Байзақта құрылыс қарқынды

0 1

Әлемдік пандемиядан кейін экономика ғана емес, спорт сынды салалар да үлкен өзгеріске ұшырайтыны анық. Оны бүгінде жаһанда орын алып отырған жағдай анық аңғартуда. Десе де, елімізде спорт саласында жанданып жатқан құрылыс нысандары аз емес. Солардың бір легі Байзақ ауданында тетігін табуда.

Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, өлкеде мемлекеттік бағдарламалар аясында жанданып жатқан 173 жобаның 20-сы спорт саласына қатысты екен. Олардың ішінде жаңа нысандармен қатар, күрделі және ағымдағы жөндеу жобалары бар.
Атап айтсақ, ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Байзақ және Бурыл ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы қарқынды жүруде. Екі жобаға 595 миллион теңге қарастырылған десек, Сарыкемер ауылының орталық стадионы 55 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтуде.
Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 10 шағын футбол алаңшасы мен стрит воркаут алаңдары бой көтеріп жатса, құрылыс жұмыстарына 87,8 миллион теңге қаралып отыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 8 жоба енгізілсе, оған 65 миллион теңге бөлінген.
Сонымен қатар «Менің Елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынып жатқан шағын футбол және стрит воркаут алаңшасы пайдалануға берілетін күн жақын. Жобаның құны – 55 миллион теңге.
Міне, осындай ауқымды жобалардың нәтижесінде биыл Байзақ ауданында бұқаралық спортты жанына серік еткендердің саны 31,4 пайыздан 33 пайызға өседі деп күтілуде. Бұл бұқараның салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, елді мекенде үлкен спорт додаларын өткізуге мүмкіндік туғызады деген сөз.

С.Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.