсатты басты назарында ұстауы қажет, – деді Асқар Исабекұлы.

Мәдениет үйлері ақпараттық орталыққа айналуы тиіс

Өткен жылдан облыс әкімінің бастамасымен елді мекендердегі мәдениет үйлерінің жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында онда ақпараттық орталықтар ашу ісі қолға алынғаны мәлім.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ ауданына жасаған жұмыс сапарында осы шаруаның аяқ алысымен танысу мақсатында Диқан ауылының мәдениет үйінде болды. Онда ашылған цифрландырылған ақпараттық орталық әзірге «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін 18 қызмет түрін ұсынып келеді. Дегенмен бұл орталықтағы ақпараттық сайт арқылы тұрғындар ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, жалға беру ұсыныстары, жұмыспен қамту, білім, денсаулық салаларына қатысты мәліметтерге қол жеткізу мүмкіндігін өз деңгейінде пайдалана алмай отыр. Облыс әкімі салалық басқарма басшыларына бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіруді тапсырды. Айта кету керек, өткен жылы облыс аумағында осындай 71 ақпараттық орталық ашылған еді. Ағымдағы жылдың соңына дейін елді мекендерде тағы да 71 орталық есігін көпшілікке айқара ашады деп күтілуде.

Халық тұрмысын тіктеу – басты назарда

Облыс әкімінің Байзақ ауданына жұмыс сапары түс ауа Сарыкемер мектеп-гимназиясында аймақ тұрғындарымен кездесумен жалғасты. Өңір басшысымен болған жүздесуде байзақтықтар сан түрлі сала бойынша көкейде жүрген сауалдарына тұшымды жауап алды. Мәселен, аудан тұрғыны Сәбит Айтбаев аудандық емхана ғимаратының таршылық ететіндігін тілге тиек етсе, Сарыкемер ауылының тұрғыны Ермек Серіков елді мекенді ауызсумен қамту мәселесін көтерді. Сондай-ақ аудан тұрғындары жастар жұмыссыздығын азайту, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту туралы ұсыныстарын ортаға салып, аудан, ауыл әкімдіктері тарапынан құрылыс, инфрақұрылымдар тарту жұмыстарына бақылаудың жоқтығын сын тезіне алды. Аудан тұрғындарының сауалына жауап қатқан облыс әкімі олардың өзектілігіне қарай уақыт оздырмай шешілетіндігіне баса назар аударды.
Сондай-ақ аймақ басшысы өңірде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 70-80 пайызының ауылда тұратынын атап өтіп, олардың мәселелерін шешуде тек жәрдемақыға иек артпай, өзге де мүмкіндіктер қарастырылатындығын айтты.
– Бір ғана кооперативтер құру арқылы ауыл халқын көптеп жұмыспен қамтуға болады. Бүгінгі жұмыс сапарым барысында аудандағы бірқатар кәсіпорындарда шикізат жетіспейтіндігін байқадым. Жаңадан құрылатын кооперативтер сол кәсіпорындардың қажеттілігін өтеу бағытында жұмыс жасайтын болса, мол табысқа кенелер еді, – деді Асқар Исабекұлы.

Кәсіпкерлік кедергісіз ортада қанат жаяды

Облыс басшысының Байзақ ауданына жұмыс сапары аудан әкімі ғимаратында кәсіпкерлермен, шаруа қожалық жетекшілерімен кездесумен аяқталды. Бұл жиында өңірдегі шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселелер мұқият талқыланды.
Кездесу барысында аудандағы «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Наурыз Қаржауов былтырғы қызылша үшін төлемақыға әлі күнге қол жеткізе алмай келе жатқанын айтып шағымданды. Қожалық жетекшісі сондай-ақ стратегиялық дақылды күтіп-баптағандарға берілетін субсидиядан да қағылған. Ал «Қаз Эко Фрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жылдан бері алма баққа қажетті электр энергиясына қол жеткізе алмай жүр. Мұндай мәселе «Арал» шаруа қожалығында да бар. Кәсіпкерлердің базынасын мұқият тыңдаған облыс әкімі аудан әкімінің салалық орынбасарын, бөлім басшыларын, аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысын тұрғызып, өз тараптарынан аталған мәселелерді шешуге қатысты нендей жұмыс атқарылғанын сұрады. Алайда олардың бірде-бірі жергілікті биліктің өкілі ретінде кәсіпкерлердің жанайқайына құлақ түрмеген екен. Аудан экономикасына мол табыс әкеліп, тұрғындарды жұмыспен қамту тетігін жолға қоюды мақсат еткен кәсіп иелеріне жергілікті биліктің көзқарасы облыс әкімінің көңілінен шықпады. Сәйкесінше жиынды қорытындылаған өңір басшысы ендігі кезекте аудан әкімдері жұмысын бағалаудың негізгі индикаторларына тоқталды.
– Аудан әкімдерінің жұмысы, ең әуелі, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуден көрінеді. Мұнан соң аудан басшысы аймақтағы өндіріс орындарының жай-күйімен, олардың өндірістік қуатын арттыруға кедергі болып отырған жайттармен таныс болуы керек. Үшіншіден, қарапайым заттар экономикасын ұйымдастыруды жолға қоюы қажет,– деді Асқар Исабекұлы.
Кездесу соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандағы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларына жауапты басшылардың жұмысындағы салғырттық аймақ экономикасының дамуына тежеу болып отырғанын сын тезіне алып, аудан әкіміне бұл түйткілдердің шешімін уақыт оздырмай табуды тапсырды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Байзақ ауданы

ПІКІР